"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ХРОМТАУДА ӘЛЕУМЕТТІК ҒИМАРАТТАР САЛЫНЫП ЖАТЫР

Облыс басшысы Асхат Шахаров ауданға жасаған сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысымен танысып, аудандық төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті. Сондай-ақ облыс әкімі Хромтау қаласының қыс мезгіліне дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында жылыту қазандығының жұмысын өз көзімен көрді.
Өңір басшысы құрылысы өткен жылы басталған аудандық мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Қазір ішкі сылақ жұмыстары жүріп жатқан нысанға жауапты «Санжар» мердігер мекемесі басшылығының айтуынша, келісімшарт негізінде наурыз айында тапсырылуға тиіс ғимарат құрылысын қарқынды жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Жалпы құны 1,8 млрд теңге болатын жобаның басты серіктесі — ERG компаниялар тобы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырып отыр.— Аудандық мәдениет үйінің көрермен сыйымдылығы 400 орынға шақталған. Шығармашылық топқа арналған түрлі бағыттағы студиялар, бет әрлеу мен сахналық киім ауыстыратын бөлмелер, дайындық жасайтын арнайы кабинеттер мен кіші зал және буфетпен бірге кітапхана да қарастырылған. Сыртқы құрылыс жұмыстарын толық аятадық. Ішкі сылақ жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Барлық стандарттар сақталған, — деген мердігер мекеме басшысына Асхат Шахаров құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Сапар аясында аймақ басшысы құрылысы тоқыраған аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бүгінгі жай-күйін қарады. Бұл ғимараттың құрылысы 2019 жылы басталып, былтыр қолданысқа берілуге тиіс еді. Алайда құрылыс материалдарының нарықтық бағасы өскеніне байланысты мерзімі ұзарған құрылыс жұмыстарын жандандыру үшін мердігер мекеме жобалық-сметалық құжатқа өзгерту жасауға өтінім берген. Жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын жобаның бас жоспарында баскетбол, волейбол, футбол паркеттері, жаттығу залдары қарастырылған. Мердігермен келісімшарт бойынша келер жылдың ақпан айында қолданысқа берілу күтілуде. Ал облыс әкімі Асхат Шахаров аталмыш нысанның құрылыс жұмыстары жеке бақылауында екенін айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралаған соң, қаладағы орталық жылыту қазандығына барды. Кәсіпорын балансындағы қазандықтың ескірген. Жылу құбырларының дені тозған. Осы ақауларды қалпына келтіру мақсатында жыл сайын құбыр ауыстыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып отыр. Мәселен, биыл 1,2 шақырым құбыр жаңартылды. Жылыту қазандықтарын қайта жаңғырту мәселесі — әрдайым маңызды. Сондықтан жыл сайын құбыр жаңарту жұмыстары арта беретінін алға тартқан аймақ басшысы үлкен ұжымға сәттілік тіледі.Өңір басшысы Асхат Шахаровтың жұмыс сапары аудандық төтенше және өрт сөндіру бөліміне барумен аяқталды. Жеке құраммен кездескен облыс әкіміне аудан басшылығы аталмыш бөлім орналасқан ғимараттың ескірге

нін және жөндеу жұмыстары бойынша жұмыс жасалып жатқанын айтты.

— 1977 жылы салынған бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін 2023 жылдың қазан айында аудандық әкімшілік балансына аударылды. Жобалық-сметалық құжаттамасы да әзірленіп, нәтижесінде 336 миллион теңге құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жобада жеке құрамға арналған жатақхананы жөндеу де қарастырылған. Қазіргі таңда жатақханада 30-ға тарта адам тұрады, — деген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Арман Алмағанбетов бөлімнің техникалық базасы жайында айтып, қысқы мезгілдегі құтқару жұмыстарына сақадай сай екенін жеткізді.
Облыс басшысы өз кезегінде жөндеу жұмыстарына қажетті қолдау білдіретінін айтып, аудан басшысына нақты бірқатар тапсырма берді.

ПІКІР ЖАЗУ