"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарЭкономика

ЕГІН ЕГУ НАУҚАНЫ — БАСТЫ БАҚЫЛАУДА

Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров өңірге жасаған сапары аясында Хромтауға келді.

Іс-сапар барысында  көктемгі егіс науқанына байланысты министр «Ақжар-Агро» ЖШС-ның егін себу, ылғал жабу жұмысының қарқынымен және Жазық бекетіндегі «Ақжар экстрадицияланған май зауыты»-ның жұмысымен танысты. Аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов көктемгі егістік жұмыстары туралы ақпарат берген соң, кешенді ауыл шаруашылық ұжымы ретінде жетекші кәсіпорын — «Ақжар-Агро» ЖШС-нің әлеуетін айтты. Оның айтуынша, бұл кәсіпорын соңғы жылдары майлы дақылдарға көңіл бөле бастаған. Себебі экстрадицияланған май зауытының өнім көлемін толық қамтамасыз ету үшін егістік алқабының көп бөлігіне майлы дақылдарды еккен. Сәйкесінше, арнайы техникалармен де жабдықталып, жұмысты жүйелендірген.

Содан соң министр жергілікті ауыл шаруашылық құрылымдары өкілдерімен кездесіп, олардың көкейдегі сауалына жауап берді. Басқосуда астықты өткізу мәселесі, минералды тыңайтқышқа бөлінетін субсидия құны, егіс жұмыстарына бөлінетін дизель, арнайы заманауи техникаларға берілетін субсидия, саяқ шегірткеге қарсы күрес барысы талқыланды. Мәселен, саяқ шегірткенің көбеюі күтіліп отырған ауданымызға министрдің өзі жан-жақты көмек көрсетілетінін айтып, бұл мәселені шегірткемен күрес бойынша жедел кеңес барысында талқылады. Ол шегірткенің дернәсілін жою жұмыстарына химиялық уды жеткізу, ұшақ пен техника мәселелерін уақытылы шешетінін айтып, көктемгі егіс егу жұмыстары басты бақылауда болатынын айтты.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ