"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КІТАПХАНА ҚОРЫ ЖАҢА КІТАПТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Адамзат пайда болғалы өзінің өмір сүруін жеңілдету үшін даму кезеңдерінде көптеген нәрсені ойлап тапқан. Бұл тенденция ерте заманнан бүгінге дейін еш тоқтаған емес. Кітап — адамзат ойлап шығарған заттардың ішіндегі ең құндысы. Дана халқымыз оны «асыл қазына» дейді. Жаңа мәдениет пен идея, таңсық көзқарастармен терең таныстыруға кітаптың ғана күші жетеді. Бүгінде әлеуметтік желі деген алпауыттың даңқы артып тұрса да, ақпараты үстіртін, кейде дезинформациясы тым көп, сондай-ақ кітап секілді сенімді әрі ойға тиек ететіндей ақпаратты бере алмайтынын көпшілік мойындап үлгерді.

Әйгілі ағылшын жазушысы Марк Твен: «Жақсы кітап оқымайтын адамның оқуды білмейтін адамнан еш артықшылығы жоқ», — деген. Қоймасы жақсы кітапқа бай білім мен мәдениеттің ошағы — аудандық орталық кітапхана сөрелеріне жаңа кітаптар қойылып, оқырмандарды кітап оқуға шақырады. «Жаңа кітап — оқырман игілігіне» деген тақырыппен кітапхана қорына енгізілген кітаптарға жарнама да жасалып, бейнеролик жарияланды.

Оқырман назарына қазақ әдебиетінің жаңа топтамалары ғана емес, әлем жазушыларының бестселлері ұсынылған. Оқырмандар арасынан ұнағанын таңдап, үйінде оқуға мүмкіндігі бар.

Ешкім парақтап үлгермеген кітаптарға шолу жасағанымда, психологиялық кітаптарды көп байқадым, онымен қоса отбасын құру, бала тәрбиесі жөніндегі еңбектер де көп кезікті. Солардың ең негізгілерінің бірі — бір ғасыр бұрын жазылса да, өзектілігін жоғалтпаған, Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаевтың ұрпақ тәрбиесімен айналысатындарға арналған еңбегі. «Педагогикада» тәрбие өнерінің негізгі қағидаттары қазақы таным тұрғысынан түсіндірілген. Кітаптың алғашқы нұсқасы 1922 жылы жарық көрген. Алайда бұл басылымды автор 1923 жылы толықтырып, қайта бастырған нұсқасы алғаш рет кирилл қарпімен ұсынылып отыр. Кітапты педагогика саласының қызметкерлеріне, ата-аналарға оқуға кеңес береміз. М.Жұмабаевтың бұл туындысын оқу ұрпақ тәрбиесінің мәні мен маңызын түсінуге, әрі қазақы тәрбие көзқарасын кеңінен ұғынуға мүмкіндік береді.
Ал уақытты қалай ұтымды пайдалануды білмей жүрсеңіз, кітапханаға келіп, Шынар Әділованың «Тайм-менеджмент» шығармасын оқыңыз. Бұл кітап арқылы заманауи тайм-менеджмент ережелері: уақытты жоспарлау, маңызды істерге басымдық беру, мақсат қою және оларды жүзеге асыру жолдарын үйреніп қана қоймай, көп белестерді бағындырып, жетістікке жеткен тұлғалардың уақытты басқару әдістері мен тәжірибелерімен танысуға мүмкіндік аласыз. Басқарудың қыр-сырын толық меңгеріп, оны балаларыма да үйретемін дейтін болсаңыз, орталық кітапхана қорын толықтырған америкалық жазушы Рон Либердің «Тиыннан теңге құрайтын бала» атты кітабын оқығаныңыз жөн болады. Себебі оның мазмұнымен танысу арқылы ақшаны басқарудың мән-жайын біліп, маңыздылығын түсіне аласыз.

Адамның мінез-құлқы, психология немесе тұлғалық даму тақырыптарына қызығатын болсаңыз, психология ғылымдарының докторы, логотерапевт Элизабет Лукастың тәжірибелерін талдай отыра жазған Сейілбек Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа» кітабымен қатар, Мирас Кесебаевтың «Мінезді өзгерту алхимиясы», Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам», Луиза Хейдің «Мудрость женщины», Сьюзан Кейннің «Интроверт», Шабан Айдоғдудың «Оқы! Ойлан! Орында!» сияқты туындыларымен танысуға мүмкіндігіңіз бар.

Сонымен қатар Руслан Қамбаровтың «Үйленбей тұрып үйрен», «Жұбайлар құпиясы» кітаптары мен Ақан Мергембай жазған «Дайындықсыз үйленбе», Данияр Жігітбектің «Не үшін үйлену керек?» деген сауалға жауап беретін шығармалар да кейбір оқырман кәдесіне жарайтыны анық.

Кітапхана қорына келген жаңа кітаптардың қатарында бала тәрбиесіне қатысты Юлия Гиппенрейтердің «Общаться с ребенком как?» және «Баламен қарым-қатынас қалай болуы керек?» атты қазақша тәржімасы, Қазим Мұстахимұлының «Балаңызды гаджеттен қорғаңыз!» кітабы, Әйгерім Тұрақұлова жазған «Балам жақсы болсын десеңіз» еңбектері де — жаңа туындылар.

«Артық ғылым кітапта» деген ұлы Абай. Кітап оқу арқылы бос уақытыңызды тиімді өткізіп қана қоймай, білмегеніңізді үйреніп, тіл байлығыңызды арттырып, ой-өрісіңізді кеңейтесіз, ал кітапханаға барар болсаңыз, ондағы қазынаның шаң баспауына үлкен үлесіңізді қосасыз.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ