Аудандық әкімдіктің базасында Хромтау аудандық мәслихатының кезектен тыс XI сессия отырысы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов, аудандық мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары, сондай-ақ қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатовтың айтуынша, сессияға аудандық мәслихаттың 13 депутатынан 10 депутат қатысты.
Күн тәртібінде аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №302 «2023-2025 жылдарға арналған Хромтау ауданының бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.
Аталған мәселе бойынша жиында аудандық эконмика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжетай Тілеубаев баяндама жасады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 20 млн 945 мың теңге бөлінген, оның ішінде 22-квартал шағын ауданындағы сорғы станциясына жөндеу жұмыстары үшін 6 268 000 теңге, жол жөндеу жұмыстарына 14 677 000 теңге қарастырылған. Ал аудандық мәдениет үйінің іс-шаралар өткізуіне жағдай жасау мақсатында 6 млн теңге қаражат бөлінген.
Күн тәртібінде көтерілген келесі мәселе — аудан әкімі мен мәслихат қабылдаған 2012 жылғы 7 тамыздағы №247 Хромтау қаласының көшелеріне атау беру туралы бірлескен қаулысы мен шешіміне өзгерістер енгізу. Бұл мәселе туралы қала әкімі Сағындық Шабықбаев баяндама жасап, заңға сәйкес қаладағы бірқатар көше атауларын өзгертуді ұсынды. Ол жаңа атау берілетін көшелердің жалпы сипаттамасына тоқталды. Мәселен, ұзындығы 450 метрді құрайтын Новая көшесіне Ізтай Мәмбетов атын беруді ұсынды. Ал қала шетінде орналасқан Старая станция, Новая станция, Подхоз, Заготзерно секілді аудандардағы көшелерге ауданның жер-су аттарын беруді тұрғындар құптағанын хабарлады. Мысалы, Заготзерно көшесіне Ақтасты, Целинная көшесіне Қызылқайың, Элеватор көшесіне Талдыбұлақ атауларын беру дауысқа салынды. Депутаттар бірауыздан көше атауларын өзгертуді дұрыс деп санады.
Бұдан өзге сессия отырысында Хромтау аудандық мәслихатының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №330 Хромтау ауданы бойынша «шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлерін бекіту» туралы шешімінің күшін жою туралы мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Болысбаев және Хромтау аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 8 қарашасындағы №274 мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйден оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу тәртібі мен мөлшерлерін айқындау туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәурен Тұрлыбаевтар баяндады.
Жиын соңында сөз алған аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов: «Қоғамдық талқылауда көп талқыға түсетін мәселе — көше атаулары. Бұл бастама өз жұмысын жалғастырады. Келер жылы 22-квартал шағын ауданындағы Республика көшесінің атауын өзгертетін боламыз», — деді.
Толғанай ЕСБОЛСЫН