
«Amanat» партиясы ғимаратында «Жастар рухы» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Bir tolqynda» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Жиынға «Amanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова қатысты.
Мемлекеттік жастар саясатын түсіндіру, «Жастар рухы» жастар қанатының жобалары мен бастамалары туралы ақпарат беру, сондай-ақ жастардың қоғамдық-саяси және әлеуметтік үдерістерге қатысу белсенділігін арттыру, азаматтық жауапкершілігін нығайту және бастамаларын қолдау мақсатында өткізілген басқосуда жастармен жүйелі әрі конструктивті диалог орнатылды.
— Ақтөбе облысында 267 мыңнан астам жас бар. Бұл — облыс халқының 28,2 пайызы. Демек, өңірдің ертеңгі тағдыры сіздердің білімдеріңізге, еңбекқорлықтарыңызға, белсенділіктеріңізге байланысты. Біз жастардың әрбір санатын назардан тыс қалдырмаймыз. Бүгінде облыста 167 334 жас жұмыспен қамтылып, экономикаға өз үлесін қосып отыр, — деген Ербол Данағұлов жастарға әрдайым белсенді болуға, жаңа идеялар ұсынуға және қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.
— Сіздердің білімдеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз еліміздің дамуына үлкен серпін береді. Алдағы 15 наурызда еліміздің жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдум өткізіледі. Сіздерді осы маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын.
Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым және инновациялар мен технологиялық даму мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде алғаш рет айқын бекітілді. Ата Заң деңгейінде адам капиталын дамытуға басымдық беріліп, зияткерлік меншік құқығын қорғау мен цифрлық ортадағы азаматтардың құпиялылығына кепілдік беріледі. Сонымен қатар ғылыми және техникалық шығармашылық бостандығы нығайтылып, жас ғалымдар мен IT мамандары үшін мемлекеттік басқару ісінде жаңа мүмкіндіктер қарастырылған, — деді филиал төрағасы.
«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жастар әрдайым қоғамның қозғаушы күші екенін, озық ұлт қалыптастыру үшін жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы қажеттігін алға тартты.
— Болашақ — жастардың қолында. Бірақ сол болашақты ертең емес, дәл бүгін қалыптастыруымыз қажет. Себебі бүгінгі әрекетіміз — ертеңгі нәтижеміздің негізі. Сондықтан қоғамда болып жатқан оқиғаларға араласып, белсенді болыңыздар. Конституцияның жаңа жобасын мұқият оқып шығыңыздар. Онда әр азаматтың құқығы, мүмкіндіктері және еліміздің даму бағыты айқын көрсетілген. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер, кейде шынайы ақпаратқа негізделмеген тұжырымдар тарауда. Жастарды біржақты көзқарасқа ермеуге, міндетті түрде фактчекинг жасап, ақпараттың рас-өтірігін тексеруге шақырамын.
Алда — референдум. Бұл — әр азаматтың өз ұстанымын білдіретін маңызды науқан. Әрқайсысымыз саналы түрде таңдау жасап, азаматтық позициямызды көрсетуіміз қажет, — деді ол.
Кездесу соңында жастар спикерлерге сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




