"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Бет әрлеу ісінің шебері

Әйел заты қай кезде де сұлулыққа ұмтылып, әсемдікке ерекше құштар болып келеді. Қыз-келіншектердің әдемі көрінуге деген ынта-жігері сән өндірісіндегі түрлі салалардың үздіксіз әрі жан-жақты дамуына әсер етеді. Соның ішінде бет әрлеу ісі нәзік жандылардың кең сұранысына ие болып, уақыт өткен сайын жаңа тәсілдермен толығуда. Ал «макияж» деп аталатын бұл өнер түрін шебер меңгергендер танымалдылыққа ие. Әлеуметтік желідегі парақшасында он үш мыңнан астам оқырманы бар жерлесіміз Гүлім Саттықова да бет әрлеу саласының шебері. Осыдан екі жыл бұрын сұлулық салонын ашқан ол қазіргі таңда өз ісін табысты жүргізіп отырған кәсіпкер.         Бүгінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, бет әрлеу ісінің тәжірибелі маманына айналған Гүлім еңбек жолын сән әлемінен бастамады. Ол мектептен кейін Ақтөбе қаласындағы көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде пайдалы қазбаларды байыту мамандығы бойынша білім алды. Оқуын аяқтаған соң Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа орналасты. Жаңа қызметіне айрықша құлшыныспен кіріскен жас маман нәзік жандылар үшін қиын жұмысты өз деңгейінде орындап жүрді. Алайда уақыт өткен сайын темір  күректі қолға алып, ауыр жұмыс жасаудың зиянды тұстары өз нәтижесін беріп, төрт жылдан кейін ол өз қызметінен бас тартуға мәжбүр болады. Денсаулықты қалпына келтіру, жаңа бағыт таңдап, мамандық ауыстыру оңайға соқпағанымен, сол бір сынаққа толы кезең Гүлімнің өмірін түбегейлі өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

 – Оқу бітіргеннен кейін Дөң тау-кен комбинатына келгенімде мамандығым бойынша бос жұмыс орындары болмады. Әуелде тек қана конвейер машинисті болып орналасу мүмкіндігі берілді. Басшылық орындар босап жатса, өз мамандығымызбен жұмыс жасай алатынымызды айтты. Бастапқы кезде қиындықтар білінбеді. Бірақ бірнеше жылдан кейін сырқаттана бастадым. Оған ауыр жұмыс жасағаным және салқын тигізіп алғаным себеп болды. Денсаулығымды сақтап қалу үшін жұмысымнан бас тарттым. Енді алдымда жаңа мамандықты игеру мақсаты тұрды. Сол кездері біраз қиналдым. Бірнеше салада қызмет етіп көрдім. Спортпен шұғылдандым. Дегенмен өмірлік жолымды таба алмадым. Күйзеліске түсіп, өзімді жоғалтып алғандай болдым. Кей кездері «Қолымнан ештеңе келмейді ме?» деген ой мазалайтын. Сондай жағдайда жүргенімде құрбыларыммен сырласып, түрлі мамандықтар жайында әңгіме өрбітетінбіз. Құрбыларымның бірі сән өндірісінде жұмыс жасайды. Бірде сөйлесіп отырғанымызда ол маған «Гүлім, мүмкін бет әрлеу ісін үйреніп көресің?» деген ұсыныс білдірді. Дәл сол кездері, 2015-2016 жылдары сән индустриясының қарқынды дамып келе жатқан кезі еді. Мен ойлана келе макияж жасауды меңгеруге ұйғардым. Әлеуметтік желілерден визажисттердің шеберлік сыныптары жайында ақпарат жинай бастыдым. Арасынан ең үздігін таңдап алдым. Шеберлік сыныбының құны жетпіс мың теңгені құрады. Ал опа-далап пен құралдарды елу мың теңгеге сатып алдым. Сөйтіп жүз жиырма мың теңгемен кәсібімді бастауға дайын болдым. Бірақ барлығы мен ойлағандай оңай болмады. Шеберлік сыныбында макияж жасауға бірден үйрене алмадым. Себебі әр опа-далаптың қолдану ережесі мен өзіндік тәсілі бар. Мен оның көбісін түсіне алмағаныммен, визажисттің әр сөзін қойын дәптеріме жазып алып отырдым. Бір аптаға жалғасқан шеберлік сыныбының соңғы күні визажист маған: «Алғашқы күндері сенің қолыңнан келмейді деп ойлағанмын. Жасаған макияжыңда қате көп. Бірақ қолыңның икемі бар көрінеді. Макияж бет әрлеу ережелеріне сәйкес келмесе де, әдемі шыққан» деді. Оның бұл сөдері мені жігерлендіріп, алдыға қарай ұмтылуыма күш берді. Шеберлік сыныбынан кейін туыстарым мен достарыма макияж жасап, тәжірибе жинадым. Одан соң екі мыңнан аса визитка шығарып, қаламыз бойынша тараттым. Бастапқыда көп тапсырыс болмады. Бірақ сәл уақыт өте келе қыз-келіншектер бір-біріне айтып, келушілер көбейді. Олар макияж ғана емес, шаш үлгілерін жасап беруімді де өтінетін. Клиенттерімнің сұранысына орай шаш үлгісі бойынша шеберлік сыныбына қатыстым. Бұдан кейін келушілердің саны одан да арта түсті. Араға бірнеше жыл салып өз сұлулық салонымды аштым, – дейді ол.

Бет әрлеу ісінде опа-далаптың сапалы болуы маңызды. Сан түрлі өнімдерге толы дүкен сөрелерінен қажеттісін таңдап алу үшін осы салада көрген-білгенің болуы керек. Макияждың түрлі тәсілдерін шебер меңгеру де өз алдына бір өнер.

– Мен елу мыңға ең негізгі опа-далап пен құралдары сатып алдым. Бірақ кәсіби макияж жасау үшін жоғары сападағы өнімдер керек. Ондай құралдардың бағасы арзан емес. Сондықтан тағы да сексен мың жинап, жоғары сападағы опа-далапты алдым. Сондай-ақ бет әрлеу саласында макияж жасаудың түрлі техникаларын білу де маңызды. Себебі сән индрустриясы күнделікті жаңалықтармен толығып отырады. Сұранысқа ие болып жүрген макияж тәсілдерінің сәннен шығып қалатыны бар. Жаңа тәсілдерді меңгеру үшін шеберлік сыныптарына барып тұрамын, – дейді Гүлім.

Гүлім Саттықова – өңірдегі алғашқы визажисттердің бірі. Алты жыл бойы макияж өнерінің қыр-сырын үйренуден жалықпаған шебер өз кәсібін жан-жақты дамытып жүр. Мәселен, ол 2018 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіп негіздеріне үйреніп, 500 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде жарнама жасауды жолға қойған. Нәтижесінде оның парақшасына он үш мыңнан астам оқырман жазылып, оң пікірлерін қалдыруда.

– Макияж тәсілдері өзгерген сайын құралдарды жаңартып отыру қажеттілігі туындайды. Одан бөлек арнайы жабдықтар да қажет. Мен мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініп, барлық құралдарды сатып алдым. Сонымен қоса, «Бизнес бастау» бағдарламасы барысында клиенттермен тіл табысу, жарнама жасау секілді кәсібімде аса пайдалы болған білім алдым. Осы тұста әлеуметтік парақшамның өз ісімді сәтті жүргізуге көмек болғанын айта кету керек. Парақшамдағы макияж үлгілерін көріп, хабарласқан қыз-келіншектер қазіргі таңда тұрақты келушілерге айналды, – дейді шебер.

Бүгінде бет әрлеу кәсібін нәсіп етуге талапты жандардың қатары қалың.  Бұл саладағы жоғары табыс пен кең сұраныс көпшілікті сән әлемінде бақ сынап көруге жігерлендіреді. Алайда сайып келгенде оның басым көпшілігі нарықтағы бәсекелестікке шыдас бермей, бастаған ісін жарты жолдан қалдырады. Гүлім жүзге жуық қыз-келіншекті опа-далапты дұрыс пайдалануға, бет әрлеудің қыры мен сырына үйретті. Бірақ ол кәсіби шеберліктің шыңына мақсатына берік жандар ғана талпына алатынын айтады.

– Мен шеберлік сыныптарын екі түрлі бағытта өткіземін. Бірі – өз-өзіне макияж жасап, бет әрлеп үйренгісі келетіндерге болса, екіншісі – визажист болуға талапты жандарға арналған. Бүгінде визажист мамандығын үйренгісі келетіндер көп. Алайда бұнда ешқандай қиындыққа қарамастан өз арманына ұмтылатындар орын табады. Тоқтамай жұмыс жасап, тұрақты келушілер қалыптасқанша табандылық таныта білгендер жетістікке жетеді, – дейді ол.

Гүлім ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында  өз саласындағы үздіктердің қатарынан табылып келеді. Жақында аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен  өңірде үздік деп дараланған азаматтарды марапаттау жиынында ол «Үздік кәсіпкер – 2022» атағына ие болды. Іскерлігімен үлгі болған болған кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – облыс орталығынан сұлулық салонын ашу.

– Макияж жасау – менің сүйікті ісім. Бет әрлеуде адамның табиғи сұлулығын басты назарға алып, шектен шықпау маңызды. Сол кезде көмегіме жүгінген ару өзінің қаншалықты сұлу екенін сезіне алады. Менің мақсатым – сұлулықты көрсете білу. Болашақта да осы салада жұмыс жасап, Ақтөбе қаласынан сұлулық салонын ашқым келеді, – дейді Гүлім.

Ж. Өтеулі

ПІКІР ЖАЗУ