Өткен жылды оң көрсеткіштермен аяқтадық. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
— Былтыр біраз қиындық болғаны рас. Экономиканың дамуына көптеген жағымсыз факторлар ықпал етті. Дегенмен, біз ахуалды ушықтырмай, бақылауда ұстай алдық. Жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Өткен жылды оң көрсеткіштермен аяқтадық. Алайда жайбарақат отыруға болмайды, шешімін табуы қажет түйткілдер әлі де көп. Мұны сарапшылар да, азаматтар да жақсы біледі, — деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті тиісті деңгейде орындалмағанын айтты.
— Экономикамыз Ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып тұр. Бірақ, осы жерде атап өтуіміз керек, Ұлттық қор — бұл мемлекеттік экономиканың ажырамас бөлігі. Бизнестің инвестициялық белсендігі әлі де болса төмен деңгейде. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай дереу жою қажет. Үкімет нақты шаралар қабылдауы тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды.