"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Кәсіп

Динараның кофеханасы

 

Соңғы уақытта өңірде қоғамдық тамақтану орындары көптеп ашылуда. Қарқынды дамып келе жатқан сала өнімдеріне сұраныс жоғары.  Бұл кәсіп түріне мемлекет тарапынан да зор  көмек көрсетілуде. Әсіресе, өз ісін бастауға ұмтылған көпбалалы аналарға ерекше қолдау қарастырылған. Төрт баланың анасы Динара Ибраева –сондай мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалана білген кәсіпкер. Ол «Бизнес бастау», «Даму» бағдарламалары арқылы кофехана ашып, аудан жұртшылығына сапалы кондитерлік өнімдер ұсынуда.

Динара – қаржыгер. Ол қызығушылығы мен жоғары оқу орнынан алған білімін бір арнаға тоғыстыра біліп, бүгінде өз ісін сәтті жүргізуде.Дәмділерге толы ас мәзірімен белгілі «Кофе-Торт» кофеханасына күніне жүзден астам адам келеді. Одан бөлек, мұндағы тәттілерге айына елуге жуық тапсырыс қабылданып, тұтынушыларға уақытылы жеткізіліп отырады.

-Мектепті аяқтап, Қазақ-Орыс Халықаралық университетіне оқуға түстім. Университетте қаржы саласындағы сауаттылыққа үйретті. Ол  кәсібімді тез әрі оңай көркейтуге  ықпал етті. Оқып жүргенде тұрмысқа  шығып, балалы болғандықтан, мамандығым бойынша жұмыс жасаудың реті түспеді.Өйткені, мен үшін бірінші кезекте отбасым тұрды. Бала тәрбиесімен үйде отырғанда түрлі торттарды, тәттілерді пісіруді ұнататынмын. Бірде жолдасым дайындаған тортымды жұмысына алып барды. Әріптестері оны ұнатып, тапсырыс беруді қалайтынын айтты. Сөйтіп, олар да таныстарына жеткізіп, тапсырыстар көбейе бастады. Сәл уақыт өте келе қаламыздағы, облыс орталығындағы көптеген шеберлік-сыныптарына барып, сан түрлі тәттілерді дайындауды үйреніп келдім. Оларды үйден тез әрі сапалы әзірлеу үшін өндірістік миксер қажет болды. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламардың көмегіне жүгінуді жөн көрдім, — дейді ол

Осылайша, ол алдымен «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, 500 мың теңге көлемінде грант ұтты. Иеленген қаражатына өндірістік миксермен қоса, кофе машинасын сатып алды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік негіздеріне үйрену барысында құнды білімге де қол жеткізді: жарнама жасауды, жұмысшылармен, тұтынушылармен қарым-қатынастың оңтайлы жолдарын, жоспар құруды меңгерді. Кофехана ашуды армандаған ол көп ұзамай «Даму» бағдарламасына да құжаттарын тапсырды.

-Жолдасымның көмегімен кофеханаға орын сатып алдық. Алайда, жөндеу жұмыстарын жасауға қаражат керек болды. Ол үшін «Даму» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңге көлемінде 6 пайыздық несие алдық. Қазіргі таңда кофеханаға келушілер көп. Екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз, — дейді кондитер.

Динара мен оның жолдасы Айбек екі ұл мен екі қыз тәрбиелеуде. Олар баланы жан-жақты дамытуға ерекше мән береді.

-Балаларымыз модель мектебіне және спорттық үйірмелерге қатысады. Он екі жасар үлкен қызымыз Әмина барлық кондитерлік өнімдерді жасау біледі. Балаларға көңіл бөлу, тәрбие беру біз үшін өте маңызды. Отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорт түрлерімен айналысамыз, — дейді олар.

Кейіпкеріміздің жетістігінің сыры – өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығында. Таң сәріден жұмысқа кірісетін ол мақсатына толассыз ізденісінің нәтижесінде жете алды.

-Маған торт әрлеу ерекше ұнайды. Ол да өнердің бір түрі. Өйткені, жасампаздық, шығармашылық қабілеттерді талап етеді. Кофеханамызда  торттардан басқа сан түрлі тәттілер бар. Сонымен қатар, бізде кондитерлік салада жаңадан шыққан өнімдер де табылады. Оларды арнайы шеберлік сыныптарынан үйреніп тұрамын. Ал, болашақта кәсібімді үлкейтіп, ресторан ашуды көздеп отырмын, — дейді ол.

Жанел Нұрболатқызы

ПІКІР ЖАЗУ