Жуырда қаламызда «Ай-ару» ательесі ашылды. Құйып қойғандай үйлесімді, өзгелерден ерекше сәндегі киім үлгісін іздеген қыз-келіншектер осы ательеге барып, тапсырыс бере алады.
Ательенің иесі – жерлесіміз Гүлнұр Ерғалиева. Ол – кәсіби тігінші әрі дизайнер. Он саусағынан өнер тамған ісмер тігін ісіне бала күнінен машықтанған.
– Әжем шебер кісі болды. Мен оның жасаған бұйымдарына қызыға қарап отыратынмын. Мектеп кезінен өзім де түрлі киім-кешектердің суретін салып, тігетінмін. Еңбек сабағынан байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Мектептен кейін дизайнер мамандығы бойынша оқыдым, – дейді ол.
Гүлнұр көрпе-жастықтан бастап киім-кешектің түр-түріне дейін шебер тігеді. Сурет салуды да жетік меңгерген өнер иесі киім дизайнын көркем әрі сәнді етіп жасай біледі. Оның қолынан шыққан бірегей композициялар ательенің көркін келтіріп тұр. Іші шағын, жинақы, жиһазардары талғаммен орналастырылған «Ай-ару» ательесінде барлығы көзге ұнамды.
– Тапсырыс берушілермен алдымен киімнің дизайны жайында келісіп аламыз. Мен киім үлгісін қағаз бетіне салып көрсетіп, өз ұсыныстарымды да айтып отырамын. Киімді қыз-келіншектердің даралық ерекшеліктерін ескере отырып тігемін, – дейді ісмер.
Айта кетерлігі, жақында «Ай-ару» ательесінде балаларға арналған қолөнер үйірмесі ашылмақ. Кішкентай шеберлерді жергілікті дизайнер Асылзат Байарыстанова дайындайды.
– Менің мамандығым – суретші-дизайнер. Қазір №7 Хромтау мектеп-гимназиясында еңбек пәнінен сабақ беремін. Жақын арада «Ай-ару ательесінен бір бөлмені жалға алып, балалардың моторикасын дамытуға, сурет салуға, қолөнерге баулуға бағытталған үйірме ашуды жоспарлап отырмын. Бұл жайында Гүлнұрмен келісіп қойдым, – дейді Асылзат.
Өз тілшіміз