Ақтөбе мыс компаниясының қызметкерлері тек күнделікті міндеттерін орындап қана қоймай, өндірісті тиімдірек, ал жұмыс атмосферасын жайлы етуге ұмтылады. Айқын мысал- қызметкерлеріміздің «Зауытыңды жақсы жаққа өзгерт» корпоративтік байқауына белсенді қатысуы. Жақында компания биылғы жылдың жеңімпаздарын анықтады.
«Байқау кәсіпорында төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Алдымен келіп түскен өтініштер қаралады, содан кейін финалға өткен жобалар қорғалады. Жеңімпаздар өз идеяларын жүзеге асыруға арналған грантқа ие болады», — дейді Ақтөбе мыс компаниясы бас директорының кадрлар жөніндегі орынбасары Андрей Ким.
— «Байқаудың басты ерекшелігі — бұл жай ғана идея жинау емес, авторлардың жобаларды іске асыруға тікелей қатысуы. Әріптестеріміздің ұсыныс айтып қана қоймай, оларды іске асыруға белсене кірісуі — біз үшін маңызды».
Тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің ұсынған идеялары күнделікті тұрмыстық мәселелерден бастап, кешенді өндірістік шешімдерге дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды. Әр ұсыныстың артында — тәжірибе, байқампаздық және ортақ істі жақсартуға деген ынта жатыр.
Энергиямен қамтамасыз ету және желдету цехының басшысы Максим Новиков пен қалдық қоймасы шаруашылығы басшысы Қанат Мунтаев байқауға екінші жыл қатарынан қатысып отыр. Өткен жылы олар шалғайдағы өндірістік нысандарда диспетчер мен оператор арасындағы байланысты жақсарту жобасын ұсынып, арнайы жабдық орнатуға қол жеткізді. Биыл олардың жаңа жобасы да үздік деп танылды — Көктау-1 және Көктау-2 ауылдарында қызметтік көлік бағыты бойымен автобус аялдамаларын орнату жоспарланған. Бұл бастама қызметкерлер мен ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды. Әріптестер бұл жобаны компания бөлетін қаражатқа жүзеге асырады.
«Байқау — өте жақсы мүмкіндік, неге оны пайдаланбасқа?! Бұл — күнделікті жұмыста көмектесетін нәрсені іске асырудың нақты жолы. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Аялдамалар қызметкерлер мен тұрғындар үшін өте қажет», — дейді Максим Новиков.
Бұрынғы жылдардың жеңімпаз жобалары қазірдің өзінде іске қосылып, нақты пайдасын көрсетіп отыр. Мысалы, әкімшілік-шаруашылық бөлім мен энергиямен қамтамасыз ету цехының қызметкерлері рациялар мен еден жуатын машиналармен қамтамасыз етілді. Ал денсаулықты сақтау бағытындағы жобалар аясында әйелдер жатақханасына жүгіру жолақтары орнатылып, «Весенне-Аралчинское» кенішінің шахтерлеріне аяқ киім кептіргіш құрылғылар орнатылды.
«Бұл жабдық бос тұрмайды, аяқ киімді керемет құрғатады әрі дезинфекциялайды. Жігіттер риза, аяқ киімдері әрдайым құрғақ», — дейді кеніштің әкімшілік-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Гүлнара Садықова.
Әрбір осындай бастама — заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы өндіріс жолындағы нақты қадам. Бұл жобалар кез келген өзгерістің адамнан басталатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.