Біз үшін Назарбаев Зияткерлік мектебі — бұл тек білім ордасы ғана емес, болашаққа жол ашатын маңызды мекеме. Ата-аналар ретінде біз осы білім ордасына алғысымызды білдіреміз. Балаларымыздың осы мектепте білім алып жатқанына өте қуаныштымыз.
Назарбаев Зияткерлік мектебі біздің балаларымыз үшін шынайы мүмкіндік көзіне айналды. Бұл жерде оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына да үлкен көңіл бөлінеді. Мұғалімдер мен тәрбиешілердің кәсібилігі, олардың білім беру тәсілдері мен оқушыларға деген қамқорлығы ерекше атап өтуге тұрарлық. Әрбір оқушының жеке қабілеттері мен таланттарын дамыту үшін барлық жағдай жасалған.
Балаларымыздың интеллектуалдық және шығармашылық дамуына бұл мектеп үлкен үлес қосты. Мұндағы оқыту жүйесі әр баланың қабілеттерін ашуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, өз пікірін еркін білдіруге, қоғамда белсенді болуға баулиды. Бұл мектептің оқу үрдісі — оқушылардың жеке басының дамуы мен қоғамға пайдасы бар азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Осы мүмкіндіктер үшін Назарбаев Зияткерлік мектебіне, оның басшылығына, оқытушылары мен ұжымына ата-ана ретінде шексіз алғысымызды білдіреміз!
Серік Ерасылдың ата-анасы:
Ержан Абдуллин,
Венера Нурмагамбетова,
Хромтау ауданы,
Хромтау қаласы