"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Президент Жолдауы – дамудың жол картасы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті.

Президент Жолдауы – дамудың жол картасы
Онда депутаттар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру барысын талқылады. Сондай-ақ инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері туралы заңды қарады.

Отырыс кезінде Жолдауда белгіленген басымдықтарға мән беріліп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша палата жұмысының маңызды бағыттары айқындалды.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін алдағы уақытта барлық деңгейдегі депутаттар мүдделі тараптармен, оның ішінде сарапшылармен бірлесіп, тиісті заңдарды уақтылы әзірлеуге және қабылдауға айрықша назар аударуға тиіс. Олардың қатарында Банктер туралы заң, Цифрлық және Құрылыс кодекстері, Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы заң бар. Сондай-ақ «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңарту, парламенттік реформаны жүзеге асыру, инвестициялар тарту жүйесін жаңғырту және басқа да стратегиялық бағыттарды дамытуға қатысты жұмыс барысы сөз болды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында Қазақ­станды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыруды мақсат етіп белгілеп берді. Оған қол жеткізу үшін қысқа мерзімде Цифрлық кодексті қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ Банктер туралы заң мен Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе беретін заңды да қабылдауымыз керек. Жыл соңына дейін жаңа Құрылыс кодексін қабылдау және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңарту міндеті де жүктелді. Парламенттік реформа – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру және демократиялық ин­с­титуттар мен тетіктерді нығайту жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы екені анық. Жалпы, Президентіміздің биылғы Жолдауын Қазақстанды жаңғыр­тудың жаңа замандағы кешенді жол картасы деп қабылдаймыз. Сондықтан Қазақстанның орнықты дамуына арналған барлық бас­таманы бірлесіп іске асыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады.

«Қаралған заң еліміздегі инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін және мемлекеттік статистиканы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Түзетулер аясында бірыңғай инновациялық кластер құру көзделіп отыр. Осыған байланысты Astana Hub пен «Инновациялық технология­лар паркі» кластерлік қорын біріктіру және олардың қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық орта құру қарастырылды. Құжатта инновациялық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға қажетті өзге де шаралар қамтылған. Заңның қабылдануы отандық инновациялық саланың дамуына және ел экономикасының ілгерілеуіне тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Нақты айтқанда, осы заңның норма­ларына сәйкес қайталанатын функцияларды болдырмау және одан әрі бюрократиядан арылту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңесті тарату жөнінде түзетулер енгізіліп, оның бірқатар функциялары Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Қазақстан Республикасының Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясына беріледі. Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодекске түзетулер шеңберінде осындай венчурлік қорлар активтерінің (бүкіл портфелінің) кірістілігі (залалдылығы) негізінде венчурлік қорларды қоса қаржыландыру жөніндегі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну және іске асыру тиімділігін бағалауды жүзеге асыруға қатысты норма қарастырылған.

Бұдан басқа, палата отырысында сена­торлар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған бастамаларды іске асыруға ар­налған депутаттық сауалдарын жолдады.

Ардақ СҰЛТАН

ПІКІР ЖАЗУ