"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ГҮЛЖАНАТТЫҢ ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАРЫ

Қала тұрғыны Гүлжанат Жаманғарина арнайы бөлшектерден ұлттық әшекей-бұйымдар құрастырады.  Оның қолынан шыққан сәндік әшекейлер аудан халқының арасында сұранысқа ие.

Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бастапқыда әшекей жасауға жай ғана қызығушылық ретінде қарап, өзіне, қыздарына шашбау, алқа жасаған. Кейін көздің жауын аларлықтай бұйымдар өзгелердің де назарын аударып, оған туыстары, достары мен таныстары тапсырыс бере бастаған.

– Әуелде бұны кәсіп көзіне айналдыруды көздемедім. Балабақшадағы, мектептегі мерекелік шараларға қыздарыма шашбау тағып беретінмін. Оны басқа да оқушылардың ата-аналары көріп, өздерінің қыздарына жасап беруімді сұрайтын. Сондай-ақ туыстарыммен, достарыммен жиналған кезде олар да қызыға бастады. Сөйтіп бұл іске көпшіліктің өтініші бойынша қаңтар айынан бастап кірісіп кеттім, – дейді шебер.

Гүлжанат дайын әшекей бөлшектерінен композиция жасайды. Яғни бөлшектерді арнайы құралдармен біріктіріп, сәндік бұйымдарды әзірлеп шығарады. Бұл іс бір қарағанда оңай көрінгенімен, өте ұсақ бөлшектерден тұратын әшекейді талғамы жоғары, төзімді әрі икемді адам ғана құрастыра алады. Гүлжанаттың айтуынша, бір бұйымды жасауға бірнеше сағат та жеткіліксіз. Алдымен шебер қажетті бөлшектерді Ақтөбе қаласынан таңдап алып келеді. Одан соң дизайнды ойластырып, бөлшектерді біріктіруге кіріседі. Бір әшекей жиынтығына білезік, сырға, сақина, шашбау, алқа және шекелік (бас киімінің шеке тұсына тағылатын әшекей бұйым) кіреді. Жиынтықтың бағасы жиырма бес мың теңгені құрайды.

– Бөлшектерді ұзақ уақыт бойы таңдаймын. Өйткені әдемі әшекей жасап шығару үшін олардың үйлесімді болуы маңызды. Темір бөлшектер әр қатарға бірдей ұзындықта жалғануы керек. Әшекейді үш-төрт сағатта жасап шығара алмайсың. Тістеуікке (плоскогубцы) ұқсас, арнайы құралмен темір бөлшектерді ұзақ уақыт бойы біріктірген кезде қолың талады. Оны табжылмай жасап отыру оңай емес. Сондықтан әлсін-әлсін үзіліс алып отырып жасаймын. Дегенмен де маған әшекей жасау ұнайды. Сондықтан болар, оның қиындығы аса білінбейді, – дейді ісмер.

Ол өзі жасаған әдемі де айшықты әшекейлерді мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де тағып жүреді. Осылайша ол ұлттық бұйымдарды насихаттап, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен кез келген киім үлгісін заманға сай үйлестіруге болатынын дәлелдеп жүр.

– Әшекей-бұйымдарға Наурыз мерекесінің қарсаңында, басқа да мерекелерде, қыз ұзату тойына тапсырыс көп түседі. Ұлттық нақыштағы бұйымдарға жастар мен жасөспірімдердің де қызығушылығы ерекше. Мәселен, маған оқушы бала хабарласып, сегізінші наурызға жиырма бір шекелікке тапсырыс берді. Ол сыныбындағы қыздарға сыйлық жасағысы келген екен. Маған бір күн қалғанда хабарласты. Уақыт өте тығыз болды. Түнде көз ілмесем де, таңға дейін жасап бердім. Кәсібімді әлеуметтік желі арқылы жүргізіп отырғандықтан, бұйымдарға еліміздің түкпір-түкпіріндегі қыз-келіншектерден де сұраныс бар. Арасында тапсырыс беретін өзге ұлт өкілдері де кездеседі,  – дейді ол.

Гүлжанат – аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Қауымдастыққа өзге де кәсіпкерлермен тәжірибе алмасуға, бір-біріне қол ұшын созуға,  бірлесе қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға талапты әйелдер мүше бола алады. Аталған қауымдастықтың ұйымдастыруымен жақында ауданымызда облыстық форум болып өтті.  Форум барысындағы жәрмеңкеде Гүлжанат өз бұйымдарын қалың бұқараға ұсынды. Шараға біз де қатысып, халықтың ұлттық әшекейлерді көптеп сатып алып жатқанын байқадық.

– Қауымдастыққа мүше болып кіргеніме көп уақыт өткен жоқ. Соның өзінде бірнеше ауқымды шараның куәсі болдым. Жақында өткен форумға хромтаулықтар ғана емес, жалпы облыс тұрғындары қатысты. Хромтаулық қыз-келіншектер: «Ұлттық әшекейлер өзіміздің ауданымызда бар екен ғой. Енді алысқа барудың керегі жоқ» деп айтып жатты. Сатып алушылардың көпшілігі әшекейлерге қызығып, оны өздеріне немесе жақындарына сыйлық ретінде алды. Сондай-ақ мен соңғы уақытта қауымдастықтың форумдарында, жиындарында әшекей-бұйым жасау бойынша шеберлік-сыныптар өткізіп жүрмін, – дейді кәсіпкер.

Гүлжанат әшекей жасаумен қатар, тігіншілікпен де айналысады. Бұл қабілет оған тігін ісін жете меңгерген әжесінен дарыған. Алайда ол киімге тапсырыс қабылдамайды. Өйткені назарын, күш-жігерін әшекей жасауға  бағыттап, өз ісін кемеліне жеткізіп орындағысы келеді. Кәсіпкер алдағы уақытта темірден жасалған бұйымдарды ғана емес, күміс әшекейлерді де сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.

Жанел Нұрболатқызы

ПІКІР ЖАЗУ