"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Жолдау-2024: Ақтөбе облысында 200 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша  мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін айтқан болатын. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескеруді міндеттеді.

Аталған тапсырманы орындау аясында Ақтөбе облысында 200 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды astanatv.kz. Ол — осы күнге дейін игерілмей келген ауыл шаруашылығы жерлері. Биыл 130 мың гектардан астам жер қайтарылуы тиіс болса, бұл жоспар артығымен орындалған. Байғанин, Қарғалы, Әйтеке би аудандары көш бастап тұр. Байғанин ауданының өзінде 45 мың гектар жер қайтарылған. Оның көбі- жайылымдық жер. Бұл учаскелер аукцион арқылы басқа шаруа қожалықтарына беріледі.

Ақтөбе облысында “Жер аманаты” жобасын асырып жатқан AMANAT партиясының мәліметінше,  мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің басым бөлігі аукционға салынып, жерге мұқтаж шаруа қожалықтарына үлестірілуде. Жыл басынан бері 2024 жылдың он айында негізі жергілікті атқарушы органдармен 16 конкурс өткізілді. 406 403 мың жер шаруа қожалықтарына үлестіріліп берілді.

ПІКІР ЖАЗУ