Ақтөбе мыс компаниясының жұмысшылары жақын маңдағы ауыл тұрғындарына көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Осындай игі істердің бірі — Көктау-1 ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін су ұңғымасының қайта жаңғыртылуы.
Аталған кәсіпорынның жұмыскерлері ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік мәселелерді шешуге және елді мекендерді абаттандыруға белсенді қатысады. Энергиямен жабдықтау және желдету цехы мамандарының күшімен жақында Көктау-1 ауылында су сорғысы, құбырлар мен құбыр жапқышы толықтай жаңартылып, сумен жабдықтау жүйесі жақсартылды. Жаңа орнатылған сорғы әр үйге таза судың үзіліссіз берілуін қамтамасыз етіп отыр.
— Жұмыстың сапалы атқарылғанына және бізге көрсетілген қамқорлыққа ризамыз. Бізді ұмытпай, назар аударып жатқандары қуантады, — дейді Көктау-1 ауылының тұрғындары.
Аталған көмек мұнымен тоқтап қалмайды. Бұған дейін де компания жұмысшылары ауылдың орталық су құбырын жедел жөндеп, тұрғындардың бақша суаруына мүмкіндік жасаған болатын. Сонымен қатар, жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жөндеп, Ор өзенінің жағалауы мен тас жол бойын тазарту бойынша бірнеше экологиялық акция өткізді.
Ләззат Әбдірова