Саналы ғұмырын бала тәрбиелеуге арнап, өмірге қанат қақтырған ұстаздар қашанда зор құрметке лайық. Олардың елімізді өркендету жолындағы еңбектері ұшан-теңіз. Осынау игілікті мамандық иелерінің бірі, шәкірттерін күрделі де қызықты математика әлеміне баулыған Дайрабай Қошабаевтың есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс.
Математика ғылымы оның ішкі сырларынан бейхабар жанға қиын есептерден бөгде еш ғажайыбы жоқ пән ретінде көрінуі мүмкін. Алайда, бұндай пікірдің Дайрабай ағайдың оқушыларына қатысы жоқ. Олар сабаққа ерекше құлшыныспен барып, мұғалімнің әр сөзін мұқият тыңдайды. Себебі отыз жеті жыл бойы мектепте қызмет атқарған ұстаз балалардың математикаға деген қызығушылығын оятып, олармен тіл табыса біледі. Ол шәкірттерін облыстық, республикалық олимпиадаларға дайындап, білім биігіне көтеріп келеді.
-Оқушының білімге деген құштарлығын арттыру үшін түрлі әдіс-тәсілдер бар. Балаларға: «Мына есептің жауабын таба алар емеспін. Қанекей, сендер тауып көріңдерші» деп айтамын. Сол кезде олар математикалық есептерді асыға шығарады. Сонымен қатар, сабақтарға әр баланың үлгеріміне қарай алдын ала дайындалған есептерді алып барамын. Оқушылар белсенді қатысып, сабақтан тыс уақытта да тақырыптарды өзара талқылайды. Кейде оған өзім де куә болатыным бар. Мәселен, бірде түстен кейінгі уақытта мектепке келіп, оқушылардың дауын естіп қалдым. Кабинетке жақындасам, менің шәкірттерім екен. Есептің шешу жолын талқылап тұр. Тақтада бос орын жоқ. Өздерінің киімдеріне де бор жұғып қалыпты. Ешкімді, ештеңені байқамастан есеп шығарып жатыр. Үшеуінің де жазбасын қарап шығып, қате жоқ екенін айттым. Есепті әрқайсы өзінің білетін жолымен шешіпті. Солар секілді математикаға әуес оқушыларым олимпиадаларға қатысады. Кезінде сан мәрте топ жарғандар қазіргі таңда әртүрлі салаларда қызмет етуде, — дейді ол.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, кейіпкеріміздің кемел ұстаз болып қалыптасуына мұғалімдері әсер еткен. Жастайынан математика пәнін ерекше ұнатқан ол аудандық білім додаларында жеңіске жетуге ұмтылып, үздіктердің қатарынан көрініп жүрді. 1973 жылы мектепті аяқтап, Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылады. Араға екі жыл салып, Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түседі. 1980 жылы оқуын қызыл дипломмен бітіріп, еңбек жолын Ырғыз ауданынан бастайды.
-Мектепте математика пәнінен сабақ берген мұғалімнің әр тақырыпты егжей-тегжейлі түсіндіргені, сабақтарды ерекше өткізгені, адами болмысы ұнайтын. Ұстазыма ұқсағым келіп, математикаға деген сүйіспеншілігім де арта берді. Мектеп автобусын күтіп тұрғанда кез келген таяқты алып, жерге есеп шығаратын едім. Автобус келгенше барынша тез жауабын табуға тырысатынмын. Әскерден кейін инститтуттың бір жылдық дайындық бөліміне қабылдандым. Топтағы оқушылармен сан түрлі есептерді шығарып, тәжірибе жинадық. Дипломдық жұмысым ретінде «Дифферинциалдық теңдеулерді шешуде туындының пайдаланылуы» атты тақырыпты алдым. Өйткені, ол есепті шешу жолын жеңілдететін тың тақырып болатын. Оны сәтті қорғап, білгенімді балаларға үйретуге асығып, жұмысқа кірістім, — дейді Д. Қошабаев.
Осылайша, қызметіне алғашқы жылдардан-ақ білек сыбана кірісіп, бар күш-жігерін оқушыларға сапалы білім беруге салды. Оның өнімді еңбегінің нәтижесінде оқушылары «Алтын белгі» иегерлері атанып, еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсе алды.
Ол 1981 жылы дарынды балалардың жоғары көрсеткіштерінің, өз қызметіне деген адалдығының арқасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасайды.1985 жылы Ырғыз ауданындағы жаңадан салынған Қалалыгүл орта мектебіне ауысып, директор лауазымына тағайындалды. Мектепке жабдықтарды алып, тәжірибелі мұғалімдерді шақырып, жас мамандарды тәрбиеледі. Басшылық қызметімен қатар, шәкірттерін халықаралық байқауларға дайындап, биік шыңдарға жетелеуді жалғастырады. 1995 жылы Хромтау ауданына көшіп келіп, Дөң орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. Алайда, елдегі экономикалық қиын кезең оны сүйікті ісінен бес жылға ажыратып жібереді…
-Директор қызметін атқарғанымда ұжыммен біраз жетістікке жетіп, тексерістерден үнемі оң баға алып жүрдік. Он жылдан кейін отбасымызбен Хромтау қаласына көшуге шешім қабылдадық. Аудан орталығында мамандығым бойынша жұмыс жасауға орын болмағандықтан, ауыл мектебіне бардым. Дегенмен еңбекақының аздығы, уақытылы берілмеуі қиынға соқты. Балаларымды асырау үшін кәсіп ашуға бел будым. Сөйтіп, жанармай бекетін ашып, табысты еңбек еттім. Соған қарамастан, оқушыларды көргенде өз қызметімді сағынып, бұрынғыша балаларға білім беруді армандайтын едім. Сондықтан бес жылдан кейін сол кездегі №5 Хромтау орта мектебіне қызметке тұрып, қайтадан мұғалім ретінде жұмыс жасай бастадым, — дейді ұстаз.
Дайрабай ағай – жоғары санатты маман. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол кәсіби біліктілігін жетілдіруді тоқтатқан емес. Ол «Білім берудегі құзырлылық – оқытудың негізгі сапа көрсеткіші» облыстық аймақтық математиктер семинарында тәжірибесін ортаға салып, әдістемелік құралға енгізген. Оқушылардың қабілеттерін дамытуда «Алгебраға бастама», «Күрделі есептерді шешу жолдары» арнаулы курстар бағдарламасын жасап, математика пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік құралдарды шығарған. Республикалық, облыстық, аудандық білім басқармаларының Құрмет грамоталарымен марапатталып, бірнеше рет облыс әкімінің грант иегері атанған. 2013 жылы «Үздік математик» байқауына қатысып, І орынды жеңіп алған. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстаз он жыл бұрын зейнетке шықса да, қызметінен қол үзбей, оқушылардың талабын шыңдап, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауда.
Жанел Нұрболатқызы
Сіз білесіз бе?
- Ағылшын математигі Абрахам де Муавр қартайған шағында ұйқысының ұзақтығы күніне 15 минутқа артып отыратынын байқаған. Арифметикалық прогрессия арқылы 27 қараша 1754 жылы оның ұйқысы 24 сағатқа ұласатынын анықтаған. Дәл сол күні ол қайтыс болған.
- Америкалық математик Джордж Данциг, университеттің аспиранты болып жүргенде сабаққа кешігіп келіп, тақтада жазылған теңеулерді үй жұмысы деп жазып алады. Бұл оған әдеттегі теңеулерден қиын көрінеді, дегенмен ол оны шығарды. Нәтижесінде, ол көптеген ғалымдар шығара алмай келген екі есептің жауабын тапқан.
- Діншіл еврейлер христиандық символикалардан және жалпы крестке ұқсас белгілерден аулақ болғанды жөн санайды. Мысалы, израильдік кейбір мектептерде оқушылар «қосу» белгісінің орнына төңкерілген «т» әрпіне ұқсас белгіні пайдаланады.
- 1900 жылы барлық математикалық зерттеулерді 80 кітапқа сыйдыруға болатын. Қазірде барлық мәліметтерді 100 000 кітапқа сыйдыру қиын.
- Еуро купюрасының шынайылығын оның әріптік сериялық нөмірі мен он бір саны арқылы тексеруге болады. Әріпті оның алфавиттегі реттік санына ауыстырып, бұл санды қалған он бір санға қосу керек. Кейін сандарды бүтін сан шыққанша қоса беру керек. Егер бұл сан 8-ге тең болса, онда купюра жалған болғаны.
Тексерудің тағы бір тәсілі сандарды қосуға негізделеді, бірақ әріптің қажеті жоқ. Бір әріп пен саннан құралған нәтиже нақты бір елге тиесілі екенін білдіреді. Еуроны түрлі елдерде басып шығатынын біз жақсы білеміз. Мысалы, Х2 деген нәтиже шықса, демек бұл ақша Алманияда басылып шығарылған.
Ғаламтордан алынды