"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛҒАН КҮН

Ауданда өткен жылы атқарылған жұмыс жоспарын қорытындылау мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов пен кеңес мүшелері арнайы келді.

Сапар аясында кеңес мүшелері өңіріміздегі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Грецкийдің үйіне соғып, ғасыр куәгерін мерейлі 100 жасымен құттықтады.
Серік Шаңғұтов қарияға қаржылай сый-сияпат жасап, «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады. Одан бөлек, делегация мүшелері аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге барып, әскерге шақырылушылардың тәлім-тәрбиесі жөнінде де әңгімелесті.

Олар аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен өткен жиынға да қатысты. Басқосуға аудандық бастауыш ұйым өкілдері, ауыл әкімдері, белсенді ардагерлер шақырылды. Алқалы жиында аудандағы ардагерлер мен зейнеткерлердің белсенділігін арттыру, оларды мәдени-бұқаралық іс-шаралармен қамту жайы айтылып, саяси-әлеуметтік реформалар жан-жақты талқыланды. Ардагерлермен кездесу барысында С.Шаңғұтов облыстық ардагерлер кеңесінің 2023 жылы атқарған жұмысы және алдағы міндеттері туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына Хромтау ауданы ардагерлерінің қосқан үлесі зор. Соның ішінде «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» жобасын жүзеге асыру барысында атқарған іс-шаралары ерекше айтылды.

— Ардагерлер ұйымдарының құрылымдық бірліктерінің қызметін жаңа деңгейге көтеру міндеті өте өзекті. Осыны ескере отырып, өткен жылы облыстық ардагерлер кеңесі облыс көлемінде «Ең үздік аудандық ардагерлер ұйымы» байқауын жариялады. Байқаудың нәтижесінде Хромтау ауданы үздік үштікке ілініп, жеңіс тұғырында бола білді, — деген Серік Шаңғұтов өз сөзінде белсенділік танытқан жандарға алғысын білдірді.

Жиынға қатысушылар облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысында жаңашылдық пен ілгерілеушілік бар екенін айтып, алдағы уақытта ұйым жұмысына қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ