Еліміз бойынша адам паппиломасы вирусына қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Адам паппиломасы вирусын жұқтыру әсерінен жатыр мойын обыры мен вульва және көмей мен ауыз қуысының қатерлі ісігін тудыру мүмкіндігі жоғары. Ең қиыны дәрігерлер бұл аурулардың емі жоқ екенін айтып дабыл қағуда. Құтылудың жалғыз жолы – вакцинация.
Жалпы АПВ дегеніміз – әлемде өте кеңінен етек жайған шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының терминологиялық атауы. Аталмыш вирустың 190-нан астам түрі белгілі. Олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісік ауруларына әкеп соғады. Сол себепті жұқпалы аурулардың алдын алу үшін ағзаны иммундау шешімі қабылданды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйене отырып, 11-13 жастағы қыз балаларға екпе салу арқылы аталған аурулардан қорғау жұмыстары жүйеленді. АПВ-ға қарсы вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігіне кепіл болатын денсаулық сақтау минстрлігі әлемдік стандарттарға жүгінді.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Индира Аяғанованың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінің 17 қыркүйектегі қаулысына сәйкес аталған жастағы қыз балаларға екпе салу жұмысы басталып кеткен.
– Жалпы аудан бойынша 11 жаста 390 қыз бала болса, 12-13 жастағы 798 қыз балаға екпе салу жоспарлануда. Қазіргі таңда, вакцинацияның алғашқы кезеңінде 104 қыз бала екпе алып үлгерді. Бұл екпе иыққа, бұлшық етке салынады. Екпе салу аудандық ауруханала және мектептердегі егу бөлмелерінде жүргізілуде. Бастысы барлық екпе ата-аналардың рұқсатымен жүзеге асуда, – деді ол.
Айта кету керек, кез келген вакцинация, соның ішінде АПВ екпесі ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін ғана жасалады.