"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Өнері өрістеген шебер

Іңкәр Шонтықова темірдей тәртіпті талап ететін теміржолда байланыс диспетчері болып жұмыс жасайды. Ол асқан жауапкершілікті жүктейтін қызметімен қатар қолөнерді кәсіп етіп, әлеуметтік желі арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын қыз-келіншектерге дәстүрлі бұйымдарды жасауды үйретіп жүр.

Он саусағынан өнер тамған ісмер білгенімен бөлісу мақсатында YouTube арнасына тегін шеберлік-сыныптарын жариялап келеді. Оның бейнежазбалары жалпы есеппен он жеті мыңға жуық қаралым жинап, дәстүрлі өнерді үйренуге талаптанғандарға көмегін тигізуде. Келін көрпе тігуді, кез келген өлшемде ою шығаруды, сәукеле қобдишасының жасалу жолын меңгергісі келген көпшілік бейнежазбаларға оң пікірлерін жаудырып, шеберге алғысын білдіруде. Іңкәр еліміздегі жүздеген қыз-келіншектің жаңа саланы үйренуіне септігін тигізіп қана қоймай, өз қызметін атқаруға да үлгереді. Айтуынша, теміржол саласын таңдауына нағашылары әсер еткен.

         -Нағашы атам 43 жыл бойы теміржолда жұмыс жасады. Нағашыларымның барлығы сол салада қызмет еткендіктен, әпкем екеуміз де туыстарымыздың жолын қудық. Менің бірінші мамандығым — жылу энергетигі. Алайда, Алматы қаласында оқып, дипломымды алғаннан кейін туған жеріме қайта оралғанда оқыған салам бойынша жұмыс таба алмадым. Сондықтан, екінші рет жоғары оқу орнына түсіп, қазір Хромтау қаласындағы теміржолда қызмет етемін. Теміржолда сергек әрі ұқыпты болу маңызды. Менің міндетім – он екі станцияны бақылап, күнделікті атқарылған жұмыс жайындағы есепті басшылыққа тапсыру. Ал, жұмыстан бос уақытымда қыз жасауына, киімдер мен бұйымдарға тапсырыс қабылдап, әлеуметтік желіге бейнежазбаларды түсіремін, — дейді шебер.

Ол Алматы қаласында оқып жүргенінде құрақ құрау бойынша шеберлік-сыныптарға қатысып, тігін ісіне үйреніп бастаған. Оқуын ойдағыдай тәмамдап келген соң туыстарынан тапсырыс қабылдап, шеберлігін шыңдаған. Бүгінде оның сапалы бұйымдары тұрғындар арасында сұранысқа ие.

         -Әкем тігін өнеріне жақын. Бала кезімде ол: «қыздарымның біреуі болса да қолөнерді меңгерсе екен» деп үнемі айтып жүретін. Әкемнің тілегі қабыл болған шығар, Алматыда жүргенімде құрақ құрауға деген қызығушылығым пайда болды. Биыл тігін ісімен айналысқаныма алты жыл болды. Тұрғындар менің бұйымдарымның сапасы жоғары екенін айтып, көбірек тапсырыс алуымды сұрайды. Бірақ, менің негізгі жұмысым болғандықтан, айына 3-4 тапсырыстан көп ала алмаймын, — дейді ол.

Құрақ құрау, бұйымдар жасау – жалпы кез келген қолөнермен шұғылдану ептілікті, дарынды және уақытты қажет етеді. Алғашқы аталған екі қасиеттің кейіпкеріміздің бойында бар екені сөзсіз, бірақ мүлде басқа саланың маман иесі болып табылатын оған уақыт жетіспейтін ресурс. Дейтұрғанмен, ісмердің алға қойған мақсаты — айқын, ұстанымы – берік. Сондықтан, ол міндеттің қиындығына қарамастан, жоспарларын орындауға ұмтылып келеді.

         –Бұйымды жасап шығаруға біраз уақыт кететін болса, оны YouTube арнасына түсіруге екі-үш есе көбірек уақыт керек. Оның үстіне негізгі жұмысым бар. Бірақ, мен отандық өнімдердің көбейгенін қалаймын. Қазақ қыздары тегін шеберлік-сыныптарымнан ілім үйреніп, бейнежазбаларымды кәдесіне жаратса деймін. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі ақпараттар аз. Тілімізді үйрену және үйрету үшін заманауи әдістерді қолдануымыз керек деп есептеймін. Яғни, әлеуметтік желіде орыс, ағылшын тіліндегі ақпараттар, жазбалар қаншалықты көп болса, қазақ тілінде де соншалықты болуы тиіс.  Міне, осының барлығы маған мақсатыма жету жолында күш беріп келеді. Бейнежазба түсіріп бастағаныма үш ай болды. Қазіргі таңда сол арқылы тігіп үйреніп, алғысын білдіріп жатқандар күннен күнге көбеюде. Оның өзі маған бастаған істі аяқсыз қалдырмауға шабыт беріп келеді. Тіліміз бен ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосуға деген мақсатымнан бөлек тағы бір арманым бар. Ол – сән үйін ашу, — дейді Іңкәр.

Жанел ӨТЕУЛІ

 

 

ПІКІР ЖАЗУ