Ата заң – еліміздегі саяси жүйені терең әрі жүйелі жаңғыртуға бағытталған реформалардың заңды жалғасы. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы алаңындағы дөңгелек үстелде бас қосқан көпшілік осылай дейді. Мемлекеттік қызметшілер Конституцияға қазіргі қоғамда кездесетін түрлі сын-қатер ескеріліп, елеулі өзгеріс енгізілгенін баса айтты.
Зейін ЕРҒАЛИ

Жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы, Мәжіліс депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен ғылыми зерттеу институттарының сарапшылары, жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері қатысты. Олар ашық диалог алаңында ойларын ортаға салып, жаңа нормаларды түсіндіріп, өзара пікір алмасты.
«Конституциялық деңгейде адам капиталын, білім мен ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту басымдығы бекітілуі мемлекеттік саясаттың өзегінде адам және оның әлеуеті тұрғанын айқын көрсетеді. Мемлекеттік аппараттың басты міндеті де осы қағидаттан туындайды. Бүгінде агенттік Парламентке «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа жобасын енгізді. Заң жобасының философиясы «Мемлекет – адам үшін» қағидатына негізделген. Біз мемлекеттік қызметтің сервистік әрі клиентке бағдарланған мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Негізгі мақсат – мемлекеттік қызметтерді жедел әрі қолжетімді ету, бюрократиялық кедергілерді барынша азайту, сыбайлас жемқорлықтың туындауына негіз болатын алғышарттарды жою. Жаңа Конституция жобасын қолдай отырып, біз әділ әрі тиімді Қазақстанның жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталған ортақ қадам жасаймыз», деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.
Жиында Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Марат Бәшімов жаңа Ата заң жобасындағы нормалар формальды өзгеріс емес, мазмұндық тұрғыдан азаматтың мүддесін қорғауға бағытталған жүйелі қадам екенін жеткізді.
«Жаңа Конституциядағы енгізілген нормалардың барлығы адам құқығы стандарттарына толық сәйкес келеді. Мен ұсынған бастамалардың бірі – жеке және персоналдық құқықты конституциялық деңгейде нақтылап, олардың жауапкершілік тетіктерін күшейту. Бүгінде жеке деректерді қорғау, азаматтың жеке өміріне қол сұқпау секілді мәселелер ерекше маңызға ие. Сондықтан мұндай құқықтарды жоғары деңгейде бекіту – уақыт талабы. Еңбек құқықтарына келсек, қолданыстағы нормада «еңбек бостандығы» ұғымы қолданылған. Ал жаңа жобадағы «еңбек ету құқығы» дегеніміз – азаматтың жұмыс істеу еркіндігі ғана емес, сонымен қатар жұмысқа орналасу мүмкіндігі, әлеуметтік кепілдіктер, әділ жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы секілді кешенді қорғалуы деген сөз. Егер бұл қағида конституциялық деңгейде бекітілсе, онда Еңбек кодексі мен өзге де әлеуметтік заңнамалар соған сәйкес келтірілуге тиіс. Нәтижесінде, еңбек қатынастарына деген көзқарас та, құқықтық мәдениет те өзгереді», деді ол.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның шын мәнінде халықтың қатысуымен әзірленуі. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зұлфұхар Ғайыповтың айтуынша, конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысының ашық форматта, тікелей эфир арқылы жүргізілуі, 10 мыңнан аса ұсыныстың қаралуы – құжаттың жалпыұлттық сипат алғанын көрсетеді. Сондай-ақ ол 7-бапта мемлекет пен діннің арақатынасы айқын көрсетілгенін айтты.
«Преамбулада мыңжылдық тарихымызға сілтеме жасалуы – тарихи сабақтастықты сақтау мен ұлттық бірегейлікті нығайтудың айқын көрінісі. Бұл – келешек ұрпаққа бағытталған идеологиялық әрі құнды бағдар. Сондай-ақ зайырлылық қағидатының жазылып, дін мен мемлекет бөлек деп көрсетілуі құқықтық нақтылықты қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, жаңа Конституция – құқықтық құжат қана емес, еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар», деді З.Ғайыпов.
