"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Ұстаздар айтқан ұлағатты ой

Ақтөбе облысындағы бірқатар орта мектеп директорлары мен ұстаздары елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаға қолдау білдіріп, жаңа Ата заң жобасындағы елеулі өзгерістерге қатысты пікірлерін ортаға салды. 

Қобда орта мектебінің директоры Айбек Аманғосов жаңа Конституцияның 21-бабы әр азаматтың жеке өмірін қорғауға бағытталған маңызды құқықтық норма екенін атап өтті.

«Бұл бапта жеке өмірге қол сұқпауға, отбасы құпиясын сақтауға және дербес деректерді қорғауға заңмен кепілдік берілген. Қазіргі цифрлық өзгерістер заманында бұл талаптардың маңызы ерекше арта түсті. Телефон сөйлесулерінің, хат алмасудың және банк операцияларының құпия сақталуы әр адамның қауіпсіздігі мен сенімінің негізі. Сондықтан балаларға жеке мәліметтерді бейберекет таратпау, интернет қауіпсіздігін сақтау мен өзгенің жеке өміріне құрметпен қарау мәдениетін үйрету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әр ата-ана мен әр оқушы өз құқықтарын білуге тиіс», деді ол.

№7 Хромтау орта мектебінің директоры Ақмарал Тұрғымбаева жаңа конституциялық өзгерістер білім саласына да елеулі әсер еткені жайында пікір білдірді.

«Ең бастысы, мемлекет әр балаға сапалы білім алуға кепілдік береді. Тегін орта білім алу құқығы сақталып қана қоймай, білім алудың қолжетімді болуына және оның сапасына ерекше мән берілді. Инклюзивті білім беру, яғни ерекше білім қажет ететін балаларды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Сонымен қатар мұғалім мәртебесін арттыру мен қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру міндеті күшейтілді», деген ол білім ел болашағы екенін, ал конституциялық өзгерістер сол болашақтың берік болуына бағытталғанын атап өтті.

№5 Хромтау мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бағила Құрмантаеваның айтуынша, жаңа Конституция жобасындағы 37-бап әр адамзаттың құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін аса маңызды.

«Ұстаз ретінде оқушыларымызға құқық пен міндеттің егіз ұғым екендігін түсіндіруге тырысамын. Бұл бапта адам құқықтарын, қадір-қасиетін, ар-намысын қастерлеуге ерекше назар аударылған. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – отансүйгіштіктің белгісі. Ту, елтаңба, әнұран секілді рәміздерімізді қадірлеу арқылы біз мемлекетіміздің тарихы мен тәуелсіздігін, бірлігін құрметтейміз», деді ол.

Ал осы мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сайран Календирова жаңа Конституция еліміздің болашағына бағытталған әділет пен заң үстемдігін нығайтуды көздейтін құжат екенін айтты. Оның пікірінше, Ата заң – ең алдымен Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғаудың кепілі.

«Жаңа жоба – демократиялық қағидаттардың дамуының көрінісі. Әсіресе өскелең ұрпағымыз, елдің ертеңі – балаларымыздың тегін білім алуына кепілдік береді. Әр баланың сапалы білім алуы – ұлт болашағының дұрыс қалыптасуы. Сондықтан Конституцияда білім саласына мән берілуі – стратегиялық шешім», деп ойын білдірді мектеп мұғалімі.