"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Кәсіп

БІР ЖЫЛДА ЖАҢАДАН 700-ГЕ ЖУЫҚ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНЫ АШЫЛДЫ

Хромтауда соңғы бір жылда жаңадан 700-ге жуық кәсіпкерлік нысаны ашылды. Моноқаладағы шағын және орта бизнестің кең қанат жайып, қарқынды дамуына «Өркен» бағдарламасы септігін тигізіп отыр. Өңірлік жоба шағын және орта бизнестің ірі кәсіпорындармен тұрақты іскерлік байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Жобаның игілігін көріп, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі тәулігіне 3 тонна өнім шығаратын «ASTMED» ЖШС бөтелкедегі су өндіру цехы.

– Бізде бөтелкедегі ауыз судың 1 л, 1,5 л, 5 литр және 19 литрлік түрлері шығарылады. Өндірісте екі аппарат бар. Оның біреуі жұмыс жасайды. Екіншісі резервте тұр. Жалпы өндірісте жұмыс екі ауысыммен жасалады. Әр ауысымда бес адам еңбек етеді, – дейді өндіріс операторы Бекзат Даулыбаев.

Хромтауда құтыларға құйылған жергілікті ауыз су шығаратын өндіріс орыны іске қосылғанға дейін ірі кәсіпорындар тіршілік нәрін облыс орталығы мен өзге өңірлерден сатып алатын. Енді «Өркен» бағдарламасының арқасында ашылған шағын цех таза ауыз сумен Дөң тау-кен байыту комбинаты мен бірнеше мұнай компаниясын қамтып отыр.

«Өркен» бағдарламасының ықпалымен ауданда 73 жаңа бизнес нысаны ашылып, өндіріс қуаттылығын арттырды. Солардың бірі аудан орталығындағы «Агрофирма «Тау» ЖШС. Сүт зауыты 3% жеңілдетілген несиеге рефрижераторлы көлік алып, өнімін өзге өңірлерге шығаруда.

– Хромтау халықаралық күре жолдың бойында орналасқандықтан логистикалық тұрғыдан ұтымды тұстары көп. Біз өнімімізді Ақтөбеден бөлек, Астана, Қызылорда, Атыраудағы сауда орындарына жеткіземіз, – дейді өндіріс цехының басшысы Александр Мысник.

Хромтау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің айтуынша «Өркен» бағдарламасы – Хромтау моноқаласында тіркелген барлық кәсіпкерлерге арналған. Жаңадан ашылғандары да қатыса алады. Сонымен қатар, кәсібін жүзеге асырып келе жатқан және оны әрі қарай дамыту мақсатында бағдарламаға қатысып, кәсібін дамытуға толық мүмкіндік бар.

Ірі кәсіпорындар мен шағын бизнестің дәнекері болған бағдарлама кәсіпкерлікті дамытуға 1,6 млрд теңге бөлді. Облыстық және республикалық бюджеттен бөлек, жергілікті алпауыт өндіріс ошағы өз есебінен 500 миллион теңге берген.

Хромтаудағы 30 мың тұрғынның 7 мыңға жуығы шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Ал, аудан орталығында 2 434 кәсіпкерлік нысан бар. Олардың 700-ге жуығы соңғы бір жыл ішінде ашылған.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ