Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов атқарған жұмыстары бойынша халыққа есеп беру мақсатында Жазық және Ақжар ауылдарында болды.
Алдымен Жазық елді мекенінің тұрғындарымен өткен кездесуде ауыл әкімі Болатбек Дүйсенбин есеп беріп, алдағы жұмыс жоспарымен де бөлісті. Ауыл әкімінің айтуынша, биыл елді мекенде бірқатар ірі жобалар жүзеге асқан. Соның бірі — елу орындық мектеп ғимаратының құрылысы.
— Ауылдың кіреберіс жолына екі қабатты асфальт жабындысы төселді. Ауыл балалары үшін шағын футбол алаңы құрылысы да толық аяқталып, пайдалануға берілді. Мектеп құрылысы басталғандықтан ауыз су құбырларын ауыстыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр, — деген ауыл әкімі өз сөзінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асу деңгейі де көш ілгері екенін алға тартты. Әсіресе, ауылда құс шаруашылығы бір жолға қойылған.
Аудан әкімінің айтуынша, мектеп құрылысы облыстық бюджет қаражатына салынып жатыр. Іргелес орналасқан «Самара-Шымкент» тасжолының қарқынды құрылысын да тілге тиек етіп, уақытша болса да жаңа жұмыс орындарының ашылып, ел игілігін көріп жатқанын жасырмады.
Жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірген ауыл тұрғындары кездесуде мал ұстаған ағайынның ортақ тілегі — жайылымдық жердің тапшылығы мен таршылығын мәселе ретінде көтерді. Мырзагерей есімді ел ағасы осы аталған мәселенің шешілуін сұрады. Бұл сауалға аудан басшысы игерусіз жатқан жерді
мемлекетке кері қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанымен түсіндірді.
Ақжарға мал дәрігері қажет
Осындай кездесу Ақжар ауылында да ұйымдастырылды. Ауыл әкімі Болатбек Дүйсенбиннің айтуынша, биыл ауылға кіреберіс 1,5 шақырымдық жолға асфальт төселіпті. Одан бөлек, жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын ауыл көшелеріне қиыршық тас төселген. «Ауыл аманаты» жобасында да үздік көрсеткіштер бар. Биылдың өзінде 75 млн теңге құрайтын 9 жоба мақұлданған.
— Келер жылы Ақжар ауылының көшелеріне 3 шақырым асфальт жабындысын төсеу туралы шешім қабылдадық. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдың құрылысына жауапты мердігер мекеме басшылығы ауыл көшесіне жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын асфальт төсеуге уәде берді. Сондықтан, бар мүмкіншілігімізді пайдаланып инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырмақ ойымыз бар, — деді Нұрхан Тілеумұратов.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан мәселелер де айтылмай қалмады. Ауылға мал дәрігері маманы тапшылық етеді. Кездесуге келген жауапты сала мамандарының айтуынша, соңғы үш жылдан бері Ақжарда мал дәрігері жоқ. Алайда, көршілес Тассай мен Табантал ауылының мал дәрігерлері осы ауылда тұрғандықтан солардың көмегіне жүгінуге тура келетінін жасырмады. Жалпы кадр тапшылығы жалғыз ауданда ғана емес, өңірде сезілетінін жеткізген жауапты маман жастардың бұл салаға келе бермейтінін де ашып айтты.