"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Кәсіп

«Наз» би мектебі

  Ауданымызда балалардың уақытын тиімді өткізуге бағытталған сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жобалар іске асырылуда. Өңірдің өнер, спорт мектептері, тіл үйірмелері халықаралық байқауларда ел намысын лайықты дәрежеде қорғап жүрген дарынды балаларды тәрбиелеуде. Сондай орталықтардың бірі – «Наз» би мектебі.  Мектептің ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, өнер орталығының оқушылары облыстық, республикалық жарыстарда аудан абыройын асқақтатып, келесі меже – халықаралық байқаулардың сахналарын бағындыруды Қырғызстан Республикасынан  бастап кетті.

Үздіктердің мектебі

         «Наз» би мектебінің жұмысы өткен жылдың қазан айынан бастау алды. Өнер мектебінде 4-17 жас аралығындағы 80 оқушы білім алуда. Олар жас ерекшеліктері бойынша «дайындық», «кіші», «орташа», «үлкен» деп аталатын топтарға бөлінген. «Дайындық» тобында 4-5 жастағы бүлдіршіндер би өнеріне алғашқы қадамдарын басады. Кішкентай бишілер ұзақтығы 1-1,5 минуттық қысқа билерді орындайды. Бір жылдан кейін олар «кіші» топқа ауысады. Бұнда жаңа би элементтері қосылады. Яғни, балалар есейген сайын репертуарлары да үлкейіп, кеңейе бастайды.

Би мектебінің негізгі бағыты – ұлттық билер.  Ғасырлар қойнауынан нәр алған өнерді дәріптеуге машықтанып жүрген оқушылар  аз ғана уақыт аралығында біраз байқауларда топ жарып үлгерген. Олар Нұр-сұлтан қаласында өткен «Орта Азия таланттары», Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Жыл таланты», облыс орталығындағы «Би ырғағында бол» шеберлік байқауларынан бас жүлделерді жеңіп алған. Аталған байқаулар мектеп жетістіктерінің аз ғана бөлігі. Себебі, олар қандай би жарысына қатысса да, жеңіс тұғырынан көрінуді өз дәстүрлеріне айналдырған. Ал, үздік болудың сыры – мектеп оқушыларының өнерге деген сүйіспеншілігі мен тыңғылықты дайындықтарында.

Көркемдік жетекші

Кез келген шебер бишіні білікті жаттықтырушы дайындайды. «Наз» би мектебінің жеткен жетістіктері, бағындырған белестері ауданымыздың талай бишілеріне тәлім берген, саналы ғұмырын би өнеріне арнаған Зейнегүл Құрманованың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ол – «Наз» би мектебінің негізін қалаушы, жиырма алты жылдық тәжірибесі бар хареограф-ұстаз.

Зейнегүл Құрманова 1992 жылы №3 Хромтау орта мектебін бітіріп, Ақтөбе қаласындағы колледжге хареография мамандығы бойынша оқуға түскен. Мектеп кезінен танымал биші болуды армандаған оның жоспарларында шәкірт тәрбиелеу болмаған. Алайда, өзінің айтуынша,  ұстаз болуға деген шешімді қабылдауға оның колледждегі мұғалімдері әсер еткен.

Мектепте жоғары сыныптағы биші қыздардан қайталап, бидің кей элементтерін үйрене бастадым. Бұл өнер түрі мені ерекше қызықтыратын. Кейін «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетін парақтап отырғанымда «Хореография бөліміне студенттерді қабылдаймыз» деген жарнаманы көзім шалды. Содан кейін сол оқу орнына түсуді мақсат етіп, арманыма қол жеткіздім. Дегенмен, колледже барлығы мен ойлағандай болмады. Ұстаздарым: «Сенен жақсы ұстаз шығады, бірақ сен биші емессің», — деп үнемі қайталайтын. Тіпті топтағы басқа оқушыларға сахнада өнер көрсетуге рұқсат етсе де, маған ондай мүмкіндікті бермейтін еді. Алғашында оқудан шығып кеткім келді. Көңілім түсіп, жылап қалған кездерім де болды. Бірақ, уақыт өте келе өзім де ұстаз болуды қалайтынымды түсіндім. Биші жаттықтырушы бола алмайтынын, жаттықтырушы биші бола алмайтынын ұғындым. Мен – хареограф-ұстазбын және осы  жолымды айқындауға көмек берген мұғалімдеріме алғысым шексіз, – дейді ол.

Ол 1996 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, аудандық оқушылар үйіне хареограф ретінде жұмысқа орналасады. 1999 жылы отбасы жағдайына байланысты Орал қаласына қоныс аударып, мектептердің бірінде өз мамандығы бойынша қызмет етуді жалғастырады. 2007 жылы Хромтау қаласына қайта оралып, кеншілер мәдениет үйіне хореограф болып орналасады. Араға бірнеше жыл салып, ауданымызға белгілі «Алтын дән» ансамблінің көркемдік жетекшісі қызметіне ауысады. Сол кездері де Зейнегүл Құрманова жаттықтырған бишілер сан түрлі байқауларда жеңімпаз атанып жүрді. Би ансамблінің жоғары деңгейде өнер көрсетуіне сүбелі үлес қосқан ол өткен жылы «Наз» би мектебін ашып, бүгінде дарынды оқушыларды би өнеріне баулуды жалғастыруда.

–Бағытымның басқа емес, қазақ ұлттық биі екенін Орал қаласында жұмыс жасап жүргенімде түсіндім. Сол жерде ұлттық бидің күрделі элементтеріне үйреніп, білгенімді ауданымыздың оқушыларына үйреттім. Жеткілікті тәжрибе жинағаннан кейін би мектебін ашуға бел будым. Оқушыларым еліміздің түпкір-түкпірінен жиналған би топтары арасында жеңіске жетіп, шет елге жолдама алды. Дәл қазір олар Қырғызстан Республикасына өнер көрсетуге кетті, — дейді ұстаз.

Мақсат – әлемдік жарыстарда жеңіске жету

Өңірдегі би өнерін дамытуда «Наз» би мектебінің алатын орны ерекше. Мектеп оқушылары мерекелерге, айтулы шараларға орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламалардың барлығында сахна төрінен табылады. Әсерлі де мәнерлі биді, әдемі киім үлгісін, ырғақты әуенді үйлестіре білетін олар аудан халқына танымал.

–Еліміздің үлкен қалаларына барғанда әдемі киім үлгісімен сахнаға шығып, шараға жиналғандарды тәнті ететін бишілерді көріп, ауданымызға да сондай өнерпаздар қажет деп ойлайтынмын. Мереке көркін келтіру, тұрғындарға өнеріміз арқылы көтеріңкі көңіл-күй сыйлау – біздің парызымыз. Сондықтан, мектебіміздің оқушылары аудандық мәдениет және спорт ортлығы ұйымдастыруымен өтетін концерттерге ақысыз түрде қалмай қатысады, — дейді З. Құрманова.

Әңгіме барысында би мектебінің директоры оқушылардың сахна сыртындағы дайындықтары жайында да айтып берді.

         –Әр топ жетісіне үш рет жаттығуға келеді. Биді толық дайын болғанша қайталап, кемеліне жеткізгенге дейін дайындалады. Сол уақыт аралығында костюмге тапсырыс беріп қоямыз. Байқауларда жүлделі орындарға иелену киім үлгісіне тікелей байланысты болғандықтан, оның әдемі әрі ыңғайлы болғаны маңызды.

Мектебімізде менен басқа тағы екі көркемдік жетекші бар. Олардың бірі Назарбаев Зияткерлік мектебінде биден сабақ берген, халықаралық байқаулардан жүлделі орындарға ие болған тәжірибелі ұстаз болса, екіншісі республикалық байқаулардың жеңімпазы. Қазіргі таңда ұжыммен бірлесіп, мектебіміздің оқушыларын түрлі би байқауларына қатыстырудамыз. Ендігі мақсат – ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, әлемдік жарыстарда жеңіске жету, — дейді ол.

Жанел Нұрболатқызы

 Оқушылардың пікірлері

Милана Аладина, 15 жас:

Төрт жасымнан бастап «Алтын дән» би ансамблінде өнер көрсеткен едім. Бірнеше ай бұрын көркемдік жетекшіміздің би мектебін ашқанын естіп, өнер орталығымды ауыстырдым. Оған өкінген емеспін. Өйткені, «Наз» би мектебіндегі сапалы білім мен ұжымдық рухтың арқасында көптеген байқаулардан бас жүлдерді иеленіп жүрміз. Біз би мектебінде  өнерге ғана емес, сонымен қатар бауырмашылдық, табандылық, еңбекқорлық секілді қасиеттерді бойымызға сіңіріп келеміз.

Дильназ Мақсатова, 17 жас:

Би үйірмесіне қатысып жүргеніме он бір жыл болды. Мен үшін би  таңғажайып әлем іспеттес. Сол әлемнің есігін бізді өнерге деген адалдыққа тәрбиелеген Зейнегүл Рзақызы ашып берді. Болашақта ұстазым секілді білікті хареограф, кәсіби маман болып, халықаралық байқауларда көк байрағымызды желбіретуді армандаймын. Мектепті бітіргеннен кейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түскім келеді. Ал, қазір түрлі байқауларда топ жарып, өнерімізді шыңдаудамыз.

Жасмин Алпысбаева, 14 жаста

Би мектебіне асыға барамын. Өйткені, бір-бірімізді қолдау, мектебіміздегі достық қарым-қатынас жаттығуларды көтеріңкі көңіл-күймен орындауға әсер етеді. Біздің ұранымыз – бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін.

Болашақта дәрігер болуды армандаймын. Дегенмен, биді ешқашан тастамаймын. Өйткені,  билегенде басқа ештеңе ойламай, жан-тәніммен биге берілгенді ұнатамын. Сонымен қоса, бұл өнер түрімен бес жасымнан айналысқандықтан, ол маған ерекше ыстық.

Біле жүріңіз…

Баланың дамуына бидің әсері қандай?

Біріншіден, бидің физикалық тұрғыдан әсері жоғары. Осы өнерге келген балалардың төзімділігі артып, ағзаға түсетін жүктемеден буындардың жұмысы жақсарып, жүрек бұлшық еті нығая түседі. Қан айналымы жиілеуінің арқасында кез келген вируспен күресу оңайға соғады. Соның әсерінен балалар аз ауырады. Қан барлық ағзаға жеткілікті мөлшерде жетіп, бастысы миды оттекпен, қажетті заттармен қоректендіреді. Осының арқасында ми жылдам дами бастайды. Би барлық бұлшық ет тобының дамуына үйлесімділік беріп, дене мүсініне сымбаттылық сыйлайды.

Екіншіден, психологиялық жетілуге жәрдемші. Би өнерімен шұғылданушы бала ерік-жігерін жаттықтырып, сабырлылыққа үйреніп, өзін-өзі бағалауда кездесетін проблемалармен өте сирек ұшырасатын болады. Би әдемі қимылдарға баулып, баланың өзін және өз денесін қалай бар солай қабылдап, оны ыңғайына қарай икемдеп алуының таптырмас жолы. Қимыл әрекеттің жеңіл әрі әдемі болуы қоғамдық өміріне де әсер етеді. Баланың өзіне деген бағасы мен сенімділігі жоғарылайды.

Үшіншіден, бидің интеллектті дамытуға да пайдасы біршама. Іс-қимылдың еркіндігі шығармашылық ойлауды жетілдіріп, импровизациялық қабілетін шыңдап, жасампаз болуға дағыдыландырады.

 Ғаламтордан алынды

 

ПІКІР ЖАЗУ