"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

«ЖАЙДАРМАННЫҢ» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Хромтау қаласындағы мәдениет орталығындааудан әкімінің кубогы үшін «Жайдарман-2026» ойыны ұйымдастырылды.

Аталған шара биылғы «Цифрландыру және жасандыинтеллект» жылы аясында өтті. Іс-шара аудан әкімдігінің қолдауымен, ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Фестиваль форматында өткен ойынға «Волонтерлар», «Зумерлер», «ИИ 22 квартал», «Smart Jastar» және Тамды ауылынан келген «Сәтпаев арулары» командалары қатысып, өзара тартысты да мазмұнды өнер көрсетті.

Шараның негізгі мақсаты аудан жастарының шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың қоғамдық белсенділігін дамыту.

Қазылар алқасы құрамында Ақтөбе жоғары лигасының екі дүркін чемпионы Ермахан Абдырахман, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қазиханұлы, мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі Гүлзат Сахиқызы, «ЖасХром» КВН командасының капитаны Алпамыс Бақтыбайұлы және орталық басшысы Нұрболсын Асылбек болды.

Қорытындысында, бас жүлдені «Сәтпаев арулары» командасы иеленіп, 100 мың теңгемен марапатталды. Екінші орынды «ИИ 22 квартал» (70 мың теңге), ал үшінші орынды «Зумерлер» командасы (50 мың теңге) қанжығасына байлады. «Үздік ойыншы 2026» номинациясы Ақнұр Қуанарға бұйырып, ол 30 мың теңгемен марапатталды. Сонымен қатар, «Smart Jastar» командасына арнайы жүлде табысталды.

Жеңімпаздар мен қатысушылар марапатталды.