"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Нұрдәулет — батыл құтқарушы

Азаматтық қорғау саласының жүйелі түрде қызмет атқарып келе жатқанына биыл 29 жыл болады. Осы жылдар ішінде ішкі істер министрлігі сияқты бірнеше күштік құрылымдардың құрамында болған аталмыш сала қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі ретінде жеке құрылымға айналды. Ал құтқарушылардың кәсіби мерекесі 19 қазан деп бекітілген болатын. Мұндай батыл қадамдар құтқарушылардың әлеуметтік ортадағы беделін арттырып, қоғамдағы орнын бір сатыға жоғарылататыны сөзсіз.
Жантүршігерлік апаттар мен қызыл алауға оранған өрттерде батыл әрі жылдам әрекет ететін құтқарушылар кез келген қиындықта білікті әрі білекті жұмып әрекет етуі кәсіби біліктілігінің көрінісі екені белгілі. Сол себепті бұл қызметке қатаң ережелерді сақтау арқылы іріктелетін қарусыз майдан жауынгерлеріне қойылар талап та жоғары.

Ал аудан аумағындағы төтенше жағдай бөлімімен қатар №20 өрт сөндіру бөлімі және сол бөлімге қарасты ауылдық округтерде ұйымдастырылған ерікті өрт сөндіру бекеттерінің жылдан жылғакадр тапшылығы мәселесі мен техникалық базалары да толығып келеді. Негізгі бағыттары дала өртін алауыздықтау болса да, барлық төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары жан-жақты қарастырылған. Мәселен, биылғы ақпандағы ақ боранда жолда қалған жүк көлік иелері мен жолушыларды эвакуациялау кезінде, көктем мезгіліндегі су басу қауіпі бар ауылдарда құтқару жұмыстарында жеке құрамның жұмыла атқарған жұмыстары ел есінде екені анық.
Осынау жауапты әрі қауіпті мамандықты таңдаған және өз жұмысына құрметпен қарайтын құтқарушылардың бірі, №20 ӨСБ-нің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Нұрдаулет Бүркітәлімен кәсіби мереке қарсаңында тілдескенді жөн көрдік. Нұрдаулет құтқарушылар қатарына 2022 жылы өрт сөндіруші болып орналасып, бүгінде бөлімше командирі лауазымына қызметтік сатымен көтерілген білікті маман.

– Азаматтық қорғау саласында қызмет еткеніме көп болмаса да мойынымызға артылған жүкті толықтай сеземін. Әсіресе, адамдардың өмірі біз үшін ең маңызды фактор. Алғашқы жылдары жұмысқа бейімделу қиындық туғызды. Жанып жатқан үйден газ балонын алып шығу, жан-жануарларды құтқару, адамдарды эвакуациялау секілді маңызды шешімдерді қабылдауда ержүректілік пен салқынқандылық таныту қажет болды,- дейді Нұрдаулет қызметтегі алғашқы кезеңдерін еске түсіріп.

Нұрдаулет қызмет ететін аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамында 26 жауынгер-құтқарушылар шепте тұр. Аталмыш құрылым бастығының орынбасары Сағындық Жұмағалидың айтуынша, бөлімде 5 арнайы өрт сөндіретін көлік және қыс мезгілінде жол талғамайтын әрі адам эвакуациялайтын көліктерсақадай сай. Жалпы техникалық базасы қалыптасқан бөлімнің ауылдық аймақтарға да өрт сөндіру бекеттеріне де арнайы техникалар қарастырылған.

– Біздің бөлімде қызмет ететін әрбір құтқарушы құрметке лайық. Себебі, кез-келген шақыртуларда бірлесіп жұдырықтай жұмылатын жігіттердің еңбегі елеулі. Ал Нұрдаулетке келер болсам, жауапты әрі батыл шешімдері арқылы көзге түскен жауынгер. Бүгінде бөлімше командирі. Әріптестеріне сыйлы, абыройлы азамат деп айта аламын,- дейді бөлім бастығының орынбасары Сағындық Жұмағали.

Апат айтып келмейтіні түсінікті. Алайда, табиғи апаттардың алдын алу шаралары үнемі құтқарушылар назарында. Мәселен, күз келсе қыс мезгілінде болатын боран, аяз секілді табиғи құбылыстарға дайындық пысықталса, кейін көктемгі су тасқыны кезеңіне де қарсы оқу-жаттығу жиындары үнемі ұйымдастырылып отырады. Оның барлығы алдымен халықтың қауіпсіздігі мен құтқарушылардың біліктілігін арттыру және дағдарысқа дағдылану. Сондай оқу-жаттығудың оңтайлы пайдасы көп көмекгі тигенін алға тартқан Нұрдаулет былтырғы қыста жол құрсауында қалған жолаушыларды құтқаруда тактикалық тұрғыда уақыт ұтқандарын айтты.

– Жолда қалған көліктерге және жолаушыларды құтқару жұмыстарын ұйымдастырған сәттер жадымда естен кетпейтіндей сақталды. Себебі, жылыту пунктіне орналастыру үшін көлік иелерін көндіру, мүлікке жауапты болу секілді сенім білдіретін аса жауапты қызметтер бізді шыңдағаны рас, – деген құтқарушы маңызды жауапты шақыртуларының бірін еске алды.

Нұрдаулет кезекшілікке түскен күндердің бірінде Хромтау қаласының Конев көшесіндегі жеке үйдің жанғаны туралы дабыл қағылып, құтқарушылар оқиға орынына жедел аттанады.

– Біздің салада «алтын уақыт» деген түсінік бар. Ол дегеніміз 20 секундта бөлім аймағынан шығып кету. Осы тұжырым бойынша аталған үйге барып, өрт шыққан жерді анықтап, оны уақытында сөндіре білдік. Жедел әрекеттер арқасында жазғы үй мен гараж және көлікті аман алып қалдық, – дейді ол.

Құтқарушылар үшін ең қиыны қыс мезгілінде өрт сөндіру екен. Үстілеріне киетін арнайы киімнің салмағы 20 кг-ға жуықтаса, сумен еселеніп суыққа қатып қимылсыз қалған құтқарушының өзі өртпен арпалысады. Сондай қиындыққа қарамай қызмет ететін әрбір құтқарушы елінің батыры деуге толық негіз бар.
Аудандық өрт сөндіру бөлімі өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері 23 өрт оқиғасы тіркеліпті. Одан бөлек, 57 авариялық-құтқару жұмыстары мен 54 өртке жатпайтын жану оқиғалары да бар. Сонымен қатар, бірнеше жүздеген адамды эвакуациялап, жедел құтқару, іздестіру операцияларына да қатысқан құтқарушылардың адал қызметінің көрсеткіші осындай.
Нұрдаулет секілді білікті әрі батыл құтқарушылар кез келген төтенше жағдайлардың алдын алып, қауіпсіз өмірге кепіл болатын кәсіби мамандардың қатары арта берсін демекпіз.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ