"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КӨКТАУДА МАЛ КӨБЕЙДІ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов Көктау ауылы халқына есеп берді.

Аталмыш кездесу барысында ауыл әкімі Бақытбек Осмаханов атқарылған жұмыстары жайында баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, Көктау ауылында барлық салада өсім бар. Мал саны мен ауыл шаруашылық өнімдерінде айтарлықтай өсім бар. Ірі қара мен жылқы өсімінде орташа 3 пайыздық өсім болса, қой-ешкі санында 10,94 пайыз тіркелген.

Биыл ауылда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2 жоба мақұлданған болатын. Екеуі де мал шаруашылығына бағытталған. Одан бөлек, «Ғалым» шаруа қожалығы көктемгі далалық жұмыстары үшін құны 110 миллион теңге болатын арнайы техникаға қол жеткізді, — деген ауыл әкімі құрылыс саласына да тоқталды.

Оның айтуынша, биыл жобалық құны 130 млн теңгені құрайтын жаңа мәдениет үйінің құрылысы толық аяқталған. «Жобалық құны 13 миллион теңге болатын баскетбол және волейбол ойын алаңдарын, Нұрлы-көш орта мектебінде футбол алаңын толық аяқтадық. Одан бөлек, Жастар көшесінде құны 9 миллион теңге болатын балалар ойын алаңын салдық. Ауылдағы дене шынықтыру кешеніне «АМК» серіктестігінің демеушілігімен жөндеу жұмыстарын жүргіздік», — деді ауыл әкімі өз баяндамасында.

Аудан басшысының айтуынша, биыл Көктауда ауылішілік жолдарға басымдық берілген. Мәселен,ұзындығы 2,9 шақырым болатын Нұрлы-көш және 1-мөлтек көшелеріне жалпы құны 144 млн теңгеге асфальттау жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, көшелерге қиыршық тас төсеу, бөгет көтеру жұмыстары да қатар жүргізілді. Нұрхан Тілеумұратов келер жылы ауылдың ескі бөлігіне ауыз су құбыры жүргізілетінін жеткізді.

Кездесуде тұрғындар тұрғын үй кезегі мен пәтерлерді жекешелендіру мәселелерін көтерді. Аудан басшысының айтуынша, бұл іске байланысты шешім мен ережелер белгілі болған жағдайда, арнайы сала мамандарымен заңды түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

ПІКІР ЖАЗУ