Нарық заманында жеке кәсіппен айналысуға бел бусаңыз, алдымен сұраныс тұсын зерделеп алған жөн. Сұраныс туса, тірлігіңізге де қан жүгіреді, тиісінше табыс көлемі де артатыны анық. Бұл орайда қаламызда алғаш рет химиялық тазарту орталығын ашқан көпбалалы ана Радда Құлсаринаның осы бизнесті таңдауы да бекер емес.
Алғашында ол жолдасының жұмыс орнының қолдауы арқылы QADAM оқыту орталығында бірнеше бағытта кәсіп игеру мақсатында тігін ісі, мобилография секілді арнайы курстардан өткен. Алайда, жанына жақын тартпаған соң ізденуді тоқтатпаған Рада қызмет көрсету саласын зерттей бастайды. Алдымен өзі тұратын Хромтау қаласының бизнес нысандарын зерделеп, аталмыш саланың ақсап тұрғанын байқаған. Толық сараптама жасағаннан кейін жолдасының қолдауымен кәсіп ашуға білек сыбана кіріскен кәсіпкер, қазіргі таңда табыстың көзін тапқандай.
— Бұл кәсіпті бастауыма көмектескен Айнұр есімді келінім болатын. Ақтөбе қаласынан тәжірибе жинап, жүйелі жұмыс істеуіме көп септігін тигізді. Қазіргі таңда күніне 180 келі өнімді тазарта алатын қауқарымыз бар. Қызметті сапалы көрсету үшін құны 1,3 миллион тұратын арнайы киім жуатын машина және 400 мың теңгелік арнайы үтік алдық. Тапсырыс саны да жеткілікті. Алдағы уақытта жұмыс тұрақты түрде жүрсе, кеңейту ойда бар, — деді кәсіп иесі.
Жаңадан ашылған RadaDryCleaning химиялық тазарту орталығы қаламыздағы автовокзал ғимаратының жанында орналасқан. Егер қымбат матадан тігілген көйлектеріңіз, қолмен кестеленген, тастармен безендірілген киім-кешектеріңізді қалпына келтіру керек болса, аталған орталыққа жүгінуге болады.
Алмат ЗЕЙНОЛЛА