"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Сенатор: Ұлттық құрылтай – парламенттік реформаның шешуші кезеңі

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде биылғы жыл елдің болашағы үшін шешуші кезең болатынын атап өтті. Осыған қатысты сенатор Айнұр Арғынбекова пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент бірпалаталы Парламентке көшу бастамасы бұған дейін Жолдауда жарияланғанын және кең қоғамдық талқылаудан өткенін еске салды. Талқылаулардың, әлеуметтанулық сауалнамалардың, сондай-ақ депутаттар мен партиялық фракция басшыларының өңірлерде сайлаушылармен өткізген кездесулерінің нәтижесінде бір палаталы Парламентке көшуге қатысты қоғамдық келісім қалыптасты. Мемлекет басшысы реформаның жалпы бағыты бойынша түбегейлі келіспеушіліктер жоқ екенін, ал негізгі пікірталас жаңа Парламенттің мазмұндық параметрлеріне – оның құрамы, құрылымы мен жұмыс қағидаттарына қатысты өрбіп отырғанын айтты. Дәл осы бағыттағы Жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстарды Президент Ұлттық құрылтай алаңында ұсынды, – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар ол негізгі мақсат – өкілдерінің сапасына басымдық беретін барынша тиімді әрі кәсіби Парламент қалыптастыру екендігін алға тартты.

Жұмыс тобының отырысы қорытындысы бойынша 145 депутаттық мандатты, Төрағаның үш орынбасарын және сегізден аспайтын комитетті бекіту жөнінде шешім қабылданды. Президенттің айтуынша, парламенттік реформаға қатысты ұсыныстардың екінші блогы Парламенттің негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы құзыретін кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындау қолданыстағы екі палата мен Президент арасындағы өкілеттіктерді бөлу үлгісінің орнына, тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылуы ұсынылады, – дейді Айнұр Арғынбекова.

Сонымен қатар елдің ең жоғары өкілді органының депутаттарына Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құқығын беру көзделіп отыр.

Президенттің сөзінше, бұл қадам қазақстандық парламентаризмді дамыту және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ. Президенттің айтуынша, ұсыныстардың үшінші блогы жаңа Парламентті қалыптастыру тәртібіне қатысты. Депутаттар пропорционалды жүйе бойынша сайланатын болады, бұл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде мажоритарлық жүйені сақтаудың принципті маңызын атап өтті. Бұл мәслихаттарда жергілікті тұрғындардың үні тікелей естіліп, өңірлердің ерекшеліктері ескерілуі үшін қажет. Осылайша, реформалар бір реттік шешім емес, қоғамдық сұранысқа негізделген үздіксіз үдеріс ретінде қарастырылып отыр. Мақсат өзгеріссіз – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген, институттары азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істейтін әділетті мемлекет құру, – деп түйіндеді сенатор.

ПІКІР ЖАЗУ