"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватының жарақтандырылу деңгейін және орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің дайындығын тексерді

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ормандарды сақтау және қорғауда заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын тексерді.

Резерват аумағында Премьер-министр орман және дала өрттерін ерте анықтауға арналған, ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйені пилоттық режимде енгізу нәтижелерімен танысты. Аталған технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан және кез-келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді.

Мұнда Премьер-министр Олжас Бектенов, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен орман өртін қолдан ұйымдастырған оқу-жаттығу өткізілді. Резерват мамандары өрт сөндірушілермен бірлесіп, цифрлық технологиялардың тиімділігін және өрт сөндіру қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмін көрсетті.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев заманауи тепловизиялық және оптикалық камераларды пайдалана отырып, тәулік бойы бейнемониторинг кешендері өрт белгілерін бастапқы кезеңде автоматты түрде анықтайтынын баяндады. Өрт немесе түтін анықталған жағдайда жүйе Жедел басқару орталығына бірден сигнал жолдайды, бұл өрт ошақтарын жедел оқшаулауға және жоюға мүмкіндік береді. Орталық камералардан алынған кескіндерді нақты уақыт режимінде көрсетуге арналған бейне қабырғамен, сондай-ақ стационарлық радиостансамен жабдықталған. Мұндай орталықтар Абай облысының 7 ауданында орналасқан «Семей орманының» барлық 10 филиалында ашылған. Өртті ерте сөндіру жүйесі 100-ден астам сынақтан өткізілген. Қазіргі уақытта оны жетілдіру бойынша жұмыстар, оның ішінде алты метеокешенмен және құрғақ найзағай соғуын анықтауға мүмкіндік беретін найзағай бағытын анықтау стансасымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.

Президент тапсырмасына сәйкес, өртті ерте анықтау технологиясы бүкіл еліміз бойынша кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Ақмола облысындағы бес орман шаруашылығы мен Астана маңындағы екі қорықта, сондай-ақ Қарқаралы және Баянауыл ұлттық парктерінде жүйенің екі кезеңді енгізілуі туралы «Қазақтелеком» АҚ цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Бақтияр Қожахметов баяндады. Іле-Алатауы, Сайрам-Өгем ұлттық парктерінде және «Көлсай көлдері» МҰТП-да жұмыстар аяқталуға жақын. Үшінші кезең Шығыс Қазақстан облысындағы 10 орман шаруашылығын және Қатонқарағай ұлттық паркін қамтиды. Осылайша, биылғы шілде айында еліміздің 24 табиғи паркі мен қорығының өрт қаупі жоғары аймақтарын қамтуды аяқтау, қыркүйек айында барлық жүйені өнеркәсіп мақсатында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес біз орман қорын қорғаудың түбегейлі жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Орманды қалпына келтіріп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға да бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда. Президент айқындаған негізгі бағыттардың бірі – цифрландыруды енгізу. Өткен жылы резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын, 37 заманауи камерамен жабдықталған өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Технологияларды тікелей патрульдеу шараларымен нығайту қажет. Бұл өте маңызды. Сондықтан өрт қаупі жоғары кезеңде орман күзетінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ол барлық қауіпті аймақтарды қамтуға тиіс. Жүргізіліп жатқан жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсат-міндеттеріне толық сәйкес келеді, оның шеңберінде біз табиғи ресурстарды сақтап қана қоймай, азаматтардың экологиялық мәдениетін де арттырамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр жұмысты жеделдетуді және цифрлық технологияларды сапалы енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

*****

Краснокордон орманшылығының аумағын аралау барысында Олжас Бектенов Президенттің «Семей орманы» орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

«Семей орманы» МОТР бас директоры Қазбек Әметов соңғы екі жылда резерват паркі 100% заманауи техникамен жаңартылғанын хабарлады. Бүгінгі таңда оның тозу мәселесі толығымен шешілді, мәселен, 2023 жылы ол 85%-ды құрады. Тек өткен жылдың өзінде лизинг қаражаты есебінен 39 жаңа өрт сөндіру машинасы, 26 шағын өрт сөндіру кешені және аспалы жабдығы бар 10 трактор сатып алынды. Ықтимал өрттерді жедел анықтау және жою үшін кәсіпорынның қол астында 30 орман өрті стансасы, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның үш тікұшағы, 82 өрт сөндіру автомобилі, 49 шағын орман патрульдік кешені, 187 трактор (оның ішінде 70-і өрт сөндіру үшін), 49 патрульдік машина және тағы да басқа техникалар бар.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Қазақстанда өртке қарсы техникаларды жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл мақсаттарға 2024-2025 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттерден 21,5 млрд теңге бөлінді, нәтижесінде орман шаруашылықтарының ел бойынша жаңа техникамен қамтамасыз етілуі 87%-ға жетті. Орман шаруашылықтарынна 92 өрт сөндіру машинасы, 118 шағын орман патрульдік кешені, 244 трактор, 240 патрульдік машина және 3 мыңнан астам басқа да техника мен жабдық сатып алынды. Лизинг қаражаты есебінен 1057 өртке қарсы техниканы сатып алуға 35 млрд теңге бөлінді, осы жылдың мамыр айының соңына дейін бүкіл еліміз бойынша бұл жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда.