«Tugan Qala» жобасы хромтаулықтарды тағы да қуанышқа бөледі. Жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл бастама 2020 жылдан бері Хромтауда іске асырылып келеді.
Бұл жолы қала тұрғыны Бибігүл Күзембаева өз идеясын ұсынып, дауыс беру арқылы оның жобасы тұрғындар арасында кең қолдау тапты. Осылайша, Величко көшесінің кішкентай тұрғындарына қуаныш сыйлады.
Бибігүл Күзембаева жасаған жобаның жалпы құны — 12 миллион теңге. Оның айтуынша, «Tugan Qala» жобасы — моноқала тұрғындары үшін таптырмас мүмкіндік.
— Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек етемін. Мен жұмыс істейтін кәсіпорынның балаларыма пайдасы тигені қуантады. Біз тұратын көшеде бұрын балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін ешнәрсенің болмағаны қынжылтатын. Жақын көшелерге жіберуге қорқып, ауладан шығармайтынбыз. Мен ұсынған жоба жеңімпаз атанғанын естігенде, көрші-көлем болып бірге қуандық. «Tugan Qala» жалғасын таба берсе екен, — дейді жоба авторы.
Қазір орталық саябақта құны 100 миллион теңге болатын жоба құрылысы жүргізіліп жатыр. Былтыр бұл жоба халық талқысынан өткен. Хромтаудың символы — шахтердың дулығасын орнату – ортақ шешімнен туындаған іс.
Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ