"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Құқық қорғау саласына серпін береді

  • Жаңа Ата заң қабылданған соң, адвокатура институтына салмақты конституциялық құзырет беріледі. Отыз жыл бойы адвокатура жүйесі елімізде мұншалықты жоғары деңгейге ие болған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жуыр­да қолға алынған реформалар құқық қорғау институттарын жүйелі түрде нығайтуға серпін берді.

 

Egemen Qazaqstan

Egemen Qazaqstan

Құқық қорғау саласына серпін береді

Сурет: baq.kz

2022 жылы конституциялық реформа басталғанда, жұмыс тобы құқық қорғаудың басты ерек­ше­ліктеріне тоқталды: Консти­туциялық сот құрылды, сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәрте­бесі бекітілді.

«Конституциялық мәр­тебе» деген нені білдіреді? Бұл – орган­ға немесе институтқа құқықтық жүйеде нақты әсер ете алатындай анағұрлым салмақты құзырет беру мүмкіндігі. Адвока­тураға да дәл осындай логиканы қолдануға болады. Конституция­да оның мәртебесін тікелей бекіте­тін бап пайда болса, құқықтық нормалар иерархиясының арқасында бүкіл заңнама жүйесін автоматты түрде күшейтеді. Адво­кат­тар арты­ғырақ құзыретке ие бола­ды, олардың процессуалдық құқы­ғы прокуратура құқығымен теңеседі.

Сондай-ақ қорғаушы мәртебе­сінің жоғарылауымен қатар Қазақ­стан адвокатурасының жауап­кершілігі де артады.

Бүгінде адвокат көп. Олардың әрқайсысы мамандығы қоятын биік талаптарға сай келуі керек. Бұл – кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар өз қоғамдастығы алдындағы жауапкершілік. Бүкіл әлемде адво­катура десе, адалдық пен таза­лық елестейді. Өйткені оның мис­сия­сы – адам­дарға көмектесу. Бұл инс­титутқа құқықтық қана емес, сон­дай-ақ моральдық та жауап­­кершілік жүктелген. Бұл ретте ад­вокаттардың өздері де үдеріс­тік кепілдіктермен қорғалуы маңызды.

Адвокаттар жұмысын жетіл­діруі керек және осы негізгі қағи­да­ларға орала отырып, кәсіби стандарттарды нығайтуға тиіс. Бір мезетте, адвокаттардың өзін қорғау бағы­тындағы қызмет жүйесі де күшейтілуі қажет. Сонда олар өз миссиясын барынша жемісті атқара алады.

Бұдан бөлек, Конститу­цияға түзетулер енгізу отандаста­ры­мыз­дың жеке деректері таралып кетуіне байланысты жауап­кершілікті де арттырады.

Расында, бүгінде бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Прези­дент бұл тақырыпты бірнеше рет қозға­ды. Азаматтар жөнін­дегі ақпа­ратты қорғауға қалай ғана сал­ғырт қарауға болады? Мен Консти­туцияда жеке дерек­терді қорғау туралы норманы бекітуді ұсындым. Оны басқа да негізгі кепілдіктермен бірге жеке құқықтар қатарына қос­тым. Бұл норма мемлекетке азаматтардың деректері желіде таралып кетуіне қарсы жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз ақпарат және техноло­гия ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Көптеген үдеріс цифрландырылып жатқанда, келешек буындардың жеке дерек­терін қорғауға міндеттіміз. Конс­титуция осы үшін қабыл­данып жатыр. Ол елдің бүгіні үшін ғана емес, ертеңі үшін де қызмет етуі керек.

Болашақ Пар­ла­менттің депутаттары жұмы­сына қатысты да айтуға болады. Конс­титуциялық реформа жө­ніндегі комиссия жаңа Ата заңның мәтіні әр азаматқа түсі­нікті болуына күш салып жатыр.

Конституция жобасын тал­қылау күнделікті жалғасты және бұл заңды да. Басты ұстаным – мәтін қара­пайым және халыққа ұғынықты болуы шарт. Заңгерлер мен құжатты әзірлеушілерге мәтіннің тілге жеңіл, түсінікті және көпма­ғыналылықтан ада болуы маңызды. Мәтін дайын болған соң, әр адам оқып, таныса алады. Мұншалықты ауқымды әрі қажырлы еңбек сол үшін атқа­рылып жатыр.

 

Марат БӘШІМОВ,

Мәжіліс депутаты

ПІКІР ЖАЗУ