"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЖОМАРТ ЖҰМАБАЙ

«Аслан» шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Бекмағамбетов ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ата кәсіптің ауданда дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан жандардың бірі.

— Қазір ауыл шаруашылығы саласында малшылар, мамандар тапшы. Көп адамдар, әсіресе жастар жағы малшы болғысы келмейді. Ауылда мотоцикл мен ат үстінде жүргеннен, қалада қара жұмыс жасағанды жөн көреді. Мал басын арттырғымыз келеді, алайда жұмыс күші жетіспейді. Бүгінде 300 000 теңге айлыққа шаруашылықта жұмыс жасайтын адам табу оңай емес. Елімізде еңбек адамдарының мәртебесін арттырып, мерейін көтеріп жатыр ғой. Малшылардың да мәртебесі көтерілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе ауыл шаруашылығын мамансыз дамытумүмкін емес, — деп бастады әңгімесін Жұмабай Бекмағамбетов.

Оның айтуынша, жастар еңбекті сүйе білгені жөн. Кезкелген табыс пен жетістіктің артында маңдай тер мен адал еңбек жатуға тиіс. Бүгінде мал шаруашылығын дөңгелетіпотырған кейіпкеріміз:

— Қазіргі таңдағы ең қиын жұмыстардың бірі — ауыл шаруашылығы саласы. Шаруашылықпен айналысу үшін жалқаулықтан арылып, еңбекке ден қою керек. Ең бастысы — ұйқыны азайтуға тура келеді. Таңғы бестен тұрып, кешкі онға дейін еңбектен бел жазбай мал соңында жүру — оңай жұмыс емес. Ауыл шаруашылығы саласының қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Қызығы, біз жастайымыздан еңбекпен өстік, мал бағумен айналыстық. Оның да өз ерекшелігі бар. Мәселен, өзім жас төл туып, ауызы көкке тиіп, ойнақтаған кезде, соған қарап еңбектің еш кетпегенін көріп, жақсы әсер аламын. Ал, қиындығы мен бейнеті одан да көп. Мені қазір алаңдатып отырғаны — биылғы ауа райы мал азығын дайындауға үлкен зиянын тигізіп тұр, — дейді «Аслан» шаруа қожалығының басшысы.

Ата кәсіпті меңгеріп, мал шаруашылығымен айналысатын «Аслан» шаруа қожалығында жылқы, қой, сиыр өсіріледі. Қожалық иесі Жұмабай Жақсылықұлы малды  табыс көзі деп қарап, үнемі қайырымдылықтан қол үзбей, туған жерінің өркендеуіне үнемі қолдау көрсетіп, демеушілік жасап келеді.

— Қолында бар адам қолынан келгенше мейірімді болу керек. Бұл — менің ұстанымым. Әркім тек өз қара басын ойламай, айналасына да қамқорлық көрсете білгені абзал. Сондықтан қайырымдылықтан қашпаймын, қолымнан келегенше ауылыма демеу болуға тырысамын. Бұл — мақтанатын іс емес, алайда демеушілік көрсететін азаматтарды жастарға үлгі етіп, насихаттау керек. Жас буын соларға қарап, «мен де өскенде осындай қайырымды жан боламын» деп өссе, одан жаман болмайды. Алайда насихат жағы біздің облыс, ауданда кенже қалып келеді, — деді кейіпкер.

Хромтау ауданы ғана емес, облыс, ішінара республикаға танылып үлгерген Жұмабай Бекмағамбетовтің қайырымды істері көп.

Хромтау ауданының Қарлау елді мекенінде дүниеге келген Жұмабай Бекмағамбетов  жастайынан еңбекке араласқан. Кейін мал шаруашылығымен айналысып, өзінің табысынан ауылдастарына үнемі қолдау көрсетіп жүретін абзал азамат. Ол — өзі оқыған мектебінің тұрақты демеушісі. Жыл сайын Қарлау негізігі мектебінің оқушыларына жаңа оқу жылында оқу құралдар алып берсе, әр жаңа жыл сайын балаларға сыйлық жасауды әдетке айналдырып келеді. Сонымен қатар Бөгетсай мектеп-гимназиясының «Алтын белгі» иегерлері мен оқу озаттарын ынталандыру мақсатында қаржылай сыйақы беруді де дәстүрлі жалғастырып жүр. Ауылдың түтіні түзу шығып, қаймағы бұзылмаған бірлігін арттыру үшін ауылдағы күнкөрісі төмен отбасыларға бір ұсақ мал үлестірсе, биыл Бірлік күнінде ірі қара сойып, етін елге таратқан болатын. Тек ауданда ғана емес, сонымен қатар Астана, Қызылорда, Тараз қалаларында өткен жәрмеңкелерде тұрғындарға нарық бағасынан төмен бағада ет ұсыну үшін малды арзан бағаға беріп, жәрмеңкелерге де қолдау көрсетіп келеді.

Жұмабай Бекмағамбетов қарындасы Алмагүлмен бірге 2015 жылы өздерінің туған ауылында Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ескерткіш тақта орнатса, қазір өзі туған жерге құны 40 миллион теңгеге бастауыш мектеп салып, білім ордасын ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берді. Қолы ашық, жомарт азаматтың жасап жүрген игі істерін көптеп келтіре беруге болады.

Жұмабай Жақсылықұлы жомарттығымен көптеген марапаттарға да ие болып жүр. Ол облыс, аудан әкімдерінен Алғыс хаттар, мерекелік медальдар да алды. Сонымен қатар, қарапайым шаруаның үлкен жетістіктері де жетерлік. Мәселен, 2020 жылы Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма басшысы Қ.Дайрабаевтың Құрмет грамотасын иемденсе, тура бір жылдан соң Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаеваның қолынан «Жомарт жүрек» сыйлығын алып, «Туған өлке» номинациясының иегері атанды. 2021 жылы «Парыз — 2021», «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығының иегері атанып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнайы дипломға ие болды.

Ауыл шаруашылық саласында мал соңында таң атырып, кеш батырып, адал еңбектің ақ туын көтеріп жүрген Жұмабай Жақсылықұлы өскелең ұрпаққа үлгі. Осындай елім дейтін азаматтары барда, қазақ елінің қай саласы болмасын дамудың даңғыл жолына түсері анық.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ