"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Тарихымызды өскелең ұрпақ санасына сіңіртуіміз керек…

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Республика күні араға бір мүшел салып, қайта тойланды. Ең қуаныштысы — Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілді. Бұл күннің маңыздылығы сол — тарихымызды өскелең ұрпақтың санасына сіңіртіп әрі жойып алмау үшін керек. Себебі 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданып, біз өзімізді дербес республика ретінде әлемге таныта бастадық. Яғни тәуелсіздігімізді алуымызға дәл осы күні күшіне енген декларация себеп болғанын естен шығармауымыз керек.
Бүгінде егемен еліміз дамудың даңғыл жолына түсті, Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық моделіне көштік.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуға айрықша мән берілді. Міне, содан бері мемлекеттік қызметшілер еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қалыптастыруда басты рөл атқарып келеді. Әрине, мемлекеттің дамуында мемлекеттік қызметшілердің адалдығына, кәсібилігіне, біліктілігіне үлкен мән беріледі. Әдеп кодексі қолданысқа енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылды.
Бүгінгі таңда ауданымызда үздік мемлекеттік қызметшілерді көпке үлгі ретінде көрсету, өңірде мемлекеттік қызметті насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі — «Мемлекеттік қызметші — ел айнасы» айдары жалғасып, ауданға еңбегі сіңген үлгілі мемлекеттік қызметшілер баспасөз, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке насихатталып жүр. Сондай-ақ ардагер мемлекеттік қызметшілермен кездесулер, тікелей эфирлер ұйымдастырылып, олардың бай тәжірибесі, тағылымды әңгімесі жас мамандар үшін үлкен мектеп болғаны сөзсіз.
Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, насихаттау мақсатындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Аудан мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларымен кездесу де — жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
Мемлекеттік қызметшілер де қалың бұқара үшін салауатты өмір салтын сақтауда үлгі бола алады. Мұны мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен ауданымызда өткізіліп жатқан түрлі спорттық шаралардан айқын көрінеді.
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтына, жұртына қызмет ету — білімнен емес, мінезден», — деген сөзі осы орайда еріксіз еске оралады. Ендеше, еліміздің ертеңі — бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты ар-ождан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «біздің міндет — халыққа қызмет» деген ұран аясында елге деген адалдықтың ақ туын әрқайсымыз абыроймен ұстануымыз қажет.
Нұрлан ШҮЙІНШАЛИН,
Хромтау ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі өкілі.

ПІКІР ЖАЗУ