Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен өткен арнайы кездесуде қосымша құн салығының өсуіне қатысты қарсылықты ескеріп, Үкіметке оны жан-жақты саралап, 20 пайыздан төмен шегін ұсынуды тапсырды. Жалпы, мемлекет пен әрбір азамат үшін кез келген маңызды шешімдерді әрдайым қоғам, сарапшылар мен депутаттар жан-жақты талқылануынан кейін қабылдауды тапсырды.
Екі жыл бұрын әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешу үшін ұлттық экономикадағы қайшылықтарды жеңілдету арқылы экономикалық тиімділік пен әлеуметтік әділетті арттыру бағыттары айтылған-ды. Себебі бұл макроэкономикалық саясаттың басты мақсаты болатын. Ал енді экономиканы әртараптандыру талап етіле бастады. Бұл деген – ірі өндіріс, кәсіпорын, бірлестіктер мен тұтас салалардың белсенділігін арттыру. Яғни өндірілетін өнім мен сатылымда жоғары сұранысқа ие тауарларды өндіру және қызметтерді көрсетуге экономикалық даму бағыттарын көшіру. Мұның тиімді және тиімсіз тұстары бар. Егер асқан жауапкершілікпен әртараптандыру жұмыстары жүргізілмесе, өңдеу ісін артта қалдырып, тек шикізатты сатылымға шығару басым болады. Себебі дәл қазір бізде ішкі нарықты түгел қамтамасыз ететін тауардың қай түрі болсын түгел емес. Ал мұндайда сол баяғы импорт жайлап, отандық өндірушілер жайына қалу қаупі бар.
Қазіргі қосылған құн салығына байланысты ұстаным халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, тауар өндірушілер мен сатушылардың саудасын «өлтіруге» әкеп соғуы ықтимал. Бұл – бір. Екіншіден, жоғары салық мөлшерлемесінен табысын жасыратын көлеңкелі бизнес көбейеді. Қазірдің өзінде банктік 100 аударымды бақылау басталады дегелі жұрт қолма-қол ақшамен айырбас жасауға көшіп жатыр. Ал қолма-қол айналымды үнемі бақылау мүмкін емес. Сол сияқты айыппұл мен салық түрлерінен қаймыққандар бизнесін жабуға мәжбүр. Президент елімізде неғұрлым кәсіпкерлер көбейсе, соғұрлым салық төлеушілердің көбейетінін айтты. Мұны бизнестің дамуы мен халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы салық саясатын жүргізу деп түсінген жөн. Бюджетті салық есебінен толтырғанымен, бәрібір шығыс азаймай, кіріс көбеймейді. Ал кіріс көзін салық арқылы емес, салық төлейтін кәсіпкерлікті көбейту арқылы арттыру қажет.
Әлемде үздіксіз дамып жатқан мемлекеттер аз емес. Мысалы, Қытай мен Үндістанды айтсақ, екі елдің халқы миллиардтан асса да, бәріне тамақ пен жұмыс тауып беріп, әлеуметтік және экономикалық мәселелерін оң шешіп келеді. Қытай сияқты Үндістан да адамға керектің бәрін жарысып шығарып жатыр. Қытай ел экономикасын көтеру үшін азаматтарына 1 пайыз көлемінде несие беріп, бәрінің бизнеспен айналысуына жағдай жасаған. Соның арқасында Қытайдың тауар өндірушілік қабілеті артып, әлемдік рейтингте ішкі жалпы өнімнің 18 пайызын құрайтын дәреже жетіп, жетекші елдердің біріне айналды.
Ал бізде банктердің өсімі – өте жоғары. Сондықтан да шағын кәсіпкерлік ортаға, орта кәсіпкерлік ірі бизнеске жете алмай жүр. Себебі ҚҚС-ны өсіру де нарықта тек монополистерді қалдырып, қалғанын «тұншықтыруы» мүмкін. Президенттің екінші деңгейлі банктерде қозғалыссыз жатқан активтерді бизнестің игілігіне пайдалануға бұру тапсырмасы да орындалмай келеді. Егер ауыл шаруашылығын қолдауда «Агробанкті» ашып, былайғы салалар бойынша халыққа төмен пайызды несие берілсе, көп жеңілдік болар еді. Ауылдарды аралаған сайын кәсіппен айналысуға арзан несие сұрайтындардың қарасы көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Бұл – қуантарлық жағдай. Азаматтардың кәсіпкерлікке ынтасын арттырған «Ауыл аманаты» жобасы десек, әсте жаңылыспаймыз. Ал оның қаржысы жұрттың бәрін жарылқауға жетпейді. Сондықтан өзге де төмен пайызды несие беріп, жұрттың жобаларын қаржылай қолдау қажет. Осы тетіктерді қалыптастырмай, біржақты салық салумен бюджеттің байып кетпейтінін түсіну керек.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикаға инвестиция тартудың маңызына тоқталды. Былтыр 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, өңдеу ісінде ілгерілеу пайда болса, жалғастыру заңдылық қой. Бізде теміржол желілерінің біразы жекеменшікке өтіп кеткендіктен кей қалаларға инвесторларды тарту қиынға соғып жатыр. Сол үшін ең алдымен қай сала мен бағытқа болсын апаратын жолдарды жөндеу керек. Инфрақұрылым реттелмей, ешкім бизнеске беттемейді. Президент бастамасымен құрылған Инвестиция штабы бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қарсылықтардың жойылып, кейбір жобаларды жылдамырақ жүзеге асыруға жол ашқан. Үкіметтің алдында тек «жекелеген» проблемаларды емес, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту міндеті тұр. Себебі инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруде кешеуілдететін әрекеттер кедергі болып жатыр. Президент мұны мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан қашуы деп бағалады. Инвесторларды тартқанда да облыстардың жер көлеміне қарау керек. Халқы тығыз қоныстанған, жайылым тапшы ауылдардың айналасынан жер көлемін қажет ететін инвестициялық жобаларды жүзеге асырмау керек. Өйткені соңы дауға ұласып жатқан жайы бар. Ауыл адамдарының қаупі жайылымсыз қалудан бұрын, инвесторлар жұмыс істеп кеткен жерге шөп шықпай қалуынан қорқады. Сондықтан жер көлемін көптеп керек етпейтін жобаларды жүзеге асыру қажет. Мысалы, Еуропа, Қытай, АҚШ, Израиль сияқты елдерде жалпағынан емес, тігінен өсетін, мейлінше атшаптырым аумақты қажет етпейтін ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге ден қойып жатыр. Екіншіден, қолда бар мал немесе егістіктен алған өнімді жергілікті жерде өңдеуді қолға алу қажет. Мәселен, қауын, қарбыз өсіретіндер қалдық қалдырмай кептірсе, ал қымыз, қымыран сататындар өнімдерін жүйелі өндіріске енгізгені абзал. Сонда ауыл шаруашылығы аяғына тұрады.
Қазір тері мен жүн өңдеу ісіне сұраныс бар. Әрбір ауылда жүн түтіп, тері илеп, тон тігетін кішігірім кәсіпорындар болса, Қытай, Түркия, Үндістан ұсынып жатқан сырт киімнің түр-түрін шығаруға болады. Тура сол сияқты киім-кешекті де нарыққа лайықты етуге болады. Іргедегі Өзбекстан мен Қырғызстан жеңіл өнеркәсіпті мықтап меңгеріп келеді емес пе? Президент айтқан тұтас елдің экономикасын көтеру үшін отандық кәсіпкерлердің қатарын көбейту керек. Шикізат күйінде экспорттағаннан не пайда, қайтып айналып өзімізге сым, темір, шеге, қазан, болтқа айналып келетін болса? Өзге жұрттар тіпті қолтырауын мен жыланды арнайы өсіріп, керек болса түйеқұстың терісінен сөмке мен күртеше тігіп, пайдаға асырып жатыр. Сол сияқты бізде бағасы қымбат құндыз бен бұлғынды неге өсірмеске?
Сондай-ақ Президент елімізде орта буын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру үшін келешегі зор кәсіпорындардың жұмыс жоспарын әзірлеуді Үкіметке жүктеді. Екі ортада аяғына енді тұрып келе жатқан бизнес пен ірілердің қатарына қосыла алмай жатқандар жоқ болып кетпеудің амалын қарастыру қажет. Экономикалық реформалар бірінші кезекте отандық бизнеске зиянын тигізбеуге тиіс.
Президент еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, оның ішінде литийді өндіру мен өңдеу әлеуетін көтеріп, салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуды, бұл істе шетелдік және отандық бизнесмендерді қолдауға шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін. Бірыңғай платформа іске қосылған. Енді оның заңнамалық негізін Парламент сессиясының соңына дейін аяқтау керек. Президент өзінің жер қойнауын пайдалану саласындағы реформасының ешбір кедергіге қарамастан жалғасатынын кесіп айтты.
Тіс емдеу – адамзат тірі тұрғанда сұранысқа ие іс. Ал енді өзімізде сонша қазба байлық бола тұра, сол жасанды тістерді нанотехнологияларды кеңінен пайдаланып неге шығармаймыз? Қазір елімізде тіс жаңалау 1 млн теңгеден асып кетті. Себебі материал шетелден келеді. Неге? Өзімізде тіс жасайтын цирконий жоқ па еді?
Президент қосылған құн салығының сараланған мөлшерлемесі бюджетті уақтылы және жеткілікті түрде толықтыратын мемлекеттің фискалдық мүдделері мен мұқтаждықтарды қолдау, сондай-ақ азаматтардың әртүрлі санаттарының төлем қабілетіне лайық әлеуметтік міндеттемелерін, бизнес өкілдері үшін әсер арасындағы теңгерімді қамтасыз ететін экономикалық мүдделерін ескеру керектігін айтты. Қосылған құн салығы бойынша қоғамдық талқылау ашық әрі жариялы өтуге тиіс. Салық саясаты экономикалық құлдырауға, бизнестің күйреуіне, бұқараның кедейленуіне әсер етпеуі керек. Әлемде алдымен бәрін дамытып, халықтың тұрмыс-халін жақсартып алып, салық жүйесін ешкімнің қалтасы мен жүйкесі жұқармайтындай етіп қалыптастырып, берекелі тірлік кешіп жатқан мемлекеттер баршылық. Халықтың дені кәсіппен айналысып, елдің тауар өндіру әлеуетін арттырған кезде ол жүйе өзі-ақ қалыптасады. Сондықтан қазір салық пен айыппұлмен титықтайтын кезең емес деп есептейміз.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты