"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарМәдениет

СЕЗІМ СЫРЛАРЫ

Қожабекова Жұлдыз Қазиханқызы 1986 жылы 30 қарашада Әйтеке би ауданының Толыбай ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Хромтау ауданы, Ақжар ауылдық округінің Ақжар қазақ орта мектебін аяқтаған. 2008 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін, 2010 жылы магистратурасын бітірген. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің тілдер кафедрасының оқытушысы болып жұмыс жасайды.

Ақын, сондай-ақ айтыскер ақын, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. «Жұлдызым» жыр жинағының авторы.Көптеген айтыстарда жүлделі орындар алып, ауданның ғана емес, өңірдің намысын қорғап жүр.

Ақынның сиясы кеппеген туындылары

 

ТЕҢІЗГЕ СЫР

Түн. Жерорта теңізі.

Тұр төбемде Шырақ Ай!

Ақ толқындар секілді, ақтарылдым шыдамай…

 

Аланияның тұрғандай атыңызды бұлты ән ғып…

Сізді аңсаған санамда сағыныш пен  іңкәрлік…

 

Теңізге айтып сырымды,

Сезіміме сендірем:

“Дәл осылай ешкімді сүйе алмаспын енді мен!”

 

Ұмытқан шақ еркімді,

Үміт моншақ шашылған…

Самалы боп теңіздің сипадыңыз шашымнан…

 

Елесіңді жасырды,

қыр басында қырсық Ай…

Қайран көңіл теңіздей,

Тебіренді тыншымай!

 

Атыңызды жүректен өшіре алар емеспін,

Кеш кезіккен тағдырды кешіре алар емеспін!

 

Бәрі ұнатып, ал сізге байқалмауым тым ауыр,

Сіз жайында ешкімге айта алмауым тым ауыр!

 

Нені іздеді көңілім шағаладай шарқ ұрып,

Теңіздегі сабырым,

қалғандай ма сарқылып?

 

Үміт оты жалт етіп, найзағайдай көк тілген,

Атыңызды теңізге сыр ғып айтып кеттім мен!

 

Жұлдыз Қазихан

07.07.2024

19:26

Алания

 

ҚОШТАСПАЙЫҚШЫ ЕКЕУМІЗ…

Жүрегімнің жүз əніне лайықсыз,

Сізсіз өткен көктем нұрсыз, бекер күз.

Алдыңызда болмасам да айыпсыз,

Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

 

Жанардан-ақ мөлтек сырды түсіндік,

Біріміз-Ай, біріміз-Күн екенбіз..

Себеп тапсын ажырату үшін жұрт,

Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

 

Сізге деген сезіміме жыр куə,

Наз етеді шемен шерін шекер қыз.

Өткен шақта жасасақ та мың күнə,

Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

 

Сүйген жүрек үшін мұң мен наз бақыт,

Бірге болсақ бір мұратқа жетерміз.

Өкпелесіп қалсақ-тағы аз уақыт.

Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

 

Сезім семіп, көңіл көніп өлгенше,

Қарттық таяп, қасымызға жетер күз.

Ажал келіп арамызды бөлгенше,

Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

 

Шешімі боп жанардағы жұмбақтың,

Өтер талай көктем нұрлы, өтер күз,

Жүрегіміз қалайды ғой қымбаттым.

Қоштаспай-ақ қояйықшы екеуміз!

Жұлдыз Қазихан

 

Елдің бәрі уайымсыз дейді мені,

Ал жанымды сіз жайлы ой күйдіреді…

 

Ақылыма саламын сезімімді,

Сәлден кейін аңсаймын кезігуді.

 

Алабұртқан көңілімді тартам келіп,

Сағынамын сәлден соң аңқам кеуіп…

 

Ойлама деп саламын санама жүк,.

(Суретіңнен содан соң табам азық)…

 

Жүрегіме беріп ап әмір өктем,

Шықпай қалам сіз жүрген төңіректен.

 

Бітетінін білсем де көнбей тұрып,

Жан дүниемде бір жарық сөнбейді үміт.

 

Қайтем мына жүректің алдайтынын,

Біліп тұрып бір бола алмайтынын!

 

Бұл сөзіме құп алып, қосылар кім?

Шын махаббат дегенің осы бәлкім?!

Жұлдыз Қазихан

 

Ақын шығармашылығынан

 

ТҮС

 

Бағыма тамсанып қыз біткен,

Сәт келді, сағынып біз күткен!

Жанарың аймалап жанымды

Үздіккен…

 

Қияға асады қиял ұқ!

Көңілден күрең мұң күй ауып…

Сіз маған, мен сізге қараймын

ұялып…

 

Ерінің бал ма деп у талмай,

Ерітіп жүректі мұң таудай,

Басымнан бағымның бұлты аумай.

Көрдім де байланды бал тілім

Мылқаудай…

 

Сіз маған отырсыз тым жақын,

Қасымнан естілді қымбат үн.

Бүгінгі тәп-тәтті татыр ма,

жылға түн…

 

Тағдырым не деген жомарт тым?!

Сізбенен сезімге жол арттым.

Есімде қалғаны Сіз, Ай, Түн,

Есімді жоғалттым…

 

Күлкіме күнәсіз күй тұнған,

Естілді кермек мұң кейпінде ән.

Өңім деп ойласам түс екен,

Оянғым келмеді ұйқымнан…

 

Тұңғиық сезімге тұнып сәт,

Мөп-мөлдір жүректен сыр ұқсақ,

Түсіме жиі еніп тұрыңыз…

Рұқсат!

 

 

КҮЗ.СІЗ.МҰҢ.

Күзді де кінəламаймын…
Сізді де кінəламаймын…
Жаралы жапырақ көңіл жаурағаны үшін.
Бағымның жанбағаны үшін.
Өзгермес қалауым менің,
Өзгеге алданамысың!

 

Күзгі мұң қиял əндердей,
Сізді кім сүйе алар мендей?
Сағыныш парақтарына үзілді жасым,
Күле алмай, күзім жыласын,
Қызықтыра алмайды мені,
Дүние қызылды жасыл.

 

Күз, мені мұңайтасыз ба?
Сіз мені мұңайтасыз ба?
Кеудемде бір арман қалды, жаңылдым естен.
Сағыныш сағымды кештен.
Жүрмін мен бағымды таппай,
Жүрекке əмір жүрместен.

 

Күздегі əуен əдемі…
Сіздегі əлем əдемі…
Мен үшін екеуіңіз де ерексіздер ғой..
Сезімге себепсіздер ғой…
Мені тастап кетпеңіздерші
Керексіздер ғой!

 

 

СІЗДІ КӨРСЕМ…

 

Сізді көрсем батамын тәтті елеске,

Қиялдағы түседі сәттер еске.

Сіз дегенде алқынған жүрегімді

Ақылыммен көрейін сап кеңеске.

 

Құрым халық тұрса да көзге ілмеймін,

Сұқтансын көз, сынатсын сөздер мейлің?!

Ақылды алдап, жүректің жүгін артып,

Әй, осы мен ешқашан өзгермеймін.

 

Сізді көрсем күн күліп, таң нұрланып,

Жүрегіме сезімнен жаңбыр жауып.

Ақша бұлттай арманға алқынамын

Ақша жүзім бақыттан бал-бұл жанып…

 

Өң мен түстей өліара сол шақтар-ай,

Сәуле шашып тұратын моншақтап Ай.

Сезім деген тартылыс күші барда,

Кете аласыз Сіз менен алшақ қалай?!

 

Сізді көрсем бір күйге бөленемін.

Жібек сезім тапқандай Төлегенін.

Кезігу де, сезіну бәрі уайым

Жүрегімнің жазар тек өлең емін.

 

У сезімім тілімді уылтады,

Құм көңілді құса мұң құбылтады.

Бақытты боп кетердей сезінемін,

Сізді көрсем бір рет бүгін тағы…

Жолығып қалыңызшы бүгін тағы…

 

СЫР

 

Жүрегімде Сізге деген тынбас əн,

Лүпіліне құлақ салып тыңдасаң…

Екі арманды бір арнаға тоғытып,

Туады екен кездесетін күн қашан?

 

Үркер ауып, үнсіздіктің тынысын,

Бұзса екен тек жөткірінген дыбысың.

Айсыз түнде аймаласқан көздер мен

Сыбырласқан сөздер бөлсін түн ішін…

 

Таңдай қақса сезіміме таң, əлем,

(Құшағыңда демін алса жан əрең.)

Мың жұлдыздың арасынан жердегі,

Сенің ғана Жұлдызың боп жанар ем…

 

Өзге мені селт еткізбес… сенемін,

Сұрамай-ақ қойшы соның себебін.

Таң алдында есігіңе елес боп,

Сізден ғана бақыт іздеп келемін.

 

Енді менің жүректегі дертім мұң,

Сезімімнің күйі болып шертілдің.

Сізді бүгін сағындым ғой тағы да,

Бағына алмай егесіне еркімнің.

 

Мені бұлай қинап жүрсіз бекер Сіз.

Өкпелетіп өкінішке жетерсіз.

Іздегені мөлдір сезім екен деп,

Сіз де мені бір күні іздер ме екенсіз?

 

 

 

ІҢКƏРЛІК

 

(Мен: )

«Жанарымды Сіз үшін мұңға малдым!»

(Сіз:)

«Жүрегіңе жазықсыз мұң жамармын»

(Мен:)

«Сіз сыйлаған тəтті шер мың есе артық!

Сүйдім деген сөзінен кіл «жаманның»!

 

(Сіз:)

«Құлай сүйіп, періштем таң қалдырма,

Мен тəкаппар адаммын! Қалған мұңда…»

(Мен:)

«Мен Сіз үшін дайынмын, періште емес,

Күнəхар да болуға Алла алдында.»

 

(Мен: )

«Тек сіздегі жүрекке іңкəр күнмін,

Жанарымнан жаңбырдай мұң тамдырдым.

(Сіз:)

«Баяны жоқ бақытқа жолықтырған,

Талқысына не дейін бұл тағдырдың!»

 

(Сіз:)

«Жаман адам дер мені ел сол кісі,

Тұрақсызбын сезімге ең сорлысы.

(Мен:)»

«Мен болайын Сіздегі адалдықтың

Алғашқысы жəне де ең соңғысы!»

 

(Сіз:)

«Ұнатпаймын адалдық қылғанды аса,

Гүлдей сені менен тек күн қорғаса…»

(Мен:)

Бақыт сезіп, аз уақыт мəз болайын,

Алдаңызшы сүйем деп тым болмаса»

 

(Сіз:)

«Талпынасың бір баққа жету үшін

Ал менің көп өмірде өкінішім,

(Мен:)

«Айла тауып алдаңыз! Аямаңыз!

Өзіңізді жек көріп кету үшін»

 

 

МЕН СІЗДІ САҒЫНҒАНДА…

 

Мен Сізді сағынғанда…

Күрсінтіп тұнжыр түнді таңға ұрамын.

Көңілім-көмілген бұлт…

Жаңбыр-əнім…

Жалт етсе жанарыңыз, жанымда жаз

Қайтемін өзгелердің сандырағын.

 

Мен Сізді сағынғанда…

Таң атсын, көш бастасын керуен күн.

Сезбеймін, бақыттан да жерігенмін.

Суалған еңлікгүлдей еміреніп,

Қош айтып елік күнге егілермін…

 

Мен Сізді сағынғанда…

Көмкеріп қызғаныштың көрпелерін.

Өзімнің отыма өзім өртенемін.

Бар мұңды сілкіп тастап,

Сізге барып,

Келеді алдыңызда еркелегім…

 

Мен Сізді сағынғанда…

Алдымнан жолығардай іздегенім.

Күрсініп күрең жолмен күзге еремін.

Алқынып жүрегімнің алып ұшқан

Дүрсілі естілмей ме Сізге менің?!

 

Мен Сізді сағынғанда…

Көмескі көңіл суып, налыдым-ау.

Күз келіп, қайғы əкелді тағы мынау.

Соншама сағындырмай, сабылдырмай

Жаныма жетпейсіз бе, жарығым-ау!

 

 

ШАРАСЫЗ СЕЗІМ

 

Тұрады менің өлеңім мөп-мөлдір көздің жасынан,

Қаяу түскенде көңілге қайғымды қайда жасырам?

 

Көлеңкемнің де көзінде өзіңіз жайлы көп елес,

Ақылым менен ;үрегім жасайды ішімде төбелес.

 

Өмірде өзіңмен мен мүлде кездеспей кетсем не істер ем?

Жомарт тағдырдың жолында жоғалтар жоқ қой ештеңем.

 

Шынайылық жоқ бұл күнде…

Көз жасым түгіл күлкімде…

Ұғынбай кетті екен деп ұмыту мені мүмкін бе?

 

Есалаң қыздың кесірі: сезіміңіздің есі ада

Қия алмай…бірақ сүйе алмай жүрсіз бе мені?

Не шара?

 

Жуымай қойды жаныма тек сізге ғана іңкәр жыр,

Шын сүйгендерді қоспайтын қиын ғой қиын бұл тағдыр!!!

 

 

ҚҰСА

 

Құс қайтқанда сағыныштан құсалы ем.

Жасым түгіл жанардағы күлкім мұң.

Құс жолына бəрін тастап ұшар ем,

Құшағынан шыға алмадым бұл түннің…

 

Аспандағы Ай да жалғыз, Мен жалғыз,

Аңсарымыз Күн мен Сіз ғой… О, тоба!

Ешкім еркін айта алмаған енді əнбіз.

Сыймай кеткен сегізінші нотаға.

 

Мақпал түнде мағынасыз бар бір мұң,

Жасырамын жан адамнан сыр етіп,

Алдына кеп тізе бүгіп тағдырдың.

Тақсыр айттым, тағы бүгін, дұға етіп.

 

Жетім көңіл…жетім жүрек ол да мұң…

Өзге бақты аңсап бүгін нетейін.

Иығыңыз болсын менің қорғаным,

Басым сүйеп, ұйықтап мəңгі кетейін.

 

Қара аспанға қарап жатып, қамықтым,

Тілегімді Тəңір бергей сол бір кеш.

Сонаау көктен көзге түскен жарықтың,

Сөнбегені… үмітімді сөндірмес…

 

Құс қайтқанда сағыныштан құсалы ем.

Қарашықта қамалады сыймай мұң.

Құс жолына бəрін тастап ұшар ем,

Жер бетінде жалғыз Сізді қимаймын.

 

 

ТЕМІР ТАБЫТ

Заман ауып,

Келді ме заманақыр?

Әскердегі әшкере санада тұр.

Өрімдей ұл өмірмен қош айтысып,

Темір табыт теңселіп бара жатыр!

 

Темір табыт!

Жек көрер, жери адам,

Жоқтау өлең күрмелді көмей одан.

Бейбіт күнде айрылған перзентінен,

Аңыраған анаға не дей алам?!

 

Не дей алам?

Әкеге сағы сынған…

Жанайқайы жаңғырып жан ұшырған,

Ел қорғайтын Ер болды деп жүргенде,

Қапияда айрылған арыс ұлдан….

 

Деп жүргенде:

“Ер жетті ұлым батыр!”

Тағы ерлердің тағдыры бүлінді ақыр.

Бабалары жауымен жағаласса,

Балалары бір-бірін қырып жатыр.

Не болғанын кім, бірақ, біліп жатыр?

 

Ақ-қарасын айырар жоқ Әділдік!

“Өз-өзінен өлді” деп, тоба, күлдік!

Өр намысты ерлердің мекені еді,

Қорғанысты қорлайтын “қора” қылдық!

 

Жүрсеңдер де билікті зор ынта ғып,

Әскердегі өлім көп, өмір қауіп…

Қорқау тектес басшылар қорқыңдаршы,

Темір тиын, темір тақ мәңгі емес қой,

Түбі жатар жерлерің- Темір табыт!

 

ЖЕНЕВАҒА ХАТ!

Женева!

Ән қаласың!

Паң қаласың!

Талайлар тапқан сенен жан дауасын.

Ұларын Ұлытаудың ұғасың ба?

Альпінің басынан бұлт аумағасын…

 

Көре ме ақын жүрек Альпіні тау?

Қасқайып тұрған кезде қарт Ұлытау!

Қапаста қаңтарылып қалғанменен

Мүмкін бе, қаңтардағы қарды бұрқау!

 

Женева сияқтысың төскей керең,

Көңілдің көкжиегін көксей берем.

Төбеңде шақырайып күн тұрғанмен,

Көшеңде Жүрсін айтқан өксиді өлең!

 

(Жаманға жорығанға сайтан ерсін!

Іңкәр жыр жан сырымды айта берсін.)

Женева дауа беріп абызыма,

Дидарын дүниенің қайта көрсін!

 

Женева!

Ән қаласың!

Паң қаласың!

Талайлар тапқан сенен жан дауасын.

Жүрсіннің жүрген ізін іздесе елі

Ізгілік осы ма деп таң қаласың!

 

Өлеңі Леман көлдей терең ағам,

Шертілсін сізге арналып серенадам…

Болып жүр көңіліміз елең-алаң…

Сүйінші хабар күтіп Женевадан

 

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ