"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

АНА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

«Алып анадан туады» деген қазақ тәмсілі бар. Батырды дүниеге әкелген абзал ана жайлы естелікпен бөлісіп, алтын құрсақты ананың рухына тағзым жасауды жөн көрдік. Ол — Сәпен Тұрлыбаева.
1940 жылы шежірелі Шалқар өңірінде туып-өскен Сәпен Елшібайқызы ғұмырында он баланы дүниеге әкеліп, жетеуін ешкімнен кем қылмай ел қатарына қосып, батыр ұлды тәрбилеп шығарған. Ол туралы кейінірек әңгіме өрбітеміз. Алдымен батыр ана жайлы естеліктерді еске алсақ.
Сәпен Тұрлыбаева 1984 жылы 20 сәуірде КСРО Жоғары Кеңесі президиумының атынан Қазақ КСР Жоғары Кеңесі президиумының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010 жылы 29 наурызда «Алтын алқа» иегері атанды. Ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған батыр ана көзі тірісінде мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сәпен Елшібайқызының өмірлік ұстанымы балаларын адалдық пен еңбекке тәрбиелеу болды. Ол өзінің мақсатына жетіп, өмірлік жолдасы Қойбағармен үлгілі, өнегелі отбасы болып ғұмыр кешті. Қойбағар ата — өз уақытында жоғары білімді, үкімет жұмысына араласқан тұлға. Әйтсе де отбасына көңіл бөлуді әсте есінен шығарған жан емес еді. «Адам өмірінің ең басты құндылығы — саналы ұрпақ тәрбиесі» деп отыратын батыр ана көзі тірісінде балаларын жастайынан үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйретті. Балалық шақтағы тәрбие мен ата-ана өнегесі өмірдің қай белесінде де бала үшін маңызды екенін түсінген ол:
— Баламның кішкентай кезінен жасаған әр ісіне жауапкершілікпен қарадым. Бала — отбасының айнасы. Бала дұрыс тәрбие алмаса, отбасының берекесі болмайды. Балаларымның үлкені кішісін қолтығынан демеп, адам қылды. Қазір олар бір-бірінің балтыры сыздап, басы ауыра қалса, жан ұшырып көмекке келеді. Менің өмірлік тәжірибеден түйгенім, баланы кішкентай кезінде істеген қылығына соншалықты бауырың езіліп, өбектей бермеу керек екен. Өз басым, балаларымды айналып-толғануға уақыт таппадым. Ұл-қыздарым өмірдің жақсысы мен жаманы, жоқшылығы мен тоқшылығы бірге жүретінін жақсы түсінеді. Қиын сәттерде өздері ұтымды шешім қабылдап, оңтайлы ой айта біледі. Негізінде, баланы жоқ пен бардың ара жігін ажырата білуге тәрбиелеудің маңызы өте зор. Өмірдің мәні мансаптың қызығын көріп, ақшаның буына мастану емес. Тіршіліктің бар мәні — қиындықта. Балаңды қолтығынан сүйеп, баланың қуанышына қоса қуану керек, — деп отырушы еді абзал ана көзі тірісінде.
Бүгінде ананың осы өсиетін жадыларына өшпестей жаттаған ұл-қыздары өнегелі отбасынан алған тәрбиені өздерінің балалары мен немерелеріне үйретіп келеді.
— Отбасы — құндылықтың негізі десек, өз отбасында қадір-құрметке бөленіп, аймағының ардақтысына айналған аяулы анамыз үшін бақыт дегенің — төрт құбыласының түгелдігі еді. Он баланың анасы атанып, жетеуін қатарға қосып, батыр ана атанған Сәпен анамыздың еңбегі ерліктен кем түспейді, — дейді ұлы Дәурен Тұрлыбаев.
Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, артындағы ұрпағына өнегелі тәрбие мектебі бола білген Сәпен Елшібайқызы 83 жасында дүниеден озды.
Сәпен Тұрлыбаева көзі тірісінде батырдың анасы атанды. Алтын құрсақты анадан алтын асықтай болып туған батыр ұлы жас кезінде намыс үшін кеудесін оққа тосқан, жауына қасқайып қарсы тұра білген, әке сенімін жықпай, ана үмітін ақтай білген Серікбай Тұрлыбаев еді.
Серікбай Қойбағарұлы Отан алдындағы абыройлы міндетін орындап, 1983 жылы Ауғанстан демократиялық республикасының топырағында он тоғыз жасында оққа ұшты. Сол кезде де аяулы ана Сәпен Елшібайқызы ер жүрек ұлын әскерге аттандырып, табытпен оралғанда қайғыны езілмей, қасқайып тұрып қарсы алған еді. Ол көзі тірісінде тағдырдың салғанына көніп, батыр ұлының балаң кезін жиі еске алды. «Кішкентайынан маңдайыма біткен жұлдызым еді. Өзі спортты жаны сүйетін. Жігерлі, өжет болып өсті. Мектеп бітірген бойда Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек етті. Әскерге де азаматтық борышын орындауға аттанды. Бала кезіндегі қайсарлығы, жігерлігі мен өрлігі оны майдан даласына алып барды. Алайда намысын жақпады. Ерлігін көрсетті. Ол тек өзінің емес, күллі қазақ ұлтының ұландарының намысты екенін дәлелдеді. Майдан даласынан келген хаттары көңіліме медеу еді. Әрдайым «Күзетте тұрмын», «Аманмын», «Елге, ағайын-туғанға сәлем айтыңыз» деген қысқа хаттары секілді, өзі де қыршын кетті», — деп отыратын абыз ана.
Бүгінде Серікбай Тұрлыбаевтың Дөң ауылындағы үйіне меморалды тақта орнатылып, сол ауылдағы үлкен көшегі аты беріліп, орталыққа ескерткіш тақта қойлып, батыр рухына кейінгі ұрпақ тағзым жасайды. Бұл істер де көзі тірісінде батыр ана Сәпен Тұрлыбаеваның көңіліне медеу болды. Десе де ана жүрегі ұлының батыр атағын ала алмағанына қапалы күйде тоқтады.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмайды» деген дана халықымыз. Батыр ұлдың ерлігі алдағы уақытта да еленіп, мемлекеттік деңгейдегі марапаттар туғандарына табысталар деген сенімдеміз.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ