Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қорытынды жобасы жарияланды. Жобаның 53-бабында Құрылтайдың өкілеттік мерзімі көрсетілген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Маржан ТІЛЕУБЕК

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады. Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көзделген жағдайда және белгіленген тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады», деп жазылған Конституцияда.
Сондай-ақ құжатта Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі 5 жыл болатыны жазылған.
«Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл», делінген Ата заң жобасында.
