"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Мария Марусина: моторика жұмыстары балалардың сөйлеу қабілетін жақсартады

Баланың ой белсенділігін дамыту – маңызды әрі жауапты іс. Қаламызда осы бағытта жұмыс жасайтын түрлі үйірмелер, балаларды дамыту орталықтары ашылуда. «International kids club» орталығы – солардың бірі.

           «International kids club» орталығы жеті ай бұрын ашылған. Мұнда мектепке дейінгі балалардың таным қабілетін кеңейту,  моториканы дамыту сабақтары өткізіледі. Бүлдіршіндердің қимыл-қозғалысын, ой-өрісін жетілдіру мақсатында құрылған орталықтың негізін қалаушылары – Сезім Сатмұхамбет пен Мария Марусина есімді жерлестеріміз.

– Орталығымызда екі жастан бес жасқа дейінгі балалар оқиды. Сабақтарда балалардың қиялын, логикалық ойлауын, көру және есту қабілеттерін жақсартуға, шығармашылық белсенділіктерін, қол моторикасын дамытуға көмектесеміз, – дейді олар.

 Балалармен ойнау, сөйлесу секілді қарапайым іс-әрекеттер олардың дамуында маңызды орын алады. Ата-аналар күнделікті күйбең тіршілік пен жұмыстың арасында балаларына жеткілікті көңіл бөле алмай жатады. Сондай жағдайларда дамыту орталықтарының көмегі зор. Онымен қоса бұндай орталықтар қазіргі әлеуметтік мәселе – балалардың ұялы телефонға тәуелділігіне қарсы тұрудың керемет құралы десек,  артық айтқандық емес.

– Сабақтар аптасына төрт рет өткізіледі. Әр сабақтың ұзақтығы бір жарым сағатты құрайды. Кішкентай оқушыларымыз мектеп жасына дейінгі балалар болғандықтан, бастапқыда олар ата-аналарынан қалғылары келмей, жылап жатады. Бірақ бірнеше сабақтан кейін орталыққа қуана келіп, үйлеріне қайтудан  бас тартады. Балаларға сабақтарды ойын түрінде өткіземіз. Оларды ынталандыру үшін сыйлықтар беріп отырамыз. Біздің орталықта балалардың оқуға, жазуға, сурет салуға, аппликациямен шұғылдануға және тағы да көптеген пайдалы іс-әрекеттерді үйренуге деген қызығушылығы оянады. Өз кезегінде бұл олардың ұялы телефоннан бас тартуларына ықпал етеді, – дейді Сезім.

Гаджеттердің көмегімен жылдам хабар алып, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді жеңілдететініміз рас. Бірақ оның зиянды тұстарын біле тұра мән бермейтініміз тағы бар. Әсіресе, мұның  салдарынан балалардың арасында тіл мүкістігі көбейіп жатқаны қынжылтады. «International kids club» орталығының мамандары осы мәселемен оңтайлы күресудің жолын тапқан.

 

Баланың сөйлеу қабілетін дамыту үшін оның қол моторикасын да дамыту қажет. Өкінішке орай, қазір балалар күні бойы ешқанда       й қимыл-қозғалыссыз ұялы телефонға телміріп отырады. Айналасындағы адамдармен сөйлеспейді. Бұл өсіп келе жатқан баланың дамуын тежейді. Осы мақсатта сабақтарда түрлі құралдарды қолданамыз. Мәселен, ермексазды бірнеше бөлікке бөліп, домалақ пішінге айналдыру арқылы қол моторикасын жақсартамыз. Сондай-ақ балаға дұрыс дем алудың жолдарын көрсетіп, жаттығу жасатамыз. Бұл да сөйлеу қабілетінің жақсаруына әсер етеді. Ата-аналар орталығымызға сөйлей алмай жүрген балаларын алып келеді. Біз аталған тәсілдерді қолданып, оларға көмек береміз, – дейді Мария.

Сезім мен Мария – бала күнінен бірге өскен құрбылар. Олар мектепте бір сыныпта оқып, бүгінде де ортақ бағытта жұмыс жасауда.

         – Сезім екеуміз №2 Хромтау гимназиясында оқыдық. Үнемі бірге жүретінбіз. Бірақ мектептен кейін құрбым екеуміздің жолдарымыз уақытша ажырады. Ол заңгер мамандығы бойынша Алматы қаласына, ал мен Ақтөбе қаласына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға кеттім. Дипломымызды алғаннан соң Хромтау қаласына қайтып келдік. Мен осында тұрмысқа шықтым. Дүниеге қызым келді. Содан бастап баламды дамыту жолдарын іздей бастадым. Онлайн курстарға қатысып, жан-жақты іздендім. Қызымды дамыту орталықтарына алып барып, мектепке дайындағым келді. Бірақ ол кезде қаламызда бұндай орталықтар болмады. Сондықтан іздену жұмыстарын жалғастырып, моторикадан онлайн шеберлік сыныптарына қатыстым. Баланы дамытуда қол моторикасын жетілдіру қаншалықты маңызды екенін біле бастадым. Солай ізденіс үстінде жүргенімде Сезіммен кездесіп, серуендеуге шықтық. Сол күні оған көптеген ата-аналар балаларын алып баратын орталықтарды іздейтінін, қаламызда дамыту орталықтары жоқ екенін айттым. Сезім тыңдап отырып, ортақ кәсіп ашуды ұсынды. Осылайша, екеуміз бірігіп балаларды дамыту орталығын аштық. Қазір орталығымызда үш топ бар. Әр топта он баладан. Сонымен қоса балаларға жеке сабақтарды өткіземіз. Ата-аналар балаларындағы оң өзгерістерді байқап, ризашылықтарын білдіруде, – дейді Мария.

Сөз арасында құрбылылар болашақта кәсіптерін кеңейтіп, орталықтағы білікті мамандардың санын арттыруды көздеп отырғандарын да айтты.

– Бастапқыда балалармен жұмысты кішкентай бөлмені жалға алып бастаған едік. Қазір «Дәулетияр» сауда үйінің екінші қабатындағы бірнеше бөлмені жалға алып отырмыз. Орталығымызда 4 маман жұмыс жасайды. Біз үшін олардың кәсіби деңгейін арттырып отыру маңызды. Алдағы уақытта мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мамандарын жұмысқа алғымыз келеді. Мамандарға балаларды дамытуға арналған техникаларды үйретеміз. Жұмысқа балалармен тіл табыса білетін, әр баланың қабілетін аша алатын мамандарды қабылдаймыз. Болашақта орталығымызды одан әрі үлкейтіп, балаларға арналған сан түрлі үйірмелермен толықтыруды жоспарлап отырмыз, – дейді олар.

Ж. Нұрболатқызы

 

 

 

Ата-аналардың пікірлері

    Зара Уразбаева, қала тұрғыны:

– Менің үш жасар егіздерім бар. Қызым сөйлеп жүрді, бірақ ұлым сөйлеуге асықпады. Бұл мені біраз уайымдататын. Сондықтан ұлыма көмектесудің жолдарын іздедім. Туыстарымнан балаларды дамыту орталығы ашылғанын естіп, егіздерімді сол сабақтарға жазып қойдым. Көп ұзамай балам сөйлей бастады. Оған моторикалық жаттығулар көмек берді. Сондай-ақ орталық мамандарының балалармен жақсы тіл табысып, әр балаға жеке көңіл бөлетіні де оң әсер етті.  Көпбалалы ана болғандықтан, қанша тырысқаныммен кей кезде әр баламен отырып, ойнауға уақыт жетпей жатады. Әрине, бұл жауапкершілікті толығымен дамыту орталығына жүктемейміз. Алайда осындай орталықтардың ата-аналар мен балалар үшін көмегі зор деп ойлаймын.

 

Шықпағанбетова Әйгерім, қала тұрғыны:

      – «International kids club» орталығына баламды жеті ай бұрын алып бара бастадым. Бұған екі жасар баламның сөйлей алмауы себеп болды. Орталықтағы мамандардың арқасында баламның тілі шықты. Дамыту сабақтарына балабақшадан кейін ұлымды аптасына төрт рет алып барамын. Балам орталыққа ерекше құлшыныспен барады. Тіпті демалыс күндері алып баруымды сұрайды.

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ