"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

АУЫЛ ӘКІМДЕРІ САЙЛАНДЫ

 Хромтау ауданының бірнеше ауылдық округінде ауыл әкімдерін сайлау өтті. Осымен бірнеше рет өткен сайлау науқаны — ауыл халқы үшін жергілікті басқару ісіне тікелей араласуға мүмкіндік берген маңызды саяси оқиға екенін дәлелдеп берді.
Ауданға қарасты Қопа, Тамды, Ақжар, Жазық, Табантал және Аққұдық ауылдарында орналасқан сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылып, кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс беру процесі жалғасты. Барлық учаскеде заң талаптары сақталып, тұрғындардың белсенділігі
жоғары деңгейде болды.
Қопа ауылдық округінде өткен әкім сайлауына үш үміткер қатысып, тұрғындар ерекше белсенділік көрсетті. Таңертеңнен сайлау учаскесінің алдына жиналған тұрғындар алғашқы минуттарда-ақ дауыс беруге кірісті. Алғаш болып дауыс берген Жолдас Нұрмұханов сайлау учаскесінің төрағасы Қанат Бұзаубаевтан сыйлық алды. Сонымен қатар, кәмелет жасына жаңа толған Аймира Амангелді де алғаш рет дауыс беріп, бұл науқанға жауапкершілікпен қарағанын атап өтті.
Қопа ауылына қарасты №460 сайлау учаскесінде 796 сайлаушы тіркеліп, олардың басым бөлігі дауыс беруге қатысып үлгерді. Кәмелетке толған 5 жас сайлаушы сайлауға алғаш рет қатысты, ал кейбір азаматтарға үйден дауыс беруге мүмкіндік жасалды.
Табантал ауылында да қариялардан бастап жастарға дейін дауыс берді. Мұндағы №449 сайлау учаскесінде де сайлау таңғы сағат 07:00-де басталып, алғашқы дауыс берушілерге шағын сыйлықтар табысталды. Аудандық сайлау бюросының мәліметіне сүйенсек, Табанталдағы сайлау учаскесіне 322 адам дауыс беру құқығына ие болып, оның 169-ы белсенді түрде қатысқан.   Алғашқылардың қатарында 1944 жылы туған Аққабыл Молдағазұлы Жарекешов пен 1950 жылы
туған оның жұбайы Тоқсұлу Бақытжанова болды. Сайлау барысы ашық, заң тәртібіне сай өтті. Ауыл халқы өз таңдауын жасап, ауылдың болашағына бейжай қарамайтындықтарын көрсетті.

 Ал Қопа ауылдық округіне қарасты Тамды ауылындағы №461 сайлау учаскесінде 364 сайлаушы тіркелген болатын. Олардың үшеуі — алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған жастар. Сайлаушылардың көбі таңертеңгі уақытта келіп, өз таңдауларын жасады. Учаске төрағасы Мағжан
Булдуов сайлау барысында үміткерлер тарапынан заң бұзушылықтар тіркелмегенін атап өтті. Сайлау барысында бақылаушылар мен БАҚ өкілдері үшін де барлық жағдай жасалды.
Ақжар ауылдық округіне қарасты Жазық елді мекеніндегі №448 сайлау учаскесінде де сайлау науқаны белсенді түрде өтті. Жергілікті тұрғын Қайыржан Дүйсенбаев бұл науқанның ауыл болашағы үшін маңызын ерекше атап өтсе, ауыл тұрғыны Ертай Өсербаев та сайлауға қатысуды азаматтық борыш деп таныды. Ал алғаш рет дауыс берген Еламан Хамитов бұл сәтті толқыныспен қабылдағанын айтып, өз таңдауын жасады.

 Денсаулығына байланысты сайлау комиссиясы үй жағдайында дауыс беру мүмкіндігін жасады. Шәкида Кемалова мен Райхан Мешітбаева сияқты тұрғындар да өз таңдауларын жасауға толықтай мүмкіндік алды. Жалпы Ақжар ауылдық округінде екі бірдей учаске болды. Екі учакеде жалпы саны 1620 тұрғын дауыс беру құқығына ие болды.
Аққұдық ауылындағы №462 сайлау учаскесінде де сайлау күні жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сайлау учаскесіне тіркелген 256 тұрғынның 136 сайлауға келіп өз таңдауын жасаған. Олардың ішінде алғаш дауыс берген Исламбек Рысбаев бұл үдеріске зор жауапкершілікпен қарағанын айтты. Учаскеде санитарлық талаптар қатаң сақталып, сайлаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлығы ескерілді. Комиссия мүшелері, бақылаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері дауыс беру барысын мұқият қадағалап отырды.
Сайлау нәтижесі бойынша Табантал ауылдық округінің әкімі болып Болатбек Дүйсенбин, Ақжар ауылдық округінің әкімі болып Марат Жухин, Қопа ауылдық округінің әкімі болып Нұрболат Жалтаев және Аққұдық ауылының әкімі болып Қайрат Ташенов сайланды. Сондай-ақ, сайланған әкімдердің барлығы AMANAT партиясының мүшелері болып табылады.

 

ПІКІР ЖАЗУ