"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КІШІ ТАССАЙ: ГАЗДЫҢ ЖОҚТЫҒЫ КӘСІПКЕРЛІККЕ КҮРМЕУ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов Абай ауылының тұрғындарына екінші жартыжылдықты қорытындылау мақсатында кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жиынға кіші Тассай елдімекенінің тұрғындары да қатысып, өз ұсыныстарын жеткізді. Алдымен Абай ауылдық округінің әкімі Махамбет Сүйіналин жыл басынан бері жасалған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Кіші Тассай елдімекенінің ұзындығы 4 шақырым болатын кіреберіс жолы мен негізгі екі көшесіне қиыршықтас төсеу жұмыстары толық аяқталып, халық игілігіне берілді. Ал Абай ауылында балалар ойын алаңы мен футбол алаңдары қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Одан бөлек, қос көшеге жарықшамдар орнатылып, ауыл толықтай жарықтандырылды. Аудан басшысының тікелей қолдауымен 1985 жылдан бері жөндеу көрмеген мектеп ғимаратының қоршауы ауыстырылды. Ауылдағы ең негізгі ауызсу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді, – деді ауыл әкімі өз есебінде.

Аудан басшысы да ауыл әкімінің атқарған жұмыстарына оң баға беріп, келер жылы атқарылуға тиіс жұмыстармен бөлісті.

Келер жылы Абай атамыздың 180 жылдығына орай ауылдағы атамыздың ескерткіші орналасқан саябақта абаттандыру жұмыстарын аяқтап, ретке келтіреміз. Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен ауылішілік жолдарға асфальт жабындысын төсеу жұмыстарын да бастайтын боламыз. Сонымен қатар, ағымдағы маңызды мәселе – ауыз су қоры мен сапасы жөнінде жауапты мердігер мекеме өкілдерімен сот процесі өтуде. Оған қарамастан аудандық бюджет тарапынан ағымдағы негізгі жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Мембрана секілді қажетті құралдарды мемлекеттік сатып алу рәсімі бойынша алып, орнату жұмыстарын ұйымдастырудамыз, – деді аудан басшысы.

Кездесуге келген кіші Тассай тұрғыны «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылыжай салғанын алға тартып,елді мекенге көгілдір газ қажеттігін айтты. Себебі, көгілдір отынның жоқтығынан қысқы мезгілде жылыжай жұмысы тұралап қалатын көрінеді. Бұл ұсынысқа аудан басшысы арнайы жол картасы арқылы өткізілетін газ құбырының ауыл тұрғындарының санына байланысты екенін жеткізіп, құбыр жүргізу ережесімен таныстырды.

Одан бөлек, тұрғындар тарапынан ұсынылған аялдама, мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстары, ғаламтор байланысының жылдамдығы туралы да сұрақтар мен ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы барлық айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шаралар міндетті түрде қабылданатынын жеткізді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ