Еуразиялық топтың ERG jazFest жазғы денсаулық фестивалі биыл веложарыспен басталды. Бұл орайда кәсіпорын Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін де ұмытпай, атаулы датаны балалар мерекесімен ұштастырды.
Мақсат — жас буынға табиғатқа қамқор болуды үйрету. Іс-шара аясында Еуразиялық топтың бөлімшелері көліктен бас тартып, бір күнді велосипедпен жүруге арнаған. Мереке соңында олар корпоративтік стильдегі медальдарға ие болды. Оның ішінде «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинаты да бар.
Қала бойынша эко-веложарыс балалар мерекесінің тамаша бастамасы болды. Бұл күні велосипедпен қаланы аралап шыққан 100-ден аса қызметкер мен басшылық құрам стадионға оралып, эстафетаны балаларға табыстады. Әрі қарай бүлдіршіндер мен жасөспірімдер өз велосипедтерімен велошеруге қолдау көрсетті. Ал белсенді демалысты ұнататындар арт-терапиямен айналысты.
Жазғы денсаулық шарасына қатысқан халықтың санында есеп жоқ. Олар суретшілермен бірге қабырғаға сурет салды. Қанық түстермен боялған қабырға суреттері биылғы жаздың жарқын естелігі болып қалады. Фестивальге ұласқан
іс-шарада балаларға үлкен теннис пен баскетболдан шеберлік сағаттары өтіп, жаттықтырушылардан осы ойындардың негізгі қағидаларын үйренді. Таза ауада, шуақты күннің астында түрлі ойындар ойнап, сыйлыққа кенелді.
Іс-шара соңы одан әрі қызық бола түсті. Балаларға арналған холли түстерінің шағын қойылымы өтті. Қалалық стадион алаңында бақытты балалардың риясыз күлкісі ата-аналарды да елітіп әкеткендей. Олар да бірге ойнап, балалық шаққа саяхаттап қайтты. Холли бояулары — сертификатталған және табиғат пен балалар үшін қауіпсіз. Оларды жуып кетіру қиындық туғызбайды. Сондықтан да болар үлкені мен кішісі тәтті сәттің дәмін бірге сезіп, демалыс күндерін есте қаларлықтай өткізді. Көпшілікпен бірге жеген балмұздақтың да дәмі ерекше болады.
- Жыл сайын балалар мерекесін қызықты өткізетін ұйымдастырушылардың бірі —ЕRG-ге көптен-көп рақмет. Іс-шараға қызымыз екеуміз келдік. Бастысы — балаларымызға ұнап жатыр. Сыйлыққа да ие болдық. Жолдасым Дөң тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Қызметкерлердің отбасыларына көңіл бөлетіндеріңізге ризамын, — деді Гүлдария Қожахметова.
Мереке соңында балаларға арналған лоторея да ұйымдастырылды. Самокат, велосипед секілді құнды дүниелер ұтып алған балақайлардың қуанышында шек болмады. Іс—шараға келген қонақтар әдемі фотозонада естелік суретке түсіп, тарқасты.
Арайлым ҒАНИ.
Наталья КАРПОВА.