Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні. Ауданда айтулы датада еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, салтанатты шара ұйымдастырылды. Шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен еңбек ардагерлері шақырылды.
Салтанатты шарада аудан басшысы Нұрхан Тілеумұратов аудан тұрғындарын Еңбек күнімен құттықтап, аудан экономикасына үлес қосып жүрген өндіріс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала еңбеккерлерінің жетістіктерін ерекше атап өтті.
Мерекелік шарада Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Восход-Ориел», «Ақтөбе мыс компаниясы» сынды өндіріс орындарының компрессорлық қондырғы машинисі, ұсақтаушы, инженер, тау-кен жұмысшысы, автокраншы, электр газбен дәнекерлеуші сияқты қарапайым жұмысшылар, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының мамандары, жедел жәрдем жүргізушісі, күзетші, әлеуметтік қызметкер және тазалыққа жауапты жұмысшылар марапат алып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының мерекелік концертін аудан әкімімен бірге тамашалады.
– Еңбек күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара жоғары деңгейде өтті. Мен де марапатталушылардың қатарында болып, аудан әкімінен марапат алдым. Мерекеде елеп-ескеріп, еңбегімізді бағалап жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Әрбір адам өзінің жұмысын жақсы көріп, мамандығын сүйіп, адал еңбек етсе, еліміздің ертеңі жарқын болары анық. Мерекеде әрбір отбасына амандық, елімізге тыныштық пен береке тілеймін, – дейді «Восход-Хром» ЖШС-нің тау-кен жұмысшысы Индира Амангелдіқызы.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА