"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Тарихи таңдау

15 наурыз күні Қазақстан азаматтары республикалық референдумда өз елінің болашағын айқындайды: біз жаңа Конституцияға енгізілетін түзетулерге қатысты шешім қабылдауымыз керек.

 

Egemen Qazaqstan

Egemen Qazaqstan

Тарихи таңдау

Сурет: inbusiness.kz

Институционалдық тұрғыдан алғанда, жаңа Ата заң жобасында адамға, оның өмі­рі­не, құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілгені омбудсмен ретінде мен үшін өте маңызды. Бұл ай­тыл­ған­дар – мемлекеттің ең жоғары құн­­дылықтары. Адамға бағдарлану мен адам құқық­та­рының басымдығы идеялары жаңа Конс­титу­цияның бүкіл мәтінінде көрініс тапқан.

Кіріспеден бастайық. Мұнда алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтауға негізделген мемлекет қызметінің қағидаты жария етіліп, құқықтар мен бостандықтар ажырамас әрі айыруға болмайтын құндылықтар деп танылады.

Негізгі заңның 2-бөлімінің атауын өзгертуден адам құқықтарының айрықша рөлін көреміз. Конституцияның қазіргі қолданыстағы редакциясында бұл бөлім «Адам және азамат» деп аталса, жаңа жобада «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп өзгеріп отыр. Басқаша айтқанда, бөлім үш мызғымас іргелі негізге сүйінеді: олар – құқық, бостандық және міндеттер.

Конституция жобасының 15-бабында адам құқықтары мен бостандықтары ажырамас және бөлінбейтін деп танылады. Бұл олардың өмірге келген кезден әр адамға тиесілі екенін нақтылау үшін қажет. Оларды алып қоюға, біреуге беруге немесе жоюға болмайды. Мемлекет бұл құқықтарды тануға және қорғауға міндетті.

Осы 15-бапта адам құқықтарын заңсыз бұзудан немесе шектеуден сақтандыратын кепілдіктер қарастырылған. Сондықтан онда мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңсыз әрекет­те­рінен болған зиянды мемлекет тарапынан өтеу сияқты маңызды қағида бар. Осылайша, мемлекет жеке тұлғаның құндылығын мойындайтынын және өзінің заңнан жоғары емес екенін көрсетеді. Адамға келтірілген зиян үшін ол басқа субъектілермен тең дәрежеде жауап беруге міндетті.

Жалпы, Негізгі заң жобасында қол­даныс­тағы Конституциядағы адамның барлық құқықтары мен бостандықтары сақталған. Сонымен қатар кейбір тұсында олар айтарлықтай күшейтілген.

Адамның өмір сүру құқығын алатын болсақ, ол басқа құқықтарға қарағанда алғашқы орында тұрады. Өйткені онсыз өзге бостандықтар болмас та еді. Конституциялық комиссияның отырыстарында біз оны барынша абсолюттендіруді ұсындық. Жалпы оны бүкіл әлемде абсолютті құқық ретінде тану – кез келген құқық қорғаушының арманы. Бірақ БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің №36 Жалпы тәртіптегі ескертулерінде айтылғандай, өмір сүру құқығы әр адамға тиесілі болса да, ол абсолютті емес. Мәселен, кейбір жағдайда біреудің өмірін үзу еріксіз түрде жүзеге асуы мүмкін. Ай­талық, сіз өзіңізді қорғау мақсатында шекті шамада әрекет етіп, біреудің өмірін үзсеңіз, ол мақсатты түрде өлтіру болып саналмайды.

Жобаның 17-бабында өмір сүру құқы­ғы да ажырамас және бөлінбейтін құқық деп танылған. Бұл жерде салалық заңдар емес, Конституцияның өзі өмірді қорғауды міндеттейтінін білдіреді.

Адам өмірін ең жоғары басымдық деп жариялаған еліміз 2022 жылы өлім жазасын алып тастады. Қолданыстағы Конституцияның 15-бабында, жаңа жобаның 17-бабында оған тыйым салын­ған. Айырмашылық бірнеше әріпте ғана, ал семантикалық тұрғыдан біз оны қолдануға қайта оралу мүмкін еместігін айтамыз.

Жобаның 18-бабында жеке басқа тиіспеу кепілдігі жекелей түрде бекітіл­ген. Бұл ешкімді өз бетінше бас бостан­ды­ғы­нан айыруға жол жоқ екенін білдіреді. Қамауда ұстауға сот шешімімен ғана жол беріледі. Соттан тыс ұстау мерзімдері заңмен айқындалады. Осы бапта Миранда ережелері қарастырылған. Яғни ұстау кезінде әр адамға құқығын шектеу негіз­дерін түсіндіру міндеттеледі.

Адамның іргелі құқықтарына арналған жобаның 2-бөліміне әділ сотқа деген негізгі кепілдіктер де енгізілген. Мысалы, 19-бапта өзіне, жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдемеу құқығы сияқты негізгі нор­­малар қарастырылған. Бұл нормалар іргелі құқықтарды ең жоғары деңгей­­де қорғайды. Өзін-өзі кінәлау мен озбыр­­лық­қа қарсы конституциялық тосқауыл ретінде қызмет етеді.

Осы бапта кінәсіздік презумпциясы қарастырылған. Қоғам алдында адам, тіпті егер ол қылмыс үстінде ұсталса да немесе кінәсін мойындаса да, сот шешім шығар­майынша кінәсіз деп саналуға тиіс.

Сондай-ақ 19-бапта әділдік пен жаза мөлшерінің сай болуы секілді халықаралық қағидаларына кепілдік бе­ріл­ген. Олардың ішіндегі ең бастысы – бір әрекет үшін қайта жазалауға жол бермеу. Қазіргі уақытта әділ сот ісін жүргізудің кепілдіктері адамның негізгі құқықтарын жүзеге асырумен нақты байланысты. Сондықтан жобаның 20-бабында адамның ар-намысына тиісуге болмайды деген жеке кепілдік орын алды. Қазір мұндай кепілдік тек қадір-қасиетке қатысты қолданылады. Бұл ретте осы құқықтарға тиісуге болмайтындығы ғана емес, сонымен қатар заңмен қорға­ла­тындығы да нақтыланады. Бұл – жеке тұлғаны құрметтеу моральдық талап емес, билік пен қоғамның заңды міндеті екенін мемлекеттің тікелей мойындауы.

Жедел цифрландыруды ескере отырып, жобаның 21-бабы жаңа технологиялар жағдайында дербес деректерді қорғауға кепілдік береді. Бұл арқылы цифрлық ортадағы жеке ақпарат қор­ғалады.

Конституция жобасының 23-бабында зияткерлік меншікті қорғау туралы ережелер бекітіледі. Яғни мемлекет адам­ның шығармашылығы мен зият­кер­лік еңбегінің нәтижелерін ерекше құндылық деп таниды және өзіне оларды қорғау міндетін алады.

Қазіргі әлемдегі цифрлық хаосты болдырмау үшін дәл осы бапта сөз бостандығы туралы ережелер нақты сипатталған. Халықаралық стандарттар бойынша сөз еркіндігі қатаң белгіленген жағдайларда заңмен реттелуі мүмкін. Бұл – басқа адамдардың құқықтары мен беделін қорғау, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау секілді жағдайлар. Оларды 23-бапта бекіту сөз бостандығы мен жария сөздердің салдары үшін жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Жобаның 24-бабында елден шығу құқығы нақтыланып көрсетілген. Енді Конституцияда оны заңда көзделген жағдайда және тәртіппен ғана шектеу мүмкіндігін тікелей бекіту ұсынылады. Мұндай норма мемлекет үшін тікелей конституциялық шартты білдіреді: елден шығу құқығын ерікті түрде немесе заңға тәуелді актілермен шектеуге болмайды.

Жобаның 28-бабында сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, одан шығаруға да жол берілмейтін норма бекітілген. Бұл не үшін жасалды? Халықаралық стандарт бойынша бір­­не­ше шарт бір уақытта сақталған кезде ғана үйден шығаруға болады. Олардың бастапқылары – тек заңды негіздер. Онда да барлық процедура сақталуға тиіс. Оның ішінде сотта өзін қорғау құқығы қамтамасыз етілуі керек. Тұрғын үйде тұру мен одан шығару жағдайлары туралы дауларды тек сот шешуге тиіс.

Сондай-ақ жобаның 30-бабында неке туралы ережелер нақтыланған. Бұл – тек мемлекет тіркейтін ерікті одақ. Ондағы ерлер мен әйелдер тең құқылы. Көпэтносты және көпконфессиялы ел ретінде біз үшін бұл өте маңызды.

Бұған қоса жобадағы жаңа ереженің бірі – дінді мемлекеттен бөлу, ол 7-бапта қарастырылған. Зайырлы мемлекетімізде бір дін екіншісінен жоғары тұрмайды, толық ар-ождан еркіндігін қамтамасыз ете отырып, атеистерге де, діндарларға да қысым көрсетуге жол бермейді. Зайырлы сипат институционалдық тепе-теңдікті нығайтады.

Қолданыстағы Конституцияда жазыл­ған басқа да құқықтар мен бостан­дық­тар жаңа жобада сақталған. Сондықтан мен комиссия тарапынан адамға бағдарланған қағидаттарға негізделген, сапалы әрі жан-жақты сараланған құжат дайындалғанына кәміл сенімдімін. Ең іргелі халықаралық стандарттар, ұлттық бірегейлік пен мемлекеттік құрылыстың прогрессивті идеялары ескерілген.

 

Артур ЛАСТАЕВ,

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл