"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Кәсіп

САЯХАТШЫ ДӘУЛЕТ ЖӘНЕ ОНЫҢ АВТОҮЙІ

Саяхат жасаудың бір ұтымды тұсы — жаңа қалаларды аралап, жаңа адамдармен, өзге халықтың әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысу арқылы өзіңнің әлемге деген көзқарасыңды өзгерту. Саяхатшы атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін адамның бойында төзімділік пен қайсарлық, мінезінде сабырлылық пен көркемдік, бойында әртүрлі қауіп-қатерде дұрыс шешім қабылдай алатын сенім мен қолының ептілігі де аса маңызды. Біздің кейіпкеріміз Дәулет Мүрсалдың бойынан осындай қасиеттерді көруге болады.

Ол — Хромтау қаласының тұрғыны. Көлікте отбасымен бірге біраз елге барып, саяхаттап жүрген Дәулет қызығы мен қиындығы қатар жүретін, шытырман оқиғаларға толы саяхаттары жайында бізге айтып берді.

Дәулет Мүрсал 1992 жылы Ақмола облысының Еңбекшілдер деген жерінде дүниеге келген. Алдына асыл мұрат пен нақты мақсат қойған ол тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін Көкшетау қаласына өзі қалаған медицина мамандығы бойынша колледжге оқуға түседі. Оқуды бітірген жас маман бір жыл реанимация бөлімінде жұмыс жасайды. Одан әрі білімі мен білігін шыңдап, нағыз білікті дәрігер болуға ұмтылған ол Семейдегі жоғары оқу орнына түседі. Одан Астана қаласына ауысып, 2020 жылы диплом алады. Көп кешікпей Дәулет Каринамен шаңырақ көтереді. Екеуі де — медицина саласының мамандары. Жас маман Дәулет отбасымен Солтүстік Қазақстан облысының ауданына қызметке барып, онда жарты жыл еңбек етеді. Кейін олар Ақмола облысының Степногорск қаласына көшіп келеді. Ол жерде бір жылға жуық еңбек етіп, 2022 жылы Хромтау қаласына қоныс аударады. Қазір Дәулет Мүрсал «Еуразия» медициналық орталығында дәрігер хирург болып жұмыс жасаса, жұбайы Карина Мүрсал осы орталықтың оториноларингология бөлімінде мейірбике.

Жас отбасы жұмыстан демалған кезде Қазақстанмен қатар шет елдерге демалысқа шығып, әлемді аралап жүреді.

 

«Автостоп» — саяхаттың бастауы

Дәулет саяхатты алғаш рет 2019 жылы бастаған. Ең бірінші табан тіреген елі —  Өзбекстан. Алғашқы саяхаты туралы былай дейді:

— Саяхатты студент кезімде Өзбекстан мемлекетінен бастадым. Ол кезде өз күшіммен тапқан 50 мың теңгені қалтама салып, таксиге мініп, бауырлас елді аралап келдім. Сол саяхатым менің өмірімнің өзгеруіне өзгеше әсер етті. Себебі сонда басқа саяхатшылармен танысып, менің саяхатқа, жалпы өмірге деген көзқарасым өзгеріп, бойымдағы бұрынғы стереотиптерім өзгерді. Мен оған дейін саяхатты «Арнайы туристік агенттік арқылы, жайлы қонақ үйде, бес мезгіл тамақ, хауызда шомылу, әртүрлі белгіленген кесте» деп білетінмін. Сол ойым өзгерді, — дейді Дәулет Мүрсал.

Өзбекстаннан үлкен өзгеріспен оралған Дәулет саяхатты жалғастыруды шешеді. 2019 жылы жанына бөлесін ертіп, Қырғызстанға «автостоппен» саяхатқа шығады.

— «Автостоп» — жол бойы көліктерге тегін мініп, діттеген жеріне жету. Мұны ол кезде біздің елдің жүргізушілері таңсық көрді. Сөйтіп «автостоппен» екі апта Қырғызстанды аралап, әрі қарай Маңғыстауға барып қайттық. Осыдан кейін менің саяхатқа деген қызығушылығым арта түсті, — дейді Дәулет Сәкенұлы.

Жеңіл көлікпен де ел аралауға болады…

Алғашқы саяхатты жеңіл көлікпен бастаған жас отбасы өздері жүріп өткен жолдар мен сол сапар туралы былай деді:

  • — Отау құрғаннан кейін жұбайым Карина екеуіміз Ақмола облысындағы туристік жерлерді аралап шықтық. Одан кейін Қазақстанды түгел араладық. Осыдан екі жыл бұрын Хромтауға қоныс аударып, Ақтөбе облысын аралап шықтық. Одан бөлек көлікпен Өзбекстанға барып, Ташкенттен кіріп, Мойнаққа дейінгі аралықты көзімізбен көріп, керемет әсер алып келдік. Былтыр наурыз айында біз Атыраудан Грузияға ұшып бардық. Грузияда «автостоппен» жүрдік, бір апта болдық. Сол жылдың шілдесінде біз Маңғыстауға жеңіл автокөлікпен барып келдік. Жеңіл көліктің өзіндік қиындығы болды, содан екі жарым жыл армандап жүрген автоүйге қол жеткіздік. Мұның бәрі отбасымыздағы ауызбіршілік пен мәміленің арқасы. Біз жас уақытымызда әлемді аралап, саяхатқа уақыт бөлуді жөн санаймыз, — дейді отағасы Дәулет.

 

Автоүйдің әсері

  • — Автоүйге қол жеткізіп, саяхатқа шығу өте әсерлі болады. Біз жеңіл көлікпен де саяхаттадық. Осы тұста автоүйдің артықшылығын айтып берейін. Ол жерде өзің барғың келген, көргің келген жерлерде асықпай қыдыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар желдеткіші, аяғыңды созып жататын төсегі, басқа да қажетті құрал-жабдықтары болғасын, саяхатқа қолайлы. Ерекшелігі де — осында. Бізде автоүймен саяхаттау әлі кенже қалып келеді. Бұл — өзге елдерде нағыз саяхатқа айналған тәсіл, — дейді саяхатшы.

Қазір саяхатшы жас отбасы өздерінің автоүйлерімен саяхаттап жүр.

— Жұбайым екеуміз отбасылық жылдардың алғашқы кезеңін саяхатқа арнаймыз деп шештік. Күні-түні жол жүріп, әртүрлі елдерді, адамдарды кездестіреміз. Сан қилы табиғат, алуан түрлі тарихпен танысамыз. Саяхатшы достарымыз да көп. Отбасындағы береке — түсіністікте. Сонда ғана мықты отбасы болуға болады. Біз баланы жоспарлауға саналы түрде келіп жатырмыз. Отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында өзіміз үшін өмір сүреміз, аяққа тұрамыз деп шештік, — дейді кейіпкеріміз.

\

Саяхаттау үшін дәулетті болу маңызды емес…

Осылай санайтын Мүрсалдар отбасы саяхатқа шыққанда көп қаржы жұмсамауға тырысады. Дәулеттің айтуынша, өткен жылы Түркияға барып, 22 күн бойы алып мемлекттің аумағын аралап, тұмса табиғатын көріп, тарихи жауһарларында болғанда, екі адамға небәрі 470 мың теңге жұмсапты. Ал ол жерлерге туристік агенттік арқылы саяхаттайтындар бұдан екі-үш есе қаржы жұмсайтын көрінеді.

—  Жақында Дағыстанда болдық. Екі адамға бір апталық саяхатқа отбасылық бюджеттен 100 мың теңге қаржы жұмсалды. Ал туристер үшін бұл жерлерді тамашалау адам басына 150 мың теңгеден басталады, — деді.

 

Қызықты естеліктер, шытырман оқиғалар

«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген көнеден қалған тәмсіл бар. Қазақстанды ғана емес, шет елдерді де аралап үлгерген жас отбасынан саяхаттағы жақсы естеліктер мен шытырман оқиғалар туралы сұрадық.

—  Саяхатта түрлі оқиғаларды бастан өткізесің. Өткен жылы Түркияға саяхат жасаған кезімізде, біз отбасылық достар таптық. Оқиға былай болды. Жолда мен бір автоүйді суретке түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктедім. Сосын маған бір түрік жігіттен «бұл менің автоүйім» деген хат келді. Есімі Хүсейн екен. Сосын екеуміз солай тіл табысып, әлеуметтік желілер арқылы хат алмастық. Кейін біз Каподокияға барып келгеннен кейін Жерорта теңізіне қарай түсетін тұста «Тарсустан шықтық» деп әлеуметтік желіге ақпарат салдым. Әлгіндегі түрік жігіт: «Тарсустан 100 шақырым жердегі Аданада тұрамын. Маған қонақ болып кетіңіздер», — деген хат алдым. Біз көп ойланбай, сол кісіге қарай атбасын бұрдық. Ол бізді құшақ жая қарсы алды. Өзінің шағын бизнесі бар, қарапайым, ата-анасымен бірге тұрады екен. Отбасымен таныстырды. Мейрамханаға апарып қонақ етіп, үйіне қондырып, ертесіне бізді жолға шығарып салды. Онымен әлі күнге хат-хабар алысып, байланыстамыз. Міне, саяхаттың себебімен біз осындай керемет отбасылық достар таптық, — деп Дәулет ерекше оқиғаны керемет көңіл-күймен айтып берді.

Дәулет мұндай қызықты оқиғаларды көптеп айтуға дайын. Ол саяхат барысындағы шытырман оқиғалар мен кездескен қиындықтар туралы да айтты.

—  Шытырман оқиғалар шетелде көп болған жоқ. Қарағанды жағындағы Қарқаралыға сапарымызда біз тауға шықтық. Жұбайым екеуміз таудың шыңына жету үшін алты сағаттан астам жол жүрдік. Тау басына жетіп, әдеттегідей суретке түсіп, аралап болғанда, кеш қарайып қалды. Біз қайтар жолды қысқарту мақсатында басқа жолмен төменге түстік. Содан тауда адасып, он екі сағаттан кейін ғана көлігімізге қарай бардық. Ол кезде уақыт түнгі екілер шамасы болатын, сол қауіпті болды. Бұл орайда тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Ташкентте жататын жер таба алмай, автотұрақта ұйықтадық. Сол кезде полиция келіп бізді учаскіге алып кетті. Айыппұл толтырып, машинадағы пышаққа тиісіп, түсініктеме жаздыртып, саяхатымыздың екі үш сағаты полиция бөлімшесінде өткен еді, — дейді саяхатшы Дәулет.

Психоэмоцияналдық тұрғыда Маңғыстауға саяхат жасаған сапары ауыр болғанын Дәулет былай еске алады.

— Маңғыстауға төрт күнде жеңіл автокөлікпен барып келуді жоспарладық. Хромтаудан 1 400 шақырым жолды еңсеріп, Ақтауға теңізге бардық. Бір күн сонда аялдадық. Одан әрі Божырға барып, бір күн сонда қондық. Бұл саяхаттың ауырлығы ауа райына байланысты болды. Себебі далада 45 градус ыстық болды. Ал көлікте желдеткіш жоқ. Әрі уақыт тығыздығы тағы бар. Біз жолда ұйықтамай барып келдік. Сол саяхат қиындығымен есте қалды.

 

Туризім неге кенжелеп тұр?

—  Біз ел аймақтарын және шетелді қолымыздан келгенше аралап, көріп жүрміз. Саяхатшы ретінде мен біздегі туризімнің дамуы бойынша мынадай мәселелерді байқадым. Біз жолдан туристерді көп кездестіреміз. Алайда олар Қазақстанның үстінен өтіп кетеді. Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолияға барады. Оларды Қазақстан көп қызықтырмайды. Оның да бірнеше өзіндік себебі бар. Бірншіден, Қазақстан өте үлкен, мыңдаған шақырым Бетпақдаламен жүресің, турист тартар ештеңе жоқ. Екіншіден, бұл — сервистің нашарлығы. Жолдар нашар, барсаң аялдайтын әжетхана жоқ. Сол жағы туристерді қызықтырмайды. Мәселен, Атырау-Астрахань арасындағы жолмен күніне он шақты турист жүреді. Автоүйлермен, мотоциклдермен неше түрлі Еуропадан туристер келеді. Бірақ оларға кеденнен ешқандай таныстыру брошюралары немесе туристік жерлер туралы мағлұмат берілмейді. Сондықтан олар тікелей Маңғыстау, Бейнеумен Өзбекстанға кіреді немесе Ақтөбе, Шымкент арқылы Қырғызстан, Өзбекстанға барады, — дейді саяхатшы.

Дәулеттің айтуынша, туристік әлеуетті арттырудың басты шешімі — ең алдымен жолдарды жақсартып, сервисті дұрыстау.

— Хромтау — халықаралық маңызға ие күре жолдың бойында орналасқан аудан. Сол мүмкіндікті пайдаланып, Түркиядағыдай «Керуен» саябағын жасауға болады. Ол жақта тегін мемлекеттік «Керуен» саябақтары бар. Бұл — автоүймен, мотоциклмен, түрлі транзитпен саяхаттаушыларға арналған жер. Туристер үшін мұндай жерлерде ақысыз аялдауға жағдай жасалған. Яғни, электр қуатын пайдаланып, таза ауызсу, әжетхана, жуынатын орынды тегін қолдануға, тіпті киімдерін жуып алуға да жағдай жасалған. Біз Хромтауда Испания, Франция, Германиядан келген туристерді қарсы алдық. Олар «Еуразия» медициналық орталығының көлік тұрағына аялдады. Егер бізде қызмет көрсету сервистері жақсы болса, олар да аялдап, туристік әлеуетіміз көтерілер еді, — деді Дәулет.

 

«Еркін қазақ» саяхатты насихаттайды

Дәулет Сәкенұлы саяхатшы ғана емес, ол саяхатты насихаттау мақсатында арнайы блок жүргізеді. Жұбайы екеуінің саяхаттары туралы «Еркін қазақ» ютуб арнасында саяхаттар туралы мол мағлұматтар жазып жүр.

— «Еркін қазақ» блогын қазақтар арасында саяхатты насихаттау мақсатында жүргіземін. 2019 жылы біз Қырғызстанға автостоппен бара жатқан кезде қазақтардың көбінің «еркін саяхаттың» не екендігін түсінбейтініне көзіміз жетті. Бізді жолда алып кеткен жүргізушілердің бірінші сұрағы «Жұмыс қайда?», «Еріккеннің ермегі», «Олай саяхат жасау ақылға қонымсыз» деген секілді сауалдар еді. Сондықтан мен ата-бабасы көшпенді болған, өздері бұл салтты ұмытқан замандастарыма саяхатты насихаттаймын деп шештім. Енді ғана адамдардың саяхат жайында түсінігі өзгеріп, көбірек сапарға шыққылары келеді. Сондықтан өз бейнежазбаларымда саяхаттағы қызықты жайттарды, керек-жарақтармен, қажетті заттарды, жалпы жолда жүруді, саяхатты насихаттаймыз. Блокты толықтай өзіміз түсіреміз. Ешқандай кәсіби маман мен құрал-жабдықтар жоқ. Қолымыздағы телефонмен түсіріп, өзіміз монтаждап саламыз. Блокты үш жарым жылдан бері жүргізіп келеміз. «Еркін қазақ» қазақша блогы халыққа еркін саяхатты насихаттайды, — деді саяхатшы жігіт.

Ел аралап, жер көру адамның тұлғалық дамуына, ой-өрісінің кеңейіп, көкжиігінің ашылуына зор ықпал етеді.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

1 пікір

Миргул 06.06.2024 at 17:45

Керемет әрдайым ақ жол.

Reply

ПІКІР ЖАЗУ