Ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы – кітапханада қызмет етіп жүргендер өткен жылдан бері 24 қазанда кәсіби мерекелерін тойлайды. Аталмыш мереке аудандық кітапханада атап өтілді.
Кітап — асыл қазына. Қасиетті қазынаны көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар — абыройлы мамандық иелерінің бірі. Олар білім мен ғылым, өнердің, мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті ел болудың қамы үшін еңбек етуде.
Аудан аймағындағы кітапханашылардың басы қосылған шарада жыл бойы жасалған еңбек пен төгілген тер еленді. Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Сұлушаш Хәкімованың Тамды ауылдық кітапханашысы Дания Рүстемқызына жолдаған алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар тассайлық кітапханашы Ақмарал Нұрмұханбетқызы, Тасөткел ауылдық кітапханасының қызметкері Айна Орынбасарова мен аудандық кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Динара Беркімбаевалар да атқарған белсенді қызметтері үшін ақшалай сыйақы мен Алғыс хат алды.
Мерекелік іс-шарада кітапханашылардың құрметіне Бибігүл Баймұратова бастаған ұжым өкілдері ән шырқап, ақиық ақындардың шығармаларын мәнерлеп оқыды. Жиын соңында жиналған әріптестер «Жаз. Кітап. Оқырман» акциясын қорытындылады. Атқарылған жұмыстардың арасында Ақжар ауылдық кітапханасының бағдарламалары үздік деп танылып, кітапханашы Ұлболсын Омарова марапатталды.
Толғанай ЕСБОЛСЫН