"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде елімізде 300 мыңнан астам көшет отырғызылды

Еліміздің орман алқабы 2030 жылға қарай 14,5 млн гектарға дейін ұлғаяды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше кейінгі жылдары қолға алынған шаралардың арқасында еліміздің орманды аумағының көлемі 5%-ға дейін артып, 267 мың гектарға артқан.
Орманды сақтап қалу мақсатында орман қорғау мекемелерін өртке қарсы техникамен жабдықтауға, орман шаруашылығындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға (тәуекелдер үшін 100% үстемақы төлемі) байланысты бірқатар шара қабылданды.
Биыл еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 52 млрд теңге бөлініп, 1384 бірлік өртке қарсы техника және 921 тіркеме жабдықтар сатып алынды, оның ішінде 40 млрд теңге лизинг есебінен бөлінді. Бұл шаралар еліміздегі орман өрті жиі болатын өңірлердегі орман қорғау мекемелерін 100%-ға дейін жарақтандыруға мүмкіндік береді.
Соңғы төрт жыл ішінде 651 мың гектар алаңда, атап айтқанда, Арал теңізінің құрғаған табанында 413 мың гектарға ағаш, ал еліміз бойынша жалпы 975 млн түп көшет отырғызылған.
Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарының аясында кейінгі төрт жылда 12 млн түп көшет, оның ішінде биыл «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде 300 мыңнан астам көшет отырғызылды. Аталмыш шаралардың орман тәлімбақтарын дамытуға ықпалы зор. Кейінгі 4 жыл ішінде 1300 гектар жердегі орман тәлімбақтары қалпына келтіріліп, жаңа тәлімбақтар дайындалды.
Еліміздің мемлекеттік орман қорында 5,2 млн гектар шамасында орман отырғызуға болатын жер бар.

ПІКІР ЖАЗУ