Көктауда Ақтөбе мыс компаниясының өндірістік алаңында жаңа медициналық бекеттің құрылысы аяқталды.
Кеншілер үшін тұрғызылған медициналық бекет барлық заманауи талаптарға сай жобаланды. Ғимаратта профилактикалық, ауысымдық тексерулер жүргізу, алғашқы көмек көрсету, дәрігерден кеңе алу бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек сақтайтын, екпе салатын орындар бар.
Жұмысшылар денсаулығын қадағалау үшін физиотерапиялық аппарат орнатылды. АМК дәрігері Серікбай Байғазин атап өткендей, жаңа жабдықтың көмегімен жұмысшылар қажетті процедуралардан өте алады:
«Жаңадан салынған дәрігерлік бекетке физиотерапиялық аппарат сатып алынды. Оны гипертония, неврологиялық және офтальмологиялық аурулардың алдын алуға пайдаланатын боламыз. Әрине, жаңа ғимарат кеншілер үшін де, біз үшін де өте ыңғайлы».
Ыңғайлы жағдай жасап, жұмыс ортасын жетілдіру үшін компанияның инфрақұрылымы үнемі жаңартылып отырады. Компанияда хабарланғандай, жуырда шикізатты техникалық бақылау бөлімінің ғимараты, күзетшілер жатақханасы, бақылау-өткізу пункті толықтай жөндеуден өтіп, жабдықталды. Қазіргі уақытта «Весенне-Аралчинское» кенішіндегі жатақхананы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, жұмыс орны мен аумақты абаттандыру бойынша басқа да шаралар қолға алынған.