"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН ОТБАСЫ

Отбасы — шағын мемлекет. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген текті халықтың тәмсілі бар. «Біздің кейіпкер» айдарымыз спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстанып, ауданда спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Ерғазиндер отбасына арналады.

Отағасы Ринат Ерғазин Бөгетсай ауылындағы мектепті аяқтаған соң Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын қазіргі Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінде бастаған ол саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған. Бүгінде Хромтау балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқаратын Ринат Ерғазин жұбайы Алмагүл екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр.

— Балаларды спортқа баулимын. Соның ішінде қыз балаларға волейболдың қыр-сырын үйретіп келемін. Шәкірттерімнің жетістіктеріне қарап көңілім марқаяды. Еткен еңбек пен төгілген тердің зая кетпегенін түсінемін, — дейді кейіпкеріміз.

Былтыр оның шәкірттері Азия ойындарының V орын иегері атанды. Биылғы жылы аталмыш жарыста да бақ сынаған шәкірттері Орта Азия ойындарының күміс жүлдесін еншілепті.

Ауданның жас жеткіншектерін волейбол ойнауға баулып, түрлі додаларға қатысып, тек ауданның ғана емес, бүтін бір елдің намысын қорғап жүрген республикамыздың волейболдан U-18 жас аралығындағы қыз балалардың бас жаттықтырушысы Ринат Серікұлы отбасы туралы былай дейді:

— Отбасы — сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Әр отбасында ұлттық құндылықтар мен дәстүрдің сақталуы — ел дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасының береке-бірлігі әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде деп білемін. Атадан қалған есті сөздің бірінде «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасының босағасы берік, мүшелерінің бақытты болуы үшін, ең бастысы — өзгелерді, соның ішінде балаларды бақытты етуіміз керек. Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы отбасы болса, отбасының іргетасы — бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын, қамқорлығын сезінгенде ғана бақытты болып ер жетеді. Мен де өз балаларымды жастайынан қолымнан келетін спортқа баулыдым, — дейді бапкер.

Қазір Ерғазиндер отбасының тұңғышы Аружан Олимпиада резервінің Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған мектеп-интернат колледжін алтын белгімен аяқтап, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курсында оқып жүр. Ол — «Ару Астана» клубының, 2022 жылғы U-20 жас аралығындағы волейболдан ел құрамасының ойыншысы. Ал №6 Хромтау гимназиясында оқитын екінші қыздары Рабия былтыр U-16 жас аралығындағы Орта Азия ойындарының чемпионы, үздік байланыстырушы атаныпты. Ол — ел чемпионатының 6 дүркін чемпионы, спорт шеберіне үміткер. «Мұның бәрі отбасындағы ауызбіршілік пен татулықтың, тыныштық пен берекенің жемісі. Қалған балаларым — Томирис пен Бегім олар әлі кішкентай. Бірақ жақсы спортшы болатынына сенемін», — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде көпке үлгі болған бұл отбасы тек ауданға ғана емес, республикаға да танылып үлгерді. Алайда қазақы тәрбие мен қарапайымдылықты бойына сіңірген Ринат Серікұлы ешқашан масаттанған емес.  Ол — ұжымда жақсы басшы, мықты бапкер, сыйлы азамат. Ерғазиндер отбасы биыл «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанып, жүлделі екінші орынды иемденіп, ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде де бақ сынаған болатын.

ПІКІР ЖАЗУ