Хромтау ауданының Көктау ауылдық округінде ауылішілік жолдар ретке келтіріліп жатыр. Ауылды абаттандыруға Ақтөбе мыс компаниясы көмек беруде.
Басты жұмыстар жасалды. Ені 5 метр, жалпы ұзындығы 5 шақырым жол автогрейдермен тегістеліп, 15-20 см қалыңдықта қиыршық тас төселді. Көктем-күз айларында жолды су шайып кетпес үшін әрі балшықтың алдын алу мақсатында 8 мың тонна қиыршық тас бөлінді.
Тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. “Балшықтан аяқ алып жүру мүмкін болмап еді. Балаларымыздың талай етігі қалды батпақта. Шақырсақ, такси де келмейтін. 2-3 көше әрі жүріп, отыратынбыз көлікке. Ол күндердің бәрі артта қалды деп ойлаймыз. Өте қуаныштымыз”, — дейді ауыл тұрғыны Нұрзада Мешітбаева.
“Мектепке апаратын Нұрлы көш көшесінің жағдайы ауылдың өзекті мәселелерінің бірі болатын. АМК жасаған өтінішімізді қабыл алып, қиыршық тас төсеуге кірісті. Былтыр да осылай 3 шақырым жолды ретке келтіріп берді. Кейін ол көшелерді асфальттап алып едік. Енді мына жолды да келесі жылы асфальттаймыз. Жобалық-сметалық құжат сараптамадан өтіп жатыр ”, — деп мәлімдеді Көктау ауылдық округінің әкімі Бақытбек Усмаханов.
Ауылдық округ әкімдігі атап өткендей, АМК ауылды абаттандыру жұмыстарынан қалыс қалған емес. Компания ауылға кіре беріс және ауылішілік жолдардан бөлек, маңызды әлеуметтік нысандарды да жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына техника, құрылыс материалдарын бөліп тұрады. Кәсіпорын қаражатына ауылдағы қосымша дәрігерлік амбулатория жабдықталып, жөнделді, жедел жәрдем көлігі сатып алынды, дене шынықтыру-сауықтыру кешені жабдықталды. Жуырда дене шынықтыру -сауықтыру кешені жөндеуден өтіп, Ор өзені бөгеті бекітілді. Бөгет ішінен тағы бір бөгет тұрғызылды. Биылғы көктемдегідей су тасқыны қайталанар болса, қосымша дамба суды тежеп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.